Жетес бидің тоқтамы
Төле би тоғыз жасында сексенге келіп отырған Жетес биді іздеп келеді. Екі-үш күн қонақ болған соң, Төле би қайта еліне жүрмек болғанда, Жетес би оған бата береді. Сөзінің соңында:
– Балам, басқа бұйымтайыңды айта отыр. Бата басқа бітер, қына тасқа бітер. Жолға шығып өкінбе, ақылың болса төгілме, атамда бір сөз қалды деп түкірме. Тағы немді қаладың? – дейді. Сонда Төле би:
– О, қасиетті ата! Ат берсеңіз – өліп қалады, тон берсеңіз – тозып қалады. Онан да өлмейтін, тозбайтын тағы бір бұйымтайымды айтайын, – дейді.
Жетес би:
– Әп, бәрекелде!.. Айта бер! – дейді.
Сонда Төле би:
– Әр он жастың арасын бір белес десек, соны неге ұйғарып, неге баладыңыз?
Жетес би:
– Онға келдім, – ойнадым, қызығына тоймадым. Жиырмаға жеттім – бойладым, онда да балалықты қоймадым. Есейе келе жақсы сөзге сүйіндім, жаман сөзге күйіндім, барымды бойға киіндім, сұлу қыз-келіншектерге шүйілдім, жауларыма түйілдім. Отызға келдім – алтайы қызыл түлкі болдым: қыран бүркітке алдырмадым, құмай тазыға шалдырмадым, қатар құрбының көңілін қалдырмадым. Қырыққа келдім – арғымақтай аңқылдадым, тау тағысындай саңқылдадым, ақ алмастай жарқылдадым, құз қыранындай шаңқылдадым, барымды жоқ деп сарқылмадым. Елуге келдім – биік қырға шықтым, арғы жағының алыс-жақынын байқамадым, дәулетімді шайқамадым. Алпысқа келдім – алты тарау жолға түстім; қайсысының алыс-жақынын білмедім. Жетпіске келдім – жеңілгенімді білдім, бала мен келінге билігімді бердім, айтқанына көндім, айдауына жүрдім. Сексенге келдім – оң жағым от, сол жағым су, алдым жар, артым құз; қалай қозғалсам да тірлік деп біле алмадым, – депті.