Қызыл диплом VS жалған мақтаныш: білімнің шын бағасы қайда?
Ұстаз болу – қасиет. Бірақ бүгінде бұл қасиет қағаздың бетіндегі бағаға қарап өлшенетін болды. Қызыл диплом алып, қара тақтаның алдына шыққан сәтте-ақ, кейбіреулердің білімсіздігі, мамандыққа деген немқұрайдылығы ап-анық көрінеді. Өзі оқымаған, кітап түбін түсірмеген, бір түнін білімге қиып көрмеген адамның шәкіртке не үйретері бар?
Танысын жағалап, телефоны шырылдап, «аға», «апа» деп жалбарынып, бірдеңе тықпаламаса, емтиханнан өте алмайтындар ертең балаға білім беремін дейді. Ақшамен сессиясын «жапқан», кітаптың емес, қалтаның қалыңдығымен баға алған адам ертең «шәкірт тәрбиелеймін» деп шыға келеді. Оқымаған, бірақ «оқыған» болып шыққандар ұстазға айналады. Ұстаз болу – ол үшін еңбек емес, жай ғана өмір сүрудің амалы, диплом алу – биікке апарар баспалдақ емес, тек атаққа жетудің жолы ғана.
Қызыл дипломды біліммен емес, беделмен алғандар ертең балаға не береді? Ең алдымен, өтірікті үйретеді [1]. Өйткені өзі оқымағанын білген соң, алдаудан басқа амалы қалмайды. Одан кейін жалқаулыққа баулиды [2]. Себебі еңбектің қадірін білмеген, маңдай тердің дәмін татпаған. Ақырында, надандыққа бастайды [3]. Өйткені нағыз ұстаз емес, тек атақ қуған, қағаз қуған біреу ғана.
Ең сорақысы, ертең олар расымен, ойлашы, расымен шәкірт тәрбиелемек. Білім бермек. Үйретпек. Бірақ не береді? Өзі оқымаған адам шәкіртке не үйретеді? Сабақ сұраса, сабырсызданып, қосымша сұрақ қойса, қабағы түсіп, білмейтінін бүркемелеп, әйтеуір уақыт өткізіп шығатын адам болмасына кім кепіл?
Ал шын ұстаздар қайда? Түн ұйқысын қиып, таң атқанша оқығандар, білімге адал болғандар, шын қызылдың иелері қайда? Олар сабағына дайындықсыз кірмейді. Олардың алдында оқушының жүзі жерге қарамайды. Олар білім беруге емес, үйретуге келеді. Себебі ұстаздық – олар үшін тек жұмыс емес, қасиетті міндет.
Сонда жалған қызылдың иесі қалай солармен бір қатарда тұрады? Қалай шәкіртке ақыл айтып, адалдыққа баулиды? Оған қандай беті, қандай ары жетеді? Бір дүние айтайын—мақтанқұмарлық және әділетсіз алған “қызылдан” абыройыңды сақтап алған “көгің” артық.
Осындайлармен жолымыз бір кемеде тоғысып қалмасын! Ертең балаларымыз дәл солардан білім алмасын. Себебі білімсіз дәрігер бір адамды өлтіреді, ал білімсіз ұстаз – тұтас қоғамды құрдымға сүйрейді.