университеттің аялдамасында тұрмын. оқушылар қаңтар ұбтсынан шыққан сыңайлы. қасымдағы оқушы еңкілдеп жылап тұр. телефонның арғы жағында «балыңды көтер. мына балмен сен өзі грантқа түсе аласың ба?» деген сауал қойылды.
телефондағы сол дауыс балды ғана емес, баланың үмітін де өлшеді, білем.
бірақ дәл қазір оған болашақ емес, осы сәт ауыр болып тұрған шығар.
ата-анам менен ештеңе талап етпейтін. «жұрттың қызы осыншама балл алды, сен неге алмайсың?» деп табаламайтын. «басың бар, алып шығасың» деп қолдау білдіретін. мейлі жоғары ал, төмен ал адамға алдымен қолдау маңызды.
өзім қалаған мамандыққа түстім. өзім ұнатқан пәнді таңдадым. қаңтардан да, наурыздан да жақсы балл жинадым. соңғы негізгі тесттен 114 алдым. бұл біреуге аз, біреуге көп. жеке өзім үшін аз балл болды. ешқандай курсқа қатыспадым. жеке сабақ алмадым. тек өзімнің білгеніммен, басымның жеткен жеріне дейін жауап бердім.
тиісінше грантқа түспей қалдым. арманым—Астана, Алматы болды. қабылдауда отырған қыз Қызылорданы жаз деп үгіттей бастады. өз қаламдағы университетке түскім келмеді. соңында үйдегілер «уайымдама, оқытамыз. сені оқытпай не көрініпті? арманың Абай ма, болды, соған тапсырамыз» деп жұбатып жатты. отбасыма ақылы оқып күш салғым келмеді. жан-жақты қарастырып, әкім, ректор не грант бар бәріне ұрына бастадым. ұбт тапсырмай тұрып, өзімде Ақтау қаласына грант болды. ол жаққа қыздарын жіберуге үйдегілер қорықты.
соңында таңдауымыз—ХҚТУ болды. Түркістан. қала алғаш қадам басқан сәттен бастап тартпады. тартпауы да орынды еді. «құрғыр, он бір жыл оқып, енді осы жақта білім аламын ба?» деген сұрақ миымда қаптай бастады.
оның үстіне, алғашқы жыл Кентауда оқитынымды білгенде бұл шешім мен үшін тіптен ауыр болды. бар ойым – кету. бір жыл үзіліс алып, қайта тест тапсыру. осылайша бір семестрді әрең аяқтадым.
жаңа жыл. өткен күннің есігін жауып, жанұямның жанында риясыз үйде шай ішіп отырмыз. телефоныма жылт етіп хабарламалар келе берді. ашып қарасам, «Ақнұр, сен грантқа түскен шығарсың, тестцентрді қарашы» деп досым жазыпты. ақылы оқитын еді, өзі де грантқа түсіпті. қобалжып сайтты аштым.
шүкір, гранттамын! Алматы! арман болған қара шаңырақ–ҚазҰУым! жазда сұрамаған сүйіншіні қыста сұрап мәре-сәре болып, тойлап жатырмыз. қуаныштымыз! сүйтсем Түркістанда оқыған группаластарымның тең жартысы қайта грантқа түсіп, бірі Астанаға, бірі Алматыға келіп, тағы да группалас болдық.
содан бері осы нығметті маған берген, сол сезімді сезіндіргені үшін Аллаға сансыз шүкір етіп, жақсы оқуға тырыстым. шәкіртақы алып, одан бөлек повышкаға ілініп, ғылыми жобаларды қорғап жақсы қарқынмен міне биыл оқуды тәмамдайды екенмін.
жақын құрбы таптым. орта таптым.
кейде грантқа түспей қалғаным үшін күпірлік қылып, Раббыма ренжіген сәттерімді есіме алсам, біртүрлі күйге түсемін.
ал қазір сол кезде жасаған дұғаларымның ішінде ғұмыр кешіп жүрмін.
қазіргі дұғаларым—менің болашағым болары хақ.
бүгін жылап тұрған түлек, есіңде болсын: бір күні дәл осы сәтті еске алып, «мен сол қиындыққа берілмедім, алға ұмтылдым» деп өзіңе риза болатын күнің келеді.
өзің қалаған өмірді өзің жасайсың.
ҰБТ – өміріңіздің басты сынағы емес.
ол – тек бір сәт, бір кезең ғана. бүгін алған нәтижеңіз болашағыңызды толық анықтап бермейді. бір сәтсіздік – сіздің жолыңыздың тұйықталғанын білдірмейді.
ертең университетке түскенде ұбт-дан жоғары балл алып, бірақ сабағын қарық қылып оқи алмай, не лекцияға не семинарға келмей, оқудан шығып кетуге шақ қалып, жайбарақат жүретін студентті көргенде өзің де қайран қаласың…
ҰБТ – бәрін шешетін соңғы нүкте емес, жаңа бастаманың үтірі ғана.
жол әрдайым бар.
ең бастысы – алға жүруді тоқтатпау. жолдан шықпау.
ал сол жолда жаныңдағы серіктерің де маңызды.