🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ


Channel's geo and language: Kazakhstan, Kazakh
Category: Economics


Қаржылық сауатымызды бірге жетілдірейік!
Сайт: www.qsauat.kz
®️Кері байланысқа: @QSauatBot
📌 Пайдалы ақпараттар
📌 Сарапшылар пікірі
📌 Қаржыгерлер кеңесі
📌 Ресми статистика
📌 Сенімді дерек
📌 Сауалнама

Related channels  |  Similar channels

Channel's geo and language
Kazakhstan, Kazakh
Category
Economics
Statistics
Posts filter


6 мың теңгеден басталатын билеттер

FlyArystan әуе компаниясында осындай акция жүріп жатыр.

Бір күн ішінде ішкі және халықаралық рейстерге арналған билеттерді арзан бағаға сатып алуға болады.

Акция тура бір күнге созылады — 26 қыркүйек сағат 15.00-ден 27 қыркүйек 15.00-ге дейін.

Бүкіл Қазақстан бойынша билет бағасы 6 мың теңгеден, ал халықаралық рейстердің билеті 24 мың теңгеден басталады.

Бұл билеттер тек 2024 жылғы 1 қараша мен 31 желтоқсан аралығында орындалатын рейстерге сатылады.

Билет бағасына борттан кездейсоқ орын және салмағы 5 кг-нан аспайтын қол жүгі кіреді.

https://t.me/qarzhylyq_sauat


Зейнетке шыққан соң қанша зейнетақы алғың келеді?

«Қыстың қамын жаз ойла» дегендей, оны қазірден ойлап қою керек екен. Иә, күні ертең қанша зейнетақы алғың келетіні – сенің бүгінгі шешімің мен қазіргі әрекетіңе тікелей байланысты болып шықты. Өткенде ORDA FM радиосындағы «Қаржылық сауат» хабарына «БЖЗҚ» АҚ өкілін шақырғанбыз. Астана қаласындағы филиал директоры Мұрат Шәріпов мырза көзімізді ашып, келешек зейнетақымызды бүгіннен жоспарлау керек екенін айтып кетті.

«Өй, мемлекеттің бергенін алармыз, не өзгерер дейсің, ертең қанша пенсия алатыным – қазіргі айлық табысқа байланысты ғой» деп ойлайтын болсаңыз – ҚАТЕЛЕСЕСІЗ. Өйткені зейнетақы шотымызда жиналып жатқан жинақтарымыздың ТЕҢ ЖАРТЫСЫН біз инвестициялық портфельді басқарушы жеке компанияларға бере аламыз! Жалпы, мұндай мүмкіндік былтыр беріліп қойған. Бірақ, сезуімше, көп адам бұл іске келгенде әлі енжарлық танытып жүр. Ал, оның пайдасын түсінген жұрт жинағының жартысын қазірден жеке компанияларға тапсырып қойып жатыр.

«Соңғы 1 жылдың қорытындысы бойынша, инвестициялық компаниялардың кейбірінің табысы Ұлттық банктің басқаруынан жоғары болып тұр. Жалпы, Ұлттық банк зейнетақы жинақтарын біраз жылдан бері басқарып келе жатыр. Портфель – үлкен. Мысалы, 5 жылға салып қойған құнды қағаздар болса, ол қағаз жабылғанша күтеді. Ал басқарушы компаниялар ақшаларды бүгінгі нарықтың талабымен инвестициялап жатыр. Олардың өз стратегиясы бар. Жоспарлары да заманауи. Сол себепті ол компаниялардың инвестициялық кірісі де жоғары болып тұр» дейді «БЖЗҚ» АҚ өкілі Мұрат Шәріпов.

Енді СЕНІМ туралы. Жекенің қолына ақшамызды қалай беріп қоямыз деген ой тууы мүмкін кез келген адамда. Оны да сұрадық. Сол кезде спикердің жауабы былай болды:

«Азаматтардың жекеменшік компанияға деген қорқынышы болады. Бірақ, біз нарықтық экономикаға көштік қой. Жекеменшік компаниялардың өзі кейде мемлекеттік компаниялардан да асып түсіп жатады. Сондықтан бұдан қорқудың қажеті жоқ. Өйткені Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бар. Осы Агенттіктің қадағалауымен инвест-портфельді басқарушы компаниялар лицензия алады. Және ол компаниялардың нарықта қызмет еткен тәжірибесі көп. Ол да есептеледі. Егер ол компаниялар біздің зейнетақы жинағымызды басқару кезінде шығынға бататын болса, онда өздерінің жеке капиталымен жауап береді. Ондай жауапкершілік келісімшартта жазылған.»

Енді компаниялар туралы. Кімдер олар? Неше компания бар? Біз ол жайында бұған дейін де жазғанбыз. Ол жайында «Қазақстандықтар зейнетақы жинағын өз бетінше басқара алады» атты материалымызда оқи аласыз – https://t.me/qarzhylyq_sauat/51

Бұл тақырыптан не түсіндік? Спикер Мұрат Шәріповтің айтуынша, азаматтың өз зейнетақысын жастай жоспарлауы – дүниежүзілік тренд. Қазақстан да соған келе жатыр. Яғни, сіз бен біз жинақ шотымыздағы зейнетақымыздың бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға беріп, табысымызды арттыра аламыз деген сөз. Және оны кейінге қалдыра берудің де жөні жоқ секілді. Соны қазір қолға алып, инвестициялық басқарушы компанияның біріне ақшамызды салып қойсақ, болашақ зейнетақымызды көбейтуге мүмкіндік алады екенбіз.

Ең бастысы, әр азамат өз бетінше шешім қабылдауы керек. Егер жинағының бір бөлігін жеке компанияның біріне беруге ниет етсе, ол туралы ізденіп, оқып, салыстырып, инвест-табысын талдап, сосын барып шешім қабылдауы керек. Айтпақшы, жақында ғана naryk.kz порталында «Зейнетақы активтерін басқаруда биыл қай компания көшбасшы?» деген материал жарық көрді. Оған да көз салып қоюға болады.

Иә, қызық болса айта отырайын, мен де бүгін enpf.kz сайтында жинағымның бір бөлігін басқарушы компанияға беруге өтініш жолдап қойдым. Ешқайда барудың қажеті жоқ екен. ЭЦҚ арқылы өз жеке кабинетіме кіріп, «Қызметтер» бөліміне өтіп, өзіме қатысты жеке адрестік деректерді өңдеп/түзетіп/жаңартып, компанияның бірін таңдап, оған қанша ақшамды беретінімді көрсетіп, өтінім бердім.

Енді 1 жыл жұмысын сырттай бақылам көремін. Егер ол компанияның табысы мардымсыз болса, онда басқа компанияға ауыстыруға өтініш берем, болмаса, сол, әдеттегі, Ұлттық банктің басқаруына қайтарып алам. Оған толық мүмкіндік бар.


https://t.me/qarzhylyq_sauat


«Антифрод орталығы» сіз бен бізді алаяқтан қалай қорғайды?

Алаяқтар заманға қалай тез бейімделеді? Алдауды қалай үйреніп, технологияның тілін қайдан меңгереді? Кімдер олар? Қалай қорғанамыз? «Антифрод орталығы» біздің құтқарушымыз ба?

Ұлттық банк шілде айында «Антифрод орталығын» іске қосқанын жаздық. Бұл орталықты қалай елестетуге болады? Ол ұйым ба, мекеме ме? Қайда орналасқан? Әлде компьютермен жабдықталған серверлік орталық па? Қалай жұмыс істейді? Алаяқтық әрекеттерді қалай анықтайды? Бізді қалай қорғайды?

ORDA FM радиосында апта сайын тұрақты шығып тұратын «Қаржылық сауат» хабарына Ұлттық банктің баспасөз хатшысы Асан Ахметжанды шақырып, осы сұрақтарды қойғанбыз. Біліп жүретін біраз пайдалы мағлұмат алдық. Сол әңгімемізді «қағазға түсіріп», сіздің де назарға ұсына отырайық деп шештік.

Ұлттық банк өкілінен «Антифрод орталығы» қандай да бір транзакцияның күдікті операция екенін қалай тануы мүмкін деп сұрағанбыз. Жауабы былай болды:

– Мысалы, бір зейнеткерді алайық. Банктік есепшоты бар, карточкасы бар. Оған ай сайын зейнетақысы түсіп тұрады. 100 мың теңге дейік. Сол ақшасынан 30-40 мың теңгені зейнеткер ай сайын тамағына жұмсайды. 10 мың теңгесін депозитіне аударып отырады. 20 мың теңгесін коммуналдық төлемдерге аударады. Қалған ақшасын анда-мұнда жаратып отырады. Осы есепшот арқылы ақшаның бір айдағы айналымы 100 мың теңге көлемінде екенін банк те көріп тұрады. Енді қараңыз, сол есепшоттан бір мезетте бәленбай миллион ақша кредит рәсімделіп, ол басқа бір шотқа аударылып жатса, әрине, бұл күдік туғызады. Неліктен жылдар бойы шоттағы «қозғалыс» қалыпты болды да, ондағы ақша айналымы бір мезетте артып, «тып-тыныш» жүрген зейнеткер белсенді болып кетті? Күдікті күшейтетін жағдай. Міне, осы мәселелер толық анықталғанша, құзырлы органдар бұл операцияны уақытша болса да бұғаттап қояды. Сол кезде есепшотқа түскен ақшаны ешкім шешіп ала алмайды.

Сұхбаттың толық нұқасын «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» жобасының өз сайтынан оқып шығуға болады — https://qsauat.kz/2024/09/19/antifrod-ortalygy-alaiaqtan-qalai-qorgaidy/

@qarzhylyq_sauat


Біріккен Ұлттар Ұйымы Ұлыбританияға жұмысқа кеткен қазақстандықтардың алаяқтарға алданып қалғанын қаламайды

Сол үшін алаяқтардан қалай қорғану керегін түсіндіріп беруге ықылас танытып отыр екен. Себебі, әдетте, «өтірік» жұмысқа орналастыру үшін жұрттан ақша талап ететін алаяқтар бар.

БҰҰ-ның миграция жөніндегі өкілі Астанадағы бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келіп, қорғану жолдарын түсіндіріп бермек.

Оларды қалай танып-білу керек? Дезинформациядан қалай сақтануға болады? Қауіпсіз жұмысқа қалай орналасқан дұрыс, оның жолын қалай таңдау керек?

Бұл шараға журналистер көбірек барғаны дұрыс. Жан-жақтан жазып, білген-түйгенін халыққа ұсынса, көп адамның көзі ашылары хақ. Өте маңызды әрі қызықты тақырып.

Қайда өтеді — Астанада
Мекенжайы — Республика даңғылы, 34
Қашан — бүгін, 19 қыркүйекте
Уақыты — 15:00.

@qarzhylyq_sauat


Студент стипендиясымен де үй алуға болады

Мұндай керемет мүмкіндікті әйелдерге арналған «Ұмай» бағдарламасы ұсынады. Бұл ипотекамен 18-ге толған кез келген статустағы әйел (бойжеткен/ана) пәтер ала алады. Және Қазақстанның кез келген қаласынан! Бұрын 4 қаламен (Астана, Алматы, Атырау, Ақтау) ғана шектелетін. Енді ондай «қолбайлау» жоқ.

Сонымен, «Ұмай» бағдарламасы 2025 жылы қайта іске қосылғалы жатыр.

Соңғы өзгерістердің «плюсін» тізіп шықсақ:

- кезекке тұрудың қажеті жоқ;
- отбасылық статусқа шектеу қойылмайды;
- кез келген жұмыс орны жарай береді;
- атыңда екі немесе үш үй болса да кедергі емес;
- адрес бойынша тіркеуде болу міндетке жатпайды;
- қаладан да, ауылдан да үй алуға болады;
- жаңа үйден де, екінші нарықтан да үй алуға болады;
- БЖЗҚ-дағы жинақ ақшаны пайдалануға болады (жинақты Otbasy шотына аудара аласыз немесе туысыңыз өз жинағын аудара алады);
- айналаңдағы кез келген адам «созаемщик» бола алады (ата-анаң, бауырың, туысың, досың/құрбың);
- СТУДЕНТ СТИПЕНДИЯСЫ ТАБЫС КӨЗІ РЕТІНДЕ ҚАРАСТЫРЫЛАДЫ.


Енді бағдарламаның шарттарын айтайық:

- 15-20% – бастапқы жарна. Ол «Отбасы» депозитінде жатуы керек;
- 2016 – үйдің салынған жылы осы мерзімнен төмен болмауы керек;
- 950 000 – табыстың максималды деңгейі (осыдан асып кетпесе болды);
- 50 000 000 – баспананың максималды құны.

Әзірге банктің 300 нөміріне қоңырау шалып, кеңесшілерді жағалап филиалдарға жүгірудің қажеті жоқ. Сізге керегі мынау, құрметті ханымдар: өз варианттарыңызды қарастырыңыз, банк шарттары ыңғайға келе ме – ойланып көру, депозитті тексеру және оны 2024 жылы толтыруды ойластыру. Қажет болса, банктің мобильді қосымшасында немесе кеңесшілерге барып депозит ашу


- деп жазады Нұрлан Ақшанов өзінің Facebook-тегі парақшасында. Бұл азамат «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.

https://t.me/qarzhylyq_sauat


Аялдамада автобус күтіп тұрған елулердегі келіншекке бір жас жігіт: «амансыз ба, қалдарыңыз қалай, ағам қалай?» деп жабыса кетеді. Алыстау бір жамағайынымның баласы ма деп келіншек «жақсы-жақсы, ағаң үйде» дегендей әңгіме айтады.

«Мені танымай тұрсыз, мен де шегараның арғы бетінен келгенмін. Бәленшенің баласымын» деп лыпылдайды. Ол бәленшені есіне түсіре алмаса да келіншек еш күдіктенбестен әлгімен ақтырала сөйлесе береді.

Әлгі бір жеке қойманы жалға алып, кәсіп бастағалы жатқанын, қарауыл болатын адам керектігін айтады. «Ағам бос болса, істесін, ақысын жемеймін» деп зуылдатады.

Сөйтіп екеуі телефон алмасады. Әлгі қу келіншектің күйеуімен кездеседі ертеңіне. Келісімшартқа отырайық деп бір нотариустың алдына жетелеп барады, бірақ ішке кіргізбей, сыртта күттіртеді. Өзі кіріп-шығып жүріп еңбек келісімшарты секілді бір қағаздарға қол қойғансиды.

Банктің мобильді қосымшасынан куәлігіңнің эл.варианты керек дейді, ойда түк жоқ, ана кісі телефонынан ашып береді, сол тұста анау осы жерден көрсете салайын деп телефонын алып нотариусқа кіріп кетеді.

Сонан жоқ, басқа есіктен шығып ізім-қайым жоғалған. Баласын танушы едім, шыр-пыр боп жүр. Бүгін барып біліп келді, банктен 1,5 млн теңге несие алып кетіпті...

(с) Есболат Айдабосын

https://t.me/qarzhylyq_sauat


Енді кредит алудан шексіз мерзімге бас тартуға болады

Бүгін eGov.kz порталы осы қызметті іске қосты. Бұған дейін 6 айға дейін ғана шектеу қоюға болатыны айтылған еді. Енді ондай уақыт қойылмайды. «Кредит алудан бас тартамын» деп өтініш беріп қоясыз, сосын нақты бір шаруаға кредит алғанша алаңсыз жүресіз. «Сыртымнан біреу кредит рәсімдеп жібермей ме екен» деп уайымдамайсыз.

Бұл – түрлі алаяқтық схемалардан қорғануға жақсы тәсіл. Бұны, әсіресе, 18-ге толған баласы бар ата-аналар ойлағаны дұрыс. Өйткені дәл осы жастан бастап Қазақстанның әр азаматы кредит ала алады.

Әдетте, бұл уақытта кәмелетке толған бала – студент. Барлығы бірдей өз мәліметтерін, жеке деректерін қорғай алмай, тіпті, алаяқтарға да алданып, сеніп қалуы мүмкін. Я болмаса, ақшалы болудың оңай жолы деп банктің, әсіресе, микроқаржы ұйымдарының проценттік ставкаларынан көп хабары жоқ болса да, өз бетінше шешім қабылдап, кредитке жүгіне беруі мүмкін. Ер балалар жағы бұзақылардың қысымымен еркінен тыс кредит алуы мүмкін. Бұның бәрі – «риск».

Енді осының бәрінің алдын алуға болады. Балаңызға немесе өз атыңызға қаскөйлер сырттай кредит рәсімдеп жібермес үшін кредит алудан бас тартып қоюға болады. Сервисті азаматтың өзі ғана пайдаланып, өтінім бере алады. Кейін бұл шектеуді кез келген уақытта алып тастауға болады.

Қызметті алу үшін:

📌 eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Кеден және салықтар» бөліміне кіресіз;
📌 тізімнен «Экономика және қаржы» бөлімін таңдап, «Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдайсыз;
📌 бос жолақтарды толтырып, ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қоясыз;
📌 қызметтің нәтижесін «Жеке кабинеттен» көре аласыз.


Шектеуді алып тастау үшін:

📌 «Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдайсыз;
📌 «Жазылудан бас тартқыңыз келе ме?» деген сұраққа «Иә» деп жауап бересіз де, ЭЦҚ-мен қол қоясыз.


https://t.me/qarzhylyq_sauat


Мына мобильді қосымшаларды телефонға орнатудан сақ болу керек!

HopToDesk, RustDesk, RUDesctop, AnyDesk, TeamViewer

Үйдегі әр адамға, жақыныңызға айтып қойыңыз. Бұл қолданбалардың барлығы құрылғыны қашықтан басқаруға мүмкіндік береді.

Мысалы, сізге бейтаныс адам қоңырау шалады: «Банктік шотыңызда «біртүрлі операциялар» жүріп жатыр, оны біздің қауіпсіздік бөлімінің мамандары тоқтата алады, ол үшін мына қосымшаларды смартфоныңызға орнату қажет болады» деуі мүмкін.

Сол кезде абдырап қалған адам «банк өкіліне» сеніп, айтқанын істеп, жоғарыда көрсетілген программалардың бірін орната салуы мүмкін. Егер сол бейтаныс адамның сұрауымен программа ұсынған кодты оған беретін болса, онда қашықта отырған алаяқ ол қосымшаның көмегімен телефоныңызды еркін шарлап шығады. Оны тіпті сіз байқамай да қаласыз.

Смартфонды олар сырттан басқарып, мобильді банкингіңізге кіріп, ішінде тұрған ақшаны басқа шотқа аударып, тіпті болмаса, сіздің атыңыздан онлайн кредит рәсімдеп жіберуі мүмкін. Сол себепті бейтаныс адамның сөзін тыңдап, істе дегенін істей бермеу керек.

Мәңгі есте сақтап қалу керек ереже мынау:

Кез келген банктің қауіпсіздік қызметі, тіпті, Ұлттық банк, Ішкі істер министрлігі, Прокуратура секілді басқа да құзырлы органдар тарапынан бізге, яғни жеке тұлғаларға қоңырау шалмайды, телефон арқылы ештеңе талап етпейді.

Алаяқтан аулақ жүретін жағыз жол бар десек, ол – ЕШУАҚЫТТА ЕШКІМГЕ СЕНБЕУ.

Жеке деректеріңіз (ЖСН, банк картасының нөмірлері, жеке куәлік мәліметтері, жеке телефоныңызға келген код) – тек СІЗДІҢ ҒАНА ҚҰПИЯ МӘЛІМЕТ болып саналады.

Оны WhatsApp, Telegram, тіпті SMS арқылы ешкімге бермей үйреніңіз!

https://t.me/qarzhylyq_sauat


Салық есебін тапсыру мерзімі 1 күнге ұзартылды

Иә, қазір декларация тапсырып үлгеру керек деп жанталасқандардың қарасы көп. Әдетте, мұндай міндетті шаруаны соңғы күндерге алып қалғанды жақсы көретін халықпыз...

Негізі, салық есебін тапсырып болу керек соңғы күн – әр жылдың 15 қыркүйегі болатын. Биыл ол дата жексенбі күнге келіп тұр.

Осыған орай Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі соңғы күн демалысқа немесе мереке күніне сәйкес келсе, мерзім автоматты түрде келесі жұмыс күніне ауыстырылатынын еске салып отыр.

Ол біздің қазіргі жағдайда – 16 қыркүйек. Бұл өзгеріс 250.00 және 270.00 формаларына қатар жүреді.

Салықты қай құралмен тапсыруға болады?

Әрине, бұның бәрі онлайн бітетін іс. Сіз бен біз үшін қолайлы бірнеше электрондық сервис бар.

Сайттан мыналар:

📌 «Салық төлеушінің кабинеті» (cabinet.kgd.gov.kz);
📌 «Электрондық үкімет» порталы (
egov.kz);

Мобильді қосымшалар:

📌 «е-Salyq Azamat»;
📌 «eGov mobile»;
📌 және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары.


Уақытында берілмеген есептің «жазасы» қандай?

❗ Декларацияны уақытында ұсынбасаңыз, алғашында салық органы тарапынан ескерту беріледі.

❗ Бұл олқылық бір жыл ішінде қайталанатын болса, айыппұл арқалайсыз. 15 АЕК, бұл – 51 750 теңге.

❗ Егер жеке тұлға бұрын ескерту алған болса, айыппұл соммасы одан әрі ескертусіз салынады.

https://t.me/qarzhylyq_sauat


Медиа-алаңда жұмыс істейтін тіс қаққан мамандардың өзі алаяқтардың сөзіне сеніп қалып жатыр

Жалпы, басымызға іс түспей, қай-қайсымыз да алаяқтыққа қатысты жазбаларға көп құлақ аса бермейміз. Құнттамаймыз. Әлеуметтік желілерде жазылса, мән бермейміз, оқымаймыз. Себебі алаяқтықтың дәл осы түріне қатысты талай жазылған, жаздық та.

Автордың жазбасын мысал ете отырып, осыған ұқсас жағдайда қалай әрекет ету керек екенін тағы айта кетуге ниет еттік.

Бірінші. «Телфон нөмірінің мерзімі өтті» деген сарындағы хабарлама – алаяқтықтың бір түрі. Мүлдем мән бермеу керек. Көп жағдайда көпшіліктің аңғал келетінін жақсы білетін әккілер осы әдіспен алдайды. Бүгін қайта тіркемесең, нөмір қызмет көрсетуін тоқтатады деген желеуді алға тартады. Мұндайды аяқ астынан естіген адам абдырап қалады да, алаяқ сұратқан деректің бәрін (мысалы, ЖСН, телефонға келген кодты) беріп қояды. Оны қолға түсірген алаяқтар өз пайдасына қолданады.

Түйін: Телефон нөмірінің мерзімі өтпейді. Бұл мәселеге қатысты мобильді оператор клиентін мазаламайды.

Екінші. Бұл жағдайда қалай әрекет ету керек?

Өткенде Ұлттық банк «Антифрод орталығын» іске қосқанын жазғанбыз. Бұл – үлкен цифрлы платформа. Оның жұмысына:

- екінші деңгейлі банктер;
- құқық қорғау органдары;
- мобильді операторлар қосылған.


Мысалы, осы жағдайда жазба авторы қызметін тұтынып жүрген мобильді оператордың Call-орталығына хабарласа алады. Алаяқпен сөйлескенін, жеке деректерін, тіпті телефонға келген кодты білместіктен беріп қойғанын айту керек.

«Антифрод» платформасының қатысушысы ретінде мобильді оператор ол туралы ақпаратты Орталыққа жеткізуге міндет алады. Сол кезде ғана алаяққа алданған адамның ЖСН нөмірімен немесе банктік шотында үлкен соммаға қатысты қандай да бір операция жүретін болса, «Антифрод орталығы» күдікті транзакцияның бәрін бұғаттайды. Сол арқылы жамандықтың алдын алуға болады.

Үшінші. Бұл жерде ең бастысы кез келген адам алаяққа алданғанын дер кезінде түсініп, құзырлы органдарға (Платформаға қатысушыларға) дереу хабарласқаны дұрыс. Ерте қолға алған істің берекесі болары хақ. Ал, арада көп уақыт өтіп кетсе, алаяқтар азаматтың атынан сырттай несие рәсімдесе немесе шотындағы ақшаларын өзіне (мысалы, шет мемлекетке) аударып алса, ол қаражатты қайтару оңайға соқпайды.

Сондықтан, барынша сақ жүріңіздер! Телефон арқылы хабарласқан кез келген бейтаныс адамға жеке деректерді бермеу керек екенін үйренетін уақыт кеше болып қойды...

https://t.me/qarzhylyq_sauat




«Елорда Жастары»: өтінім қабылдайтын күн жақын

Бұл – жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы. 34 жасқа дейінгі астаналық жастар 4-10 қыркүйек аралығында үй алуға құжат тапсыра алады. Өтінімдер электронды түрде birge.astana.kz порталында қабылданады. Үйді жаңа құрылыстан да, қолданыстағы пәтерден де алуға болады.

— қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн теңге;
— бастапқы жарна – 10%;
— қарыз бойынша ставка – жылдық 5%;
— кредиттеу мерзімі – 19 жылға дейін.


Бағдарлама қатысушысына қойылатын талаптар:

✅ жолдасының (жұбайының) жасына қарамастан (болған жағдайда) өтінім беру сәтінде 35 жасқа (34 жасқа дейін қоса алғанда) жетпеген жас.

Бағдарламаға ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алады.

✅ Астана қаласында соңғы 1 жылда үздіксіз тіркеуде болуы керек және сонымен бірге отбасы мүшелері (балалары, жолдасы (жұбайы) болған жағдайда) өтінім беру сәтінде Астана қаласында тіркелген болуы керек;

✅ «Отбасы банк» АҚ-да өтінім беру сәтінде 1 800 000 теңгеге жинақ шоты болуы керек;

✅ Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің атына ҚР аумағында соңғы 5 жылда сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй немесе меншік құқығындағы тұрғын үй болмауы керек (апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерді қоспағанда(;

✅ Өтініш беру сәтінде Астана қаласында таңдалған саладағы ресми жұмыс өтілі кемінде соңғы 1 жыл және жұмыс орны зейнетақы шотынан үзінді көшірмемен расталуы керек.

https://t.me/qarzhylyq_sauat


14.25%. Базалық ставка жыл соңына дейін өзгеріссіз қалуы мүмкін

«Ұлттық банк базалық ставканы өзгеріссіз қалдырды» деген жазбаларды түрлі ақпараттық ленталардан кезіктірген боларсыз. Мойындаңызшы, құр ақпараттың өзін ғана оқыдыңыз, талдау, түсіндіру жоқ. Нәтижесінде: базалық ставканың не екенін ұқпай қалдыңыз, не жазылғанын, не үшін жазылғанын түсінбедіңіз. Енді соны реттеп көрейік.

Біздің елде ақша-кредит саясатын жүргізетін Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін базалық ставканы құрал етеді. Талай жаздық. Бұл ставканың деңгейі сіз бен біз алатын кредиттің де, депозиттің де пайыз «тағдырын» шешеді. Түсіну үшін айтсақ, бүгінгі базалық ставка 14.25% болып тұрғанда, нарықта одан төмен кредит пайызы болмайды деген сөз.

Осы базалық ставкаға қатысты жылына 8 мәрте шешім қабылдайтын Ұлттық банк басшылығы журналистерді жинап, бүгінгі шешімге не түрткі болғанын түсіндіріп берді.

Инфляция. Шілде айында жылдық инфляцияның өскені (8.6%) бар. Демек, елде бағалар кешегіден де шарықтай түсті деген сөз. Негізі ұзақ уақыт бойы инфляцияның қарқыны бәсеңдеп келе жатқан еді. Сол үрдісті ескеріп, Ұлттық банк жыл басынан-ақ ақша-кредит шарттарын жұмсартып көрді.

Мысалы, қаңтарда базалық ставка деңгейі 15,25% болса, шілдеге дейін ол 14.25%-ға түсті. Бірақ, инфляция қайта күшіне мінгесін Орталық банк өз болжамдарын қайта қарауға мәжбүр болды. Себеп?

Елде байланыс пен әуе қызметі қымбаттаған. Жалға берілетін үйлер бағасы да өсе түскен. Осы құбылыстың бәрі шілдеде инфляцияның қарқын алуына түрткі болыпты. Қоғамдық тамақтануда, туризм, өнер саласында қызметті тұтынушылардың шығыны көбейген. Бұның бәрі аталған салаларда инвестициялық белсенділікті күшейтіп, ішкі сұраныстың артуына ықпал етеді деді Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов.

Демек, бұл үрдіс жалғасатын болса, инфляциялық тәуекелдер тарқаған жоқ деген сигнал болса керек. Осы жайды баяндап, түсіндіріп берген орталық банк басшылығы ақша-кредит шарттарын ендігі жерде жұмсарту қиын, бәлкім, жыл соңына дейін де ұстап тұруымыз ғажап емес дегенге келтірді.

Өйткені Ұлттық банк елдегі инфляция деңгейін 5%-ға түсіргісі келетінін біз әуелден біліп, жазып келдік. Ол мақсатына, әлбетте, ұстамды ақша-кредит саясатын жүргізу арқылы жете алары сөзсіз. Ендігісін алда көреміз. Нарық өзі сондай дүние. Ешкім ештеңені кесіп айта алмайды, тек болжай алады.

Ал, біз жағдайды одан әрі бақылай түсейік. Осы тақырыпта басқа мысалдармен танысқыңыз келсе, біздің бұған дейінгі жазбаларымызға көз салып қоюға болады:

Үкімет пен Ұлттық банк. Инфляциямен күресте қайсысының жауапкершілігі басымырақ?https://t.me/qarzhylyq_sauat/28

Қазақстанда базалық ставка туралы шешімді кім қабылдайды?https://t.me/qarzhylyq_sauat/107

https://t.me/qarzhylyq_sauat


Telegram мессенджерінің иесі Павел Дуровтың Францияда қамауға алынғанын естіп жатқан боларсыз. Қамауда ұстау мерзімі ұзартылып жатыр екен.

Telegram-ның алдағы жұмысы қалай боларын кім білсін, қамданып қояйық. Жалпы, бұған дейін Whatsapp-та да өз каналымызды ашып қойғанбыз. Бірақ уақыттың тығыздығына байланысты ол жақта аса белсенді бола қоймадық.

Сілтеме жариялай кетейін, күні ертең Telegram жұмысына шектеу қойылып жатса, амал жоқ, жұмысты Whatsapp-та жалғастыруға тура келеді. Сол кезде байланыссыз қалмайық деген ниет біздікі.

Whatsapp-қа сілтеме: https://whatsapp.com/channel/0029VaCyiejAYlUFg4HcEb3r

https://t.me/qarzhylyq_sauat


АҚЖОЛТАЙ ЖАҢАЛЫҚ!

Қадірлі дос!
Бұл жаңалықты Сізбен бөліспегенде кіммен бөлісер едік?!

«ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» үлкен медиа-жобаға айналып келеді. Енді біздің ресми сайтымыз бар: https://qsauat.kz/.

Бұл медиа-ресурстың бәрін біріктіретін біздің ресми атауымыз – QSAUAT-MEDIA деп аталады.

Бұл – бірінші жаңалығымыз.

Екінші жаңалығымыз:

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мемлекеттік тіркеу куәлігін (№ KZ86VPY00099749) алдық (Куәлік көшірмесі сайтымызда тұр).

Біз енді ресми түрде Бұқаралық Ақпарат Құралдары (БАҚ/СМИ) санатына жатамыз. Бізбен өзгелер санасатын болады. Біз медиа нарықта да, қаржы нарығында да бәсекеге қабілетті болуға ұмтыламыз!

Оқырман – Сіздің де, автор – Біздің де асығымыз алшысынан түсе берсін!

Құтты болсын!

https://t.me/qarzhylyq_sauat


– Жоспарсыз кредит алып той жасау, оңды-солды шашу – бұл дарақылық және жалған намыс. Енді әркімнің өз басы бар ғой. Қазір біреуге ақыл айтсаң, ауырып қалатын заман. Кейбір жағдайларды көріп жүрміз. Ұлан-асыр той жасайды. Бір ай, екі айға жетпей, жастардың арасына жік түсіп жатады. Ол өте ауыр көрініс. Артында миллиондаған қарызы қалады, ортаға түскен шаңырақ қалады...

Ең үлкен өткізген тойларымның бірі – 650 адам қатысқан той болды. Қаладағы ең үлкен мейрамхана кәдімгідей лық толды. Сонда әкесінің әріптестері дегенде 70 адам шықты. Сол әкесінің әріптестері үйленіп жатқан баланы танымайды. Тек әкесін біледі. Келіп жатқан құдаларды танымайды. Ол жастардың тіпті аты-жөнін білмейді. Арада бір ай өткенде емес, тіпті, ертеңіне сол балалардың атын ұмытып қалады. Мысалы, қараңыз, әкесі жұмыста беделді шығар, жақсы қызметкер шығар, бірақ өзінің отбасына қатысы жоқ сол әріптестерін түгел шақыру міндет пе?


– деп «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» авторына сұхбат берген еді былтыр тарихшы Айшуақ Дәрменұлы.

Ол сұхбаттың:

І БӨЛІМІhttps://t.me/qarzhylyq_sauat/25

ІІ БӨЛІМІhttps://t.me/qarzhylyq_sauat/26

https://t.me/qarzhylyq_sauat


Тойға дайындалып жатсыздар ма?

...Коронавирустың құтырып тұрған кезі еді. Жаңақорған жаққа хабарласып, жеңгеммен сөйлесіп, тойсыз өмір қалай екенін сұрадым.

– Миымыз тынышталып, ақшамызды үнемдеп, жақсы боп қалдық, – деді күліп. Індеттен бұрын аптасына жеті күн тойға баратын. Күйеуінің 250 мың теңге жалақысы тойға кетеді, өзінің 200 мың теңгесімен үйін асырайды. Карантиннің арқасында соның бәрі қалтасында қалған. Оның үстіне өкімет беретін 42 мың 500 теңге тағы бар.

* * *
«Коронавирустың да бір пайдасы тиді, тойды тоқтатты» деген көп адамды көрдім. Тойханамызды мектепке береміз, тойы құрысын деп еді біраз кәсіпкер. Бүгінде бәрі таз қалпына түсті.

* * *
Бағана ауылдағы кластасыма звондадым. Сауатты жігіт. «Мына, той дегенді тоқтатпасақ, халықты тонап бітетін болды» деді. Ауылда айлықпен жүрген бір жігіт екі айда 500 мың теңге тойға бердім деп қиналып отырған көрінеді. Асып-тасығандығынан емес, амал жоқтықтан берген.

– Тойға заңмен тыйым сала ма, білмеймін, өкімет қолға алмаса, өзіміздің қолдан шығып кетті. Өз бетімізбен тойды тоқтата алмаймыз. Осыны тоқтатса, ешкім қарсы болмайды, – деді кластасым.

* * *
Өкімет тойды заңмен тоқтата алмайды. «Той тоқтасын, үйлену тойына 150 адамнан артық қатыспасын» деген министр, я депутат жексұрын болады, қалың қазақ тойдан шаршап тұрса да бәрібір ит терісін басына қаптайды. Ондай «непопулярный» шешімді ешкім мойнына алмайды.

* * *
Шілденің соңында ағам баласын үйлендіріп, той жасады. Тойхананың кезегіне сәуірдің басында тұрды. Алматы мен төңірегінде бірде-бір бос тойхана жоқ. Сенбі-жексенбі түгілі, дүйсенбіге де жоқ.

* * *
Алматының шет жағына барсаңыз қаз-қатар тізілген небір зәулім ғимараттарды көресіз. Бәрі – тойхана.

* * *
Ақтау, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Таразда тойханалардың көшесі бар екен. Басқа қалаларда да солай шығар. Ономастикалық комиссия сондай көшелерге «Дарақылық даңғылы» деген ат берсе ғой.

* * *
2013 жылы «Протон» зымыраны құлап, Қармақшы ауданына бардым. Байқоңыр қаласының тура іргесінде Ақай деген ауыл бар. Шаршап, өкпесі өшкен ауыл. Не жол жоқ, не су жоқ. Шыға берісте жалғыз әдемі ғимарат тұр – тойхана екен.

* * *
Пәлен мың доллар қарыз алып, ұлан-асыр той жасап үйлендірген баласы бір жыл болмай ажырасып кеткендер де жетеді. Рас-өтірігін білмеймін, үйленгендердің 50 пайызы ажырасады екен. Сонда той не үшін?

* * *
Жұрт 30, 40, 50 жасын ертең өлетіндей неменеге жетісіп тойлайтынын түсінбедім. Бұрын ақын-жазушы құмар еді, қазір иттің-итақайы әуес болды.

* * *
Наспай кескен, құлақ тескен, қырқынан шығарған, кісен ашқан дейтін бытықы-шытықыларды да ұқпаймын.

* * *
«Кит-мит» деп өзін де, өзгені де алдап жүрген біреу әйтеуір.

* * *
Интернетте жүр: Қай күні біреу өзіне жапқан шапанды сол жерде лақтырып тастапты. Не үшін лақтырғанын білмеймін, «байғұс шаршаған шығар» дедім.

* * *
Құлаққағыс:
Бұл пост бір тойға ақша таппай отырғанда жазылды.

Жазба авторы: журналист Асылхан Мамашұлы

#ОйСалар

https://t.me/qarzhylyq_sauat


«Девальвация» сөзін ұмытатын кез келді немесе монетарлық билік бағамды директивті түрде өзгерте алмайды

Сәл сабыр сақтаңыз. Иә, білем, бұл сөздер сіз бен бізге сәл таңсықтау. Миға ауыр салмақ салуы мүмкін, бірақ, біле жүру керек. «Қаржылық сауат» деп атау таққан негізгі миссиямыз да сол ғой.

Әрине, «девальвация» сөзі бәрімізге таныс. Девальвация – ұлттық валютаның (мысалы, біздің жағдайда – теңгенің) өзге валюталарға қарағанда құнсыздануы.

Жалпы, экономикада девальвацияның екі түрі болады: «ашық» және «жабық» түрі. Алғашқы жағдайда, аты айтып тұрғандай, құны кеткен ақша ашықтан-ашық айналымнан алынады немесе басқасына ауыстырылады. Ал, ұлттық валютаның біртіндеп құнсыздануы – девальвацияның «жабық» түрін білдіреді.

«Девальвация» сөзін ұмытатын кез келді» деп жатырмыз ғой. Бұл – Ұлттық банктің бүгінгі позициясы. Неге қазір айтып жатыр? Себебі осыдан тура 9 жыл бұрын, яғни 2015 жылы 20 тамызда Қазақстан (елдің орталық банкі ретінде – Ұлттық банк) ақша-кредит саясатында «инфляцияны таргеттеу» режиміне көшкен еді.

Ұлттық банктің міндеті – елде ақша-кредит саясатын жүргізу. Айналымдағы ақша массасын бақылап, реттеп отыруды айтады. Инфляциялық таргеттеу деген осыдан шығады.

Мысалы, бұрын жазғанымыздай, Сіз бен біз – халықпыз. Тұтынушымыз. Нарықта алыс-берісті қалыптастырамыз. Кредит аламыз, тапқанымызды жұмсаймыз, тұтынамыз. Осының бәрі нарықтағы бағаларға әсер етеді. Ұлттық банк базалық ставка деңгейін бақылауда ұстап, елдегі банк жүйесінің қызметін реттеп отырады. Олардың тұтынушыға беретін кредиттерінің пайыздық мөлшері де осы ставкаға тікелей байланысты. Бұл енді бөлек тақырып және ол жайында біршама жаздық.

Курс (бағам) тақырыбына келсек. «Валюта курсы» бәріміз үшін маңызды. Теңгеміз күрт құбылып, өзге шетелдік валюталар қымбаттай түссе, алаңдап қаламыз. Бұл – нарықтық өмірде тіршілік кешіп жатқан кез келген адам үшін қалыпты «реакция».

Бірақ, көп адам, соның ішінде қалам сілтеп жүрген көзі ашық деген кей азаматтардың өзі әлі күнге дейін валюталар курсы «қолмен басқарылады» деп ұғады. Әлбетте, бұл – жаңсақ пікір. Демек, олар қателеседі. Себебі, 9 жыл бұрын дәл осы мезгілде теңге бағамы еркін айналымға жіберілді. Сол күннен бастап төл валютамыздың нарықтық құны (курсы) қор биржасындағы сұраныс пен ұсынысқа сай қалыптасады.

«Мұндай режимде монетарлық билік (Ұлттық банк) бағамды директивті түрде өзгерте алмайды. Яғни, девальвация жасау мүмкін емес. Тоғыз жыл өтсе де, «девальвация» сөзі әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей тұр. Валютаның еркін айналымы режимінде тек «depreciation» – құнсыздану және «appreciation» – нығаю. Ал, «девальвация» сөзін ұмытатын кез келді. Себебі, тоғыз жыл деген аз уақыт емес» деп жазады Ұлттық банктің баспасөз хатшысы Асан Ахметжан.

Иә, Ұлттық банк курсты қолдан құрамайды. Бұл – миф. Күнделікті теңге бағамы нарықтағы сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады. Ақпарат үшін айта кетсек, қазіргі таңда валюта биржасындағы саудаға 33 қаржы институты қатысады. Оның ішінде екінші деңгейлі банктер де бар.

Олар валюта бағамын белгілегенде жеке және заңды тұлғалар мен олардың клиенттерінің сұранысына қарай жұмыс істейді. Ал, Ұлттық банк орталық банк ретінде ішкі валюта нарығында қандай да бір баланс бұзылатын болса, валюталық интервенция жүргізуге құқылы.

Сөзіміз дәйекті болуы үшін айтайық, 2022 жылдың наурыз айында теңге бағамы күрт құлдырай бастағанда Қазақстан Ұлттық банкі интервенция жүргізу арқылы «араласып», бірер аптаның ішінде теңге бағамы 516 теңгеден 420 теңгеге дейін нығайған еді. Бірақ, содан бері ондай интервенция жүргізілген жоқ.

https://t.me/qarzhylyq_sauat


Дроппер болып ақша табудан сақ болайық!

Бұны, әсіресе, балаларға (жасөспірімге, студентке) айтып қою керек. Өйткені олар да – банктік картаның иесі.

Дроппер деген кім?

Дроппер – алаяқ пен оның құрбаны арасындағы делдал. Яғни, алаяқтың «көмекшісі» деген сөз. Әдетте, алаяқтар дроппердің «қызметін» өзінің ізін жасыру үшін пайдаланады. Алаяққа дроппердің банктік картасы болса жеткілікті. Тіпті, жоқ болса да жақсы табыс көзін уәде етіп, ашқызады.

Келісім бойынша: дроппер карта ашып, электронды ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып береді немесе карта ашып өзінің онлайн-банкіне (банктің мобильді қосымшасындағы аккаунтына) саналы түрде «доступ» беріп қояды. Алаяқ оның сыртынан түрлі операциялар жүргізеді, дроппер шотын пайдалануға бергені үшін одан өз үлесін алады.

Сөйтіп, алаяқ басқа адамдардан (онлайн) ұрлап алған ақшасын дроппердің картасына жібереді, дроппер оны банкоматтан басқа адамға шешіп береді немесе алаяқ ұсынған басқа шотқа аударады. Сол «қызметіне» өз процентін алады. Ал, алаяқ банктік операция бірнеше адамның қатысуымен өткесін көлеңкеде қалып қояды.

Осындай схемаға келіскен (табыс тапқысы келген) адам – дроппер болуға саналы түрде өз «аяғымен барды» деген сөз. Бұл – бірінші жолы. Оның екінші жолы да бар. Өкінішке қарай, ол кезде адам өзінің дроппер болғанын білмей қалуы мүмкін.

Қалай дейсіз ғой? Ойда жоқта сіздің картаңызға ақша түседі. Сосын алаяқ жәй адам болып сізге қоңырау шалып, «қателесіп» жіберген ақшаны қайта жіберуді сұрайды. Сол кезде алаяқ жіберген банк реквизиттеріне ақша жіберсеңіз, сіз автоматты түрде дроппер болып шығасыз. Өйткені алаяқ басқа адамнан ұрлап алған ақшасын сіздің шотыңыз арқылы жүргізді деген сөз. Қандай жағдай болмасын, екі жолда да дроппер болған адам заң алдында жауапсыз қалмайды...

Алаяқтар дропперді қайдан іздейді?

Әрине, интернеттен. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен электрондық пошта нағыз алаяқтарға ыңғайлы алаң. Олар дроппер болуға үндейтін керемет ұсыныстар жібереді: құжат жинап сандалмайсың, еңбек өтілің талап етілмейді, жұмыс форматы – «удаленный режим».

Дропперге қойылатын жалғыз талап – банк картасының болуы.

Өзімізді және жақындарымызды дропперліктен қорғау үшін:


📌 бейтаныс адамға банк картасының деректерін немесе банктің мобильді қосымшасына «доступ» бермейміз
📌 егер бейтаныс адамнан ақша түссе, қате операция туралы банктің өзіне қоңырау шалып ескертеміз
📌 аса көп тани қоймайтын адамның өтінішімен басқа шотқа ақша аудармаймыз
📌 жақындарымызға, әсіресе, балаларға/студенттерге дропперлік қызметке қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеміз
📌 банк картасын ұстайтын адам (бала болсын, ересек болсын) кез келген банктік операцияға жауапты болатынын естен шығармаймыз.


https://t.me/qarzhylyq_sauat


Қаулы қабылданды

Енді банктен немесе микроқаржы ұйымынан (МҚҰ) алатын кредитіңіз 1000 АЕК-тен асатын болса, жұбайыңыздың рұқсаты керек болады. Банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшерін бекіту туралы қаулыны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бүгін қабылдады.

Кредиттің ең төменгі мөлшері 1000 АЕК мөлшерінде бекітілді. Биылғы АЕК бойынша ол – 3 692 000 теңге. Қаржы ұйымынан алатын қарызыңыз осы сомадан аса ма, онда жұбайыңызды қолқалай беріңіз. Онсыз сізге кредит мақұлданбайды.

Яғни, кредит шартына қол қоймас бұрын Банк немесе МҚҰ клиенттің некеге қатысты мәліметтерін Әділет министрлігінің ақпараттық жүйесі арқылы тексереді. Ақпарат расталған жағдайда және кредит сомасы белгіленген шектен асатын болса, Кредитор ол қарызды бермес бұрын жұбайының (зайыбының) келісімін алуға міндетті.

Келісім берудің екі тәсілі қарастырылған:

1. Жазбаша түрде. Оны банк бөлімшесінде немесе МҚҰ филиалында қағаз жүзінде беруге болады.

2. Электрондық үлгіде. Егер қарыз алушының жұбайы кредитордың клиенті болса, онда келісімді сол қаржы ұйымының мобильдік қосымшасы арқылы бере алады. Басқа жағдайда egov.kz веб-порталы арқылы ресімдеуге болады. Ол үшін жұбайы (зайыбы) биометриялық идентификаттаудан өткен болуы керек.

Егер қаржы ұйымы клиентіне жұбайының келісімінсіз кредит беретін болса, онда ол қарызды кредитордың өзі есептен шығаруға міндетті болады.

Заңға енгізілгелі жатқан осы түзетулердің барлығы 1 қыркүйектен бастап қолданыста болады.

https://t.me/qarzhylyq_sauat

20 last posts shown.