XVIII ғасырдың соңын ала Кіші жүздің көптеген руы Жайықтан арғы алап пен Еділ бойы сияқты атақонысына тұяқ тигізуге зар болады. Табын, Тама, Жағалбайлы сияқты рулардың біраз бөлігі Орта жүздің ханы Абылайға салмақ салып, Сарыарқаға көшіп кетеді. Осы кезде Үстірт үстіне қарай ығысқан қалың Адай тайпасы ХІХ ғасырдың бас кезінде Маңғыстау түбегіне деңдей орнығады. Мұндай қыспақты бір жағы Иран шахынан, екінші жағы Ресей патшалығынан түрікмендер де көреді. Сөйтіп, тағдыр тауқыметі қазақтар мен түрікмендерді Үстірт үстінде тоқайластырады. Шыңырау құдықтың бір жұтым суы ағайын екі елді алакөз етеді.
Осындай бір қырбай шақ болса керек. Бірде жоқ қарап жүрген Абыл күйші түрікмендердің қолына түсіп қалады. Саны көп, күші басым түрікмендер Абылды сөзге келтірмей, сарт-сұрт қағып, қолын артына байлап, атқа көлденең салады.
Бұл кезде ауыл иесінің үйінде қонақтар бар екен. Қазақтың қолға түскенін естігенде даурыға гу-гулесіп, «алып кел, көрейік» дейді. Кешікпей-ақ қолы артына байланған Абыл үйге кіріп, босағаға тізе бүгеді. Түрікмендер алғашқыда Абылды келекелеп, қазақтарды бірауыз қыжырта сөз етіп алады. Содан бірте-бірте басқа әңгімеге ойысып, тіптен орталарында тұтқын қазақтың отырғанын да ұмытып кетеді.
Абыл көз қиығын салып қараса, төрде екі жағына ұстара жанығандай бір қара сұр жігіт ағасы есіп әңгіме соғып отыр дейді. Қазақ арасында болғанын, небір дүлдүл күйшілермен күй сайысқа түскенін, тіпті қазақ-түрікменге аты жайылып кеткен Абыл күйшінің өзін көргенін айтады. Отырған жұрт: «Апыр-ай, Абылдың өзін көрдім дейсіз бе?» – деп таңырқаса, әлгі қара сұр одан сайын лепіріп: «Көргенің не, өз қолынан күй үйрендім», – деп соғады. Абыл болса орайлы сәтті күтіп, үн-түнсіз босаға жақта отырып, әңгімені одан әрі тыңдайды.
Бір кезде әлгі қара сұр «Абылдың сондағы тартқан күйі еді», – деп бір күйді бастайды. Осы кезде босағада отырған Абыл күйші әбден төзімі таусылып, мінез көрсетеді. Дутарды төпеп отырған қара сұрға: «Әй, бақшы», – дейді, – «Абыл олай тартпайды, тоқтат басты ауыртпай!» – дейді.
«Ұрының арты қуыс» дегендей, қара сұр сап тиылады. Үйдегілер ошарыла бұрыла Абылға қарайды. Содан соң, о жер, бұ жерден «Е, сен қайдан білесің?», «Абылды танушы ма едің?», «Осының өзі күйші болып жүрмесін?» деген дабыр сөз естіле бастайды.
Сонда үй иесі өмір көрген, бір орнықты адам болса керек, «Жә, шуламаңдар, бұл қазақтың қолын шешіңдер, Абылдың қалай тартатынын өзі көрсетсін!» дейді.
Абыл аз-кем қолын жазып, дутарды алады да, құлақ күйін келтіре бастайды. Дутардың ішегі шаңылтырланып шертіп тұр екен, босата бұрап, үйірінен адасқан сыңар қаздың үніндей қоңыраулатып алады да, қаға жөнеледі.
Күй бітеді. Жай бітпейді, үйдегілердің еңсесін басып, тәубесіне келтіріп, мына дүние тіршіліктің алдын-артын ала қанға салғандай көз алдына келтіріп тынады. Онымен де қоймайды, түйінін өзі шешіп, байлауын өзі айтып тастағандай.
Түрікмендер өзгеге тоқтамаса да, күйге тоқтайды. Күй тілін түсініп, күйге күңіреніп, күйге жұбана алатын ел. Отырғандар тұғжыңдап төмен қарайды. Бетке шіркеу, беделге көлеңке түсетін бір іс жасап алып, тығырыққа тірелгендей. Үнсіздікті үй иесі бұзады: «Жарқыным, осы сен Абылдың өзі болмасаң игі еді?» дейді. Абыл: «Болсақ болармыз», – деп сабырмен тіл қатады.
Осыдан кейін-ақ Абыл күйшінің иығына шапан жауып, жарылып төрден орын береді. Содан соң үй иесі: «Ал шырағым Абыл, көңіл кірі айтса кетеді деген, сөйлет домбыраңды», – дейді. Сол күні шер тарқайтындай күй тартылады. Одан ары адайлар мен түрікмендер арасындағы кикілжің ұмыт болып, ағайын елдің дәм-тұзы жарасады.
«Абыл» күйі туралы осындай әңгіме адай мен түрікмен арасында күні бүгінге дейін айтылады.
Бізбен бірге бол →
@history_of_kui"Темір нарком" атанған Темірбек Жүргенов жайлы жазғанымызды
оқи отырыңызАбылдың күйін тартушы Елдос Еміл ⤵️