🇰🇿 ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ


Channel's geo and language: Kazakhstan, Kazakh
Category: Economics


Қаржылық сауатымызды бірге жетілдірейік!
Сайт: www.qsauat.kz
®️Кері байланысқа: @QSauatBot
📌 Пайдалы ақпараттар
📌 Сарапшылар пікірі
📌 Қаржыгерлер кеңесі
📌 Ресми статистика
📌 Сенімді дерек
📌 Сауалнама

Related channels  |  Similar channels

Channel's geo and language
Kazakhstan, Kazakh
Category
Economics
Statistics
Posts filter


Әйелдердің ақшаны қайда және қандай мақсатпен сақтайтыны белгілі болды

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры мен Маркетинг және социологиялық зерттеулер институты бірлесіп, қызық сауалнама жүргізген екен. Qazaqstan.tv арнасының хабарлауынша, оған 18 бен 65 жас аралығындағы 1980 әйел қатысыпты.

Зерттеу қорытындысына сүйенсек, әйелдер қауымының 34%-ы жиған-тергенін банкте сақтайды екен. Салымшылардың 81 пайызы теңгемен депозит ашса, қалғаны шетел валютасын таңдаған.

Сауалнамаға қатысқан 30 жасқа дейінгі қыздардың 14 пайызы баспана алу үшін, 17 пайызы қаржылық қор үшін, 5 пайызы бизнес ашу үшін ақша жинайтынын айтқан.

Ал 30 жастан асқан әйелдердің 12 пайызы үй сатып алуды жоспарласа, 16 пайызы қаржылық қиындықтардың алдын алу мақсатында жинайтынын көрсеткен.

Ал мүлде банкке ақша салмайтын әйелдердің 12 пайызы қаржысын бизнеске, жылжымайтын мүлікке, бағалы қағаздарға және бағалы металдарға инвестициялаған.

Зерттеуге қатысқандардың көбі отбасылы және жоғары білімі немесе ғылыми дәрежесі бар әйелдер. Олар сауда, қызмет көрсету, бизнес және өндіріс, сондай-ақ өнеркәсіп саласында жұмыс істейді.

Мамандар зерттеу нәтижесі қазақстандық әйелдердің қаржылық сауаты артып келе жатқанын көрсетеді дейді.

Жарайсыздар!👍

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Максим Горький айтыпты, әйелдер болмаса Күннің жылуының не керегі болар еді деп.

Сол айтқандай, дүние әйелдерсіз бір суық, әрсіз, қызықсыз бірдеме болар еді ғой? Әйелдер болмаса көктем келді деп көктемге, гүл шықты деп гүлдерге қуана алар ма едік?

Әйелдер болмаса, тіпті қалтаңдағы ақшаңның да мәнісі болмайды ғой. Еркек адамға ол неменеге керек болар еді?

Әлемдегі бүкіл ақшаны берсе, әйелсіз мәні бола ма, айтшы? Дүниенің сәнін, ақша екеш ақшаның да мәнін келтіріп тұрған әйелдер екен ғой!


Бұл сөздердің иесі — Саят Ыбырай деген ағамыз.

Ақшаның мәнін аштым деп осындай жылы жазба жариялапты өз парақшасында. Алып-қосарымыз жоқ.

Әлдилейтін әжеміз, аялайтын анамыз, ақылын аямайтын апамыз, жігерлендіретін жеңгеміз, құшағы ашық қарындасымыз, әдемі әйеліміз, қылықты қызымыз болмаса, расында да бұл өмірдің, байлықтың не мәнісі болар еді бізге?!

Аналар, Арулар, дүние тұрғанша тұрыңыздар!

Мереке құтты болсын!🌷

Игі тілекпен, Сіздің
“ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ”
💝

https://t.me/qarzhylyq_sauat


⬆️ Ұлттық банк базалық ставканы 16,5%-ға дейін көтерді.

Бұған дейін (өткен жылғы желтоқсаннан бері) 15,25% болған еді.

@qarzhylyq_sauat


Бүгін «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасына өтініш қабылдау басталады

Биыл мемлекет 11 мыңнан астам азаматтың баспаналы болуына мүмкіндік жасап отыр. Сол үшін қазынадан 300 миллиард теңге бөлінген. Басты талаптың бірі — отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда үй болмаған болуы шарт.

Өтінімді қайда, қалай береміз?

Өтінім «Baspana Market» сайты арқылы қабылданады. Ол үшін алдын ала тіркелу керек деп хабарлайы qazaqstan.tv.

Жүйеге кірген соң:

🔸 «Наурыз және Отау ипотекасы» бойынша өтінім беру батырмасын басамыз;

🔸 «Менің өтінімдерім» бөліміне кіреміз;

🔸 «Наурыз» бағдарламасын таңдаймыз;

🔸 шартпен танысып, үй алғымыз келген аймақты белгілейміз;

🔸 депозитті таңдап келісім береміз;

🔸 өзіміздің және отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жылда баспана болмағанын растаймыз;

🔸 өтінім беру процесін аяқтау үшін ЭЦҚ арқылы қол қоямыз.


Бағдарламаға 18 жастан 63 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады.

Бастапқы жарна:

🔹 әрленген жаңа пәтер үшін — 10%;
🔹 әрленбеген және екінші нарықтағы баспана үшін — 20%;
🔹 шотта 2 млн теңге болуы шарт;
🔹 несиені өтеу мерзімі – 19 жыл.


www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


«Отбасы банк» AQYL білім беру жинақ депозитін ашуды уақытша тоқтататын болыпты

13 наурыздан бастап «Мемлекеттік білім жинақтау жүйесі туралы» Заңға өзгерістер енгізіледі. Сол өзгерістер қатысушы-банктерде ашылатын білім депозитінің шарттарына әсер етеді екен.

«Отбасы банктің» хабарлауынша, депозит бойынша:

- сыйақы ставкаларын белгілеу тәсілі;
- депозиттің ең аз мерзімі;
- бастапқы жарнаның ең төменгі ставкасы
 өзгертіледі.

Яғни, банктер енді білім депозитінің ең аз мерзімі мен бастапқы жарнасының ең төменгі ставкасын өз бетінше белгілейді. Бірақ ол сыйақы ставкалары Ұлттық банк қабылдайтын базалық мөлшерлеменің деңгейіне тікелей байланысты болады.

Осыған байланысты «Отбасы банк» 13 наурыз бен 7 сәуір аралығында AQYL білім беру жинақ депозитін ашуды уақытша тоқтатады. Яғни, банк тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін жинақ депозитін жаңартылған шарттармен қайта ашуға мүмкіндік ұсынады.

Жаңа шарттар мынадай мүмкіндіктерді қарастыруы мүмкін:

Депозит мерзімінің икемділігі — салымшыларға ыңғайлы шарттар ұсынылады;

Белгілі бір санаттағы азаматтарға жеңілдік — депозитті ашу кезінде арнайы шарттар болуы мүмкін;

Ұлттық банктің базалық ставкасына байланысты қолайлы сыйақы мөлшерлемесі — салымшыларға тиімді жағдайлар қарастырылады, деп жазылған ресми ақпаратта.

AQYL мен «КЕЛЕШЕК» жинақтау жүйесі туралы мына жазбамызда таныса аласыздар — https://t.me/qarzhylyq_sauat/786

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Әлемге әйгілі миллиардерлердің ақша мен байлыққа қатысты ең үздік афоризмдері:

Уоррен Баффет:

«Ақша сіз ұйықтап жатқанда да табыс әкелмесе, өмір бойы жұмыс істеуге тура келеді.»

«Бай болғың келсе, екі нәрсені үйрен: ақшаңды жоғалтпауды және сол ережені ұмытпауды.»

«Қымбат заттар алу үшін ақша жұмсама, оның орнына өзіңе инвестиция сал.»

«Ең жақсы инвестиция — өзіңнің біліміңе салған инвестиция.»

«Ақша табуға төзім керек. Нарық — байлыққа тез жеткісі келетіндерді жазалайды.»

Илон Маск:

«Жай ғана ақша табуды ойлама. Өзің құмартып істейтін пайдалы іспен айналыс, сонда табыс өзі келеді.»

«Жеңіске жету үшін ақшаны емес, проблеманы шешу жолын ойлау керек.»

«Қанша жерден қиын болса да, өзіңнің ұлы армандарыңнан бас тартпа.»

Джефф Безос:

«Егер сен бәсекелестеріңе емес, клиенттеріңе көңіл бөлсең, бәрі өз орнына келеді.»

«Ұлы компаниялар ақша табуды емес, клиентке жақсы қызмет көрсетуді ойлайды.»

«Құндылық жасаудан бұрын байлық туралы ойлау — қателік.»

Билл Гейтс:

«Кедей болып туылу — сенің кінәң емес, бірақ кедей болып өлу — өз кінәң.»

«Мен қашанда қиын жұмыстарды істеп шығатын жалқау адамды іздеймін. Өйткені ол оның оңай жолын табады.»

«Ақша адамға қуаныш сыйлай алмайды, бірақ өмірді жеңілдетеді.»

«Ақша адамды өзгертпейді, тек кім екенін айқындай түседі.»

«Бизнес — жүзіп келе жатқан кеме. Тоқтап қалдың ба, баттым дей бер.»

Марк Цукерберг:

«Ең үлкен тәуекел — тәуекелге мүлде бармау.»

«Бай болу мақсат емес, өз идеяларыңды жүзеге асыра білу — үлкен жетістік.»

«Қызметі мен идеясы әлемге әсер етпейтін бизнес — бизнес емес.»

Ричард Брэнсон:

«Бизнесті ақша үшін емес, адамдардың өмірін жақсарту үшін баста.»

«Бай болу — жай ғана ақша ұстау емес, нағыз байлық — еркіндігің мен мүмкіндігің.»

Бернар Арно:

«Ақша — жай ғана құрал. Үлкен мақсат — әлемге құндылық пен инновация ұсыну.»

«Қарапайым бол, бірақ ірі ойла.»

Стив Джобс:

«Жұмысыңды жан-тәніңмен сүйсең, ақша өзі-ақ келеді.»

«Адам уақытын ақшаға айырбастағанша, ақшаны уақытқа айырбастауды үйренуі керек.»

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


1. Қаржы пирамидасына кіретін адамдар көбіне қандай уәдеге алданып қалады?

A) Мемлекет кепілдік беретіні туралы мәліметке
B) Тәуекелі аз, жоғары және тұрақты табысқа
C) Ұзақмерзімді инвестициялық жоспарларға
D) Қаржы сарапшыларының кәсіби кеңесіне

2. Егер компания сізге аз уақытта көп табысты уәде етсе, сіздің ең дұрыс әрекетіңіз қандай болмақ?

A) Ұсынысын қабылдап, аз мөлшерде ақша салып көресіз
B) Компанияның қаржылық есебін, лицензиясын тексересіз
C) Сенімді адамыңыздың пікірін біліп, ол инвестиция салса ғана қосыласыз
D) Уақыт жоғалтпай, тез ақша салып, мүмкіндікті пайдаланасыз

3. Қаржы пирамидасын инвестициялық компаниядан қалай ажыратуға болады?

A) Пирамидада табыс жаңа қатысушылардың ақшасынан төленеді
B) Пирамидалар ресми түрде қаржы ұйымы ретінде тіркеледі
C) Инвестициялық компаниялар жоғары табысқа кепілдік береді
D) Қаржы пирамидалары әрдайым танымал адамдарды жарнамаға тартады

4. Қаржы пирамидасына ақша салу қандай тәуекелге әкелуі мүмкін?

A) Салған ақшаны еселеп көбейтіп алу мүмкіндігі жоғары
B) Мемлекет салған ақшаға кепілдік береді
C) Салымды қайтаратыныңызға ешуақытта кепілдік берілмейді
D) Ерте кірсең ғана пайдаға кенелесің

5. Сізге компания өкілі: «бізде инвестор үшін мүлдем риск жоқ» деп уәде береді. Бұл жағдайда сіз не істеуіңіз керек?

A) Ұсынысты қабылдап, аз ғана ақша салып сынап көресіз
B) Компанияның заңды құжаттары мен лицензиясын тексеруді ойлайсыз
C) Уәдесіне сеніп, мүмкіндікті пайдаланып көресіз
D) Мұндай уәделер қаржы пирамидасының белгісі екенін түсініп, ұсыныстан бірден бас тартасыз.

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Бізден жаңалық күтіп отырған әр оқырманыма осы алаңда бар болғаны үшін

АЛҒЫС АЙТАМЫН!

Бай болыңыздар!

https://t.me/qarzhylyq_sauat

2.5k 0 0 13 122

Отбасы банк мемлекеттік сыйлықақыны қашан аударады?

Бұл көпшілік тағатсыздана күтіп жүрген жаңалықтың бірі. Шыдамсыздық танытып жатқандардың да бар екенін интернеттен кезіктіріп қаламыз.

«Отбасы банк мемлекеттік сыйақы бермейтін болған ба?» деп алаңдайтындар да бар екен. Соны көзбен көре отырып, «ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТ» телеграм-каналы Отбасы банкінен мән-жайды анықтап көруге тырысты.

«Осы демалыста Отбасы банк салымшыларының депозиттеріне мемлекеттік сыйлықақы рет-ретімен аударыла бастайды деп күтілуде», — деген ақпарат алдық.

Осыған байланысты банкте мына қызметтер алдағы күндері қолжетімсіз болады екен:

1 наурыз күні — Baspana порталы, мобилді қосымша, видео-банкинг және агенттік желі арқылы шот ашу мен төлем қабілеттілігін тексеру мүмкін болмайды.

2 наурыз күні — сағат 8.00-ден — 3 наурыз сағат 8.00-ге дейінгі аралықта баламалы арналар арқылы шотты толтыру мүмкін болмайды.

Егер алдағы екі күнде осы операциялардың бірін жоспарлаған болсаңыз, онда осы ақпаратты ескеріп, өз төлемдеріңізді алдын ала жүргізіп қоюды ұмытпаңыз.

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


НДС ізімен: Депозиттен 20% салық алу туралы

Кәсіпкер Сырымбек Таудың ұсынысы қоғамда түрлі пікір туғызып жатыр. «Енді халықтың депозиттен тапқан ақшасы қалды ма» деп ұсынысты қабылдай алмай жатқандар да бар, оны дұрыс деп қабылдап жатқан қолдаушы тарап та жоқ емес. Сонымен, Аман Тасыған Youtube-жобасына берген сұхбатында кәсіпкер не деді? Оқып көрейік.

— Бізде бюджеттің тапшылығы қанша? 5 трлн ба? Оны басқа жақтан да табуға болады. Мен өзім Ұлттық құрылтайдың мүшесімін. Осыны Ұлттық құрылтайда да ұсындым. Мынаны қараңыз: таза пайдаңның 20%-ін бізден салық ретінде алады. Қазір. Неге депозиттен тапқан таза пайданың 20%-ін алмайды? Әлем бойынша депозиттен салық алынады. Депозит — жағдайы бар адамдардың сақтап отырған ақшасы. Артық ақшасы. Сіз артық ақшаңыз болса — сақтайсыз. Әлем деңгейінде біздің депозит өте үлкен пайызбен. Енді қараңыз, Отбасы банкінде тұрған депозиттен салық алмай-ақ қойсын. Өйткені, мысалы, менің де жұмысшыларым бар, сіздің де жұмысшыларыңыз бар — үй алам деп тырнақтап жүріп депозит жинайды. Одан (салық) алмай-ақ қойсын. Басқа депозиттер көп қой. Мысалы, әлемдік экономиканы қарайтын болсақ, мынадай қызық нәрсе бар: халықтың депозиті Ұлттық қордан аспауы керек. Біздің депозит Ұлттық қордан асып кетті. Ол — хаус. Тапқан ақшаны бизнеске салмай, депозитте сақтай беретін болсақ, онда орта бизнес өркендемейді. Ал, бізде (елдегі) депозит (мөлшері) — 36 трлн теңге. Енді, орташа есеппен 13-17% ставка бар. 17% демей-ақ қояйық, 15%-пен алатын болсақ, жылына 5,5-6 трлн теңге депозиттегі адамдар |...| алып жатыр. Осылай санайтын болсақ. Оған таза пайданың 20%-ін шығаратын болсақ — 1-2 трлн теңге Үкіметке түсуі керек. Неге осыны айтпаймыз? Неге тек қосымша құн салығына қадала береміз? Теріс нәрселер көп.

Желі қолданушысы Айгүл Мыңжасар: «Ол жерде депозиттен емес, депозиттен тапқан табысқа деп анық айтып отыр. Яғни, сізде артық 5 млн теңге болып, оны 15 пайызбен депозитке салып қойсаңыз, 1 жылдан кейін 803 768 теңге табыс көресіз. Ал кімде-кім ондай салықты төлегісі келмесе, шағын және орта кәсіпке салсын дейді кәсіпкер. Кәсіпке салу дегенде, мысалы сіз өзіңіз жеке кәсіп ашпаған күннің өзінде біреудің бизнесіне үлеске кіруге болатын өркениетті қаржы-экономикалық қатынастар да дами бастар осыдан кейін. Сондықтан Сырымбек мырзаның ұсынысында қисын бар сияқты», — дейді.

Ол жазбаға пікір білдірушілердің дені ұсыныспен келісе алмай жатыр. Олардың ішінде мынадай пікірлер бар:

«Депозиттке салынбай тұрып салығы төленіп қойған ақша шығар мүмкін. Айлығының бір бөлігін депозиттке жинайды. Ал айлықтан барлық салығы ұсталған. Оны жинап болған соң тағы салық ұстаса не пайда.»

«Дұрыс емес, мен маңдай термен тауып, барлық салығымды төлеп, үнемдеген ақшамды депозитке салам, аз-маз процент үшін. Оған салық тағы салынса, не болды сонда?»

«Мұндай салық саясаты, әдетте, дағдарыс кезінде жүргізіледі. Дағдарыс уақытында азаматтар ақшасын кәсіпкерлік субьектілерін ашуға жұмсамай, кішкене болса да пайда әкелсін деп депозитке сала бастайды. Соның нәтижесінде дағдарыс күшейіп, жұмыссыздық артады. Сол экономикадағы рецессияға жол бермей, азаматтарды депозитке жинауға қарағанда ақшасын реалды экономиканы дамытуға жұмсауды ынталандыру үшін жасалады.»


Енді сіздің пікіріңізді білейік...

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


«Сұрақ-жауап» тестімізді қорытындылап тастайық

Бірден айтайын, оқырманның ынтасын көріп, қатты қуандым. Дәл осы күнге дейін жауап беріп жатқандар да бар. Бұл — өз білімін сынап, тексеріп көргісі келетін, қателескен тұсы болса, біліп жүрейін деген ниеті деп ұқтым. Өте дұрыс! Рахмет!👍

Жауап бергендердің басым көпшілігі дұрыс нұсқаларды ажырата білген. Демек, сауат деңгейіміз қалыпты. Канал авторы ретінде сіздерге алаңдамайтын болдым. Кредит алар кезде дұрыс ойлап, оң шешім қабылдай білетіндеріңізге көзім жетті. Респект!👍

Бір-екі жауаптан сүрінгендердің қатары аз болды. Ол да көңіл қуантады. Дұрыс жауап бере алмадым деп қам жемеңіз. Бәріміз де білім іздеуші, үйренушіміз. Біз әлі-ақ өз деңгейімізді көтеріп аламыз!🙌

Дұрыс жауаптары мынау болатын:

1 — С
2 — А
3 — D
4 — B
5 — B

Мұндай ортақ тапсырмалар көп болады. Тек оқи бермей, оқығанымызды қалай тоқып жатқанымызды да арасында осылай сынап тұрайық. Қатыса жүріңіздер.🫶

@qarzhylyq_sauat


Жалғызбасты ана ретінде әлеуметтік жәрдемақымен күн көрген Джоан Роулинг қалай миллиардер болды?

Джоан Роулинг — әлемдегі ең танымал жазушылардың бірі. Бірақ оның өмір жолы оңай болған жоқ (кімде оңай болды дейсің). Ол кедейшілікте өмір сүрді. Бірақ «тар жол, тайғақ кеше» жүріп өзінің табандылығымен әлемге танылып, шексіз байлыққа ие болды.

Англияның Йейт қаласында дүниеге келген Джоан бала кезінен әдебиетке жақын болады. Оқығанды, жазғанды жақсы көреді. Француз филологы ретінде оқуын аяқтағанымен, әуелгі уақытта түрлі жұмыстар істейді. Сосын Португалияға көшеді де жергілікті журналиспен отбасын құрады.

Бірақ некесі сәтсіз болып, қызы дүниеге келгеннен кейін ажырасып тынады. Сөйтіп, Ұлыбританияға қайта оралып, жұмыссыз қалады. Сол тұстарда әлеуметтік жәрдемақымен күн көріп, жалғызбасты ана ретінде үлкен қиындықтарға кезігеді. Ақшадан тарығып, ақыр соңында күйзеліске түседі де, депрессиямен алысып кетеді.

Егер біліп отырсаңыз, біздің бұл кейіпкеріміз әйгілі «Хәрри Поттер» шығармасының авторы. Иә-иә, солай. Сонда ол кітап қалай жазылды?

Не керек, «Хәрри Поттер» идеясы оған пойызда келе жатқанда келеді ғой. 1990-жылдардың тұсы. Джоан күн сайын кафе мен кітапхана жағалап, қызы ұйықтап жатқанда жазуға кіріседі. Бірінші кітабы 1995 жылы аяқталғанымен, оны басып шығару оңай болмайды.

Джоан Роулинг өзінің қолжазбасын көптеген баспа үйіне жібереді, бірақ 12 баспа оны қабылдаудан бас тартады. Арада бір жыл уақыт өткенде Bloomsbury баспасы жариялауға келіседі. Сөйтіп, 1997 жылы «Хәрри Поттер және пәлсапа тас» деген атаумен бірінші кітап жарық көреді де, артынша бірден танымалдылыққа ие болады.

Кітаптың танымалдығы артады. Көптеген елде тиражы өседі, ақыр соңында оқиға желісі киноға сұранып, құқығы Warner Bros. студиясына сатылады.

«Хәрри Поттер» сериялық кітап қой. Жеті кітабы шығады да, 80-нен астам тілге аударылып, тиражы 500 миллионнан асады. Сөйтіп, Джоан Роулинг әлемдегі ең бай жазушыға айналады. Оның байлығы 1 миллиард доллардан асады. Бірақ ол үлкен бөлігін қайырымдылыққа жұмсайды.

Сонда Джоан Роулингтің табысты болуына себеп болған қасиеттер, оның:

табандылығы — қаншама қиындыққа қарамастан, жазуын тоқтатқан жоқ
еңбекқорлығы — күн сайын кітап жазуға уақыт бөлді
ішкі бай әлемі — оқырманын баурап аларлық әлем құрды
сенімі — баспалар бас тартса да үмітін үзген жоқ

Түйін: Кедейдің күйін кешсең де — табанды болсаң, ол қасиетіңді шығармашылығыңмен ұштастыра алсаң, сеніміңді жоғалтпасаң, байлық өзі-ақ қол бұлғап тұр екен-ау?!😊

Кітап демекші, расын айтқанда, көбіміздің кітап оқитын мұршамыз жоқ. Жұмыс істеу керек, ақша табу керек, кредит төлеу керек. Солай кете береді. Бірақ ол да сылтауға айналмағаны жақсы. Қазір рухани әлемнен үзік ойларды жып-жинақы беретін телеграм-каналдар да бар. Соның бірі — «КІТАП ҮЗІНДІСІ» дер едік. Жазылып, оқып тұруға бізден кеңес болсынhttps://t.me/kitapuzindisi.


Зейнетақы қорының «қораға кіргені» рас па?

Кеше, қаңтарда зейнетақы шоттарында қаражат көлемі азайған болатын. Оны қарапайым азаматтар да сезді. Өйткені БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасын қолданатын кез келген Қазақстан азаматы жеке кабинетіне кіріп, шоттағы ақшасы қалай «жүріп» жатқанын ұдайы бақылап отыра алады. Соңғы айларда инвестициялық кіріс мәз емес екенін жұрт бірден сезді. Оны сосын БАҚ пен әлеуметтік желі белсенділері іліп әкетті. Сосын «Зейнетақы салымшылары 285 млрд теңге жоғалтты», «Қазақстандықтардың ақшасы жатқан зейнетақы қоры шығынға ұшырады», «Зейнетақы қоры қораға кірді» деген тақырыптар пайда болды. Біз де Қорда не болып жатқанын білмек болып, Ұлттық банктен ақпарат сұратқанбыз. Өз оқырманымызға мән-жайды қарапайым тілде баяндап көрейік деп шештік.

Иә, айлығымыздан ұсталатын 10% ақша Зейнетақы қорында (БЖЗҚ) жатады. Ол және жай жатпайды, оның бәрі актив түрінде Ұлттық банктің басқаруымен инвестицияланады. Егер инвест-жобаларға тартылмаса, шотта құр жата берсе, салымшы, яғни сіз бен біз зейнет жасына жеткенше ақшамыз инфляциямен күйіп кетер еді. Бұл — инвестициялаудың бірінші жолы.

Екінші жолы — ақшамызды жеке инвест-компанияларға беру (барлығы 5 компания). Жинағымыздың тең жартысын өз таңдауымызға сай жеке компанияларға аудару мүмкіндігі 2023 жылы туды. Бұның бәрі Қордағы ақшамызды еселеу үшін, зейнетке шыққанда мейілінше көлемдірек зейнетақы алу үшін жасалған еді.

Хош, бүгінгі жағдайға келейік. Зейнетақы активтерін басқаратын Ұлттық банк зейнетақы шоттарындағы қаражаттың төмендегенін растап отыр. Биылғы қаңтарда инвестициялық кіріс (-)285 млрд теңгені көрсеткен. Жалпы табыс деңгейінің түсуі — (-)1,25%.

Ұлттық банк инвест-табыстың төмен шығуы уақытша құбылыс дейді. Сонда кірістің аз болуына не себеп болды? Активті басқарушы орган үш факторды алға тартып отыр:

1. Бұл кезеңде Қаржы министрлігі нарыққа мемлекеттік бағалы қағаздарды көп шығарған. Сұраныстан ұсыныс көп болуына байланысты мемлекеттік бағалы қағаздардың нарықтық құны түскен.

2. Теңгенің күшеюі де себеп. Қаңтарға дейін долларға позициясын беріп келген теңге күрт күшейіп, 1 АҚШ долларына шаққанда ұлттық валюта 525,11 теңгеден — 518,14 теңгеге дейін нығайып алды. Осы өзгерістің салдарынан валюталық актвитер теріс бағаммен қайта бағаланды.

3. Сыртқы нарықтың құбылуы. Бұл құбылыс та нарықта валюталық портфельдің актив құнын түсіріп жіберді.

Қаңтардағы есеп осылайша теріс инвестициялық кіріс ретінде бағаланып қалады. Бірақ, ішкі және сыртқы нарықтардағы жағдай тұрақтанған сайын қалпына келеді деп сендіреді Ұлттық банк.

Басқарушы органның позициясына сенсек, қысқа мерзімдегі құбылыспен басқару тиімділігіне баға беруге ерте. Өйткені зейнетақы жинақтары — ұзақмерзімді инвестицилық жобаларға лайық дүние. Яғни, инвестициялық кірістің көлеміне (оның өсу не түсуіне) объективті талдау жасау үшін 1 айды емес, кемінде 1 жылдық кезеңді қарастыру керек.

Ұлттық банк ақпан айында да осы жағдай қайталануы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Өйткені бұл айда да теңге нығайып, мемлекеттік бағалы қағаздардың нарықтық құны түсу тенденциясын сақтап отыр. Бұл да өз кезегінде зейнетақы активтерінің табыс әкелуіне қысым көрсетіп бағады дейді Басқарушы орган.

P.S. Әрине, біз де сіз қатарлы зейнетақы шотымыздағы ақшамызға алаңдаймыз. Онда жатқан әр тиынымыз маңызды. Бірақ нарық заңын ескере отырып, қысқамерзімді кезеңдегі құбылысқа бола популистік пікір білдіруге асыққымыз келмейді. Әйтпесе, айқайлатып тақырып қоюға біздің де біліміміз жетер еді. Оның үстіне, әзірге «қорада» қалған Қор жоқ...

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Енді үй кезегіне барлық азамат тұра алады

Тұрғын үйге қатысты бұрынғы заң бойынша баспана кезегіне көпбалалы отбасылар, жетім балалар, I, II топтағы мүгедек жандар, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері сияқты белгілі бір санаттағы адамдар тұра алатын еді.

Жаңа заң кәмелетке толған азаматтарымыздың бәріне баспана кезегіне тұруға мүмкіндік беріп отыр. Негізгі талап — кейінгі 5 жылда баспанаң болмауы қажет.

Ал Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кезекке тұрғыңыз келсе, жоғарыдағы талаппен бірге бұл шаһарларда кейінгі 3 жылда тіркеуде тұрғаныңызды растауға тиіссіз.

Толығырақ мына жерден оқуға болады.

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Адам өлімі бизнеске айналып бара ма?

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев «Ашық алаң» бағдарламасында ысырапшылдыққа қатысты пікір білдірген екен. Оның сөзін Dauletten телеграм-каналы жариялады.

Астана мешіттерінде ас беру — 20 000 теңге

— Астананың Бас мешіті мен Хазірет Сұлтан мешітіндегі асханада ас беретін болсаңыз, адам басына 20000 теңгеге дейін төлеуге дайын болыңыз! Адам өліміндегі ас емес, той жасайтын дастарқан! Минималды баға — 7000 теңге. Бірақ ол кезде етті өзіңіз әкелесіз. Бұл бизнес болмағанда не? Мысалы, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарында дастарқанда тек жеті-ақ ас түрі болады. Одан басқа мәзір жоқ. Ұсынбайды! Неге бас қалада, басқа аймақтарда осылай болмайды?

Ерте ме, кеш пе кез келген адам басына өлім келеді. Одан ешкім құтыла алмайды. Жер алу, жаназа, ас беру, зират көтеру… осының бәрі бір күні алдыңыздан шығатын діни жоралғылар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бұл мәселе дұрыс жолға қойылмаса, қайғыдан қан жұтып отырған жандарға, ақшасы жоқтарға одан бетер соққы болып отыр, — дейді депутат.

Жақында ғана көрші Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасы марқұмды жерлеу дәстүрі мен әдет-ғұрпын реттеуге қатысты пәтуа шығарған болатын. Пәтуада зиратта құлпытас орнату мәселесіне дейін ерекше назар аударылған. Діни басқарманың қаулысында шариғат талаптарына сай мәрмәр, гранит және темірден жасалған құрылымдар қоюға, сол секілді мемориал мен құлпытас орнатуға тыйым салынғаны көрсетілген. Сосын, діни басқарманың шешіміне сәйкес, бұдан былай марқұмның рухына арнап үшінші, жетінші және қырықыншы күндері, сондай-ақ жылдығында мал союға жол берілмейді, деп хабар таратты қырғызстандық 24.kg.

P.S. Енді, әр елдің өз заңы мен тәртібі бар. Діни түйсігіміз таяздау болғандықтан, шариғат жайында ештеңе айта алмаспыз. Бірақ, ысырапшыл болу-болмау, артық шығынға жол бермеу, үнемдеу мәселесі бізге жақын тақырып. Сол үшін қоғамдық пікір қалыптастыру үшін осы тақырыпты ортаға алып келдік. Айтарыңыз болса, мархабат! Тек ауыр сөз, ғайбаттан аулақ болайық. Өзгелердің діни сеніміне құрмет көрсетіп, жүйелі пікір жазып көрейік.

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Несие алатын адамның білімін тексеруге арналған тест сұрақтары

Бірнеше жеңіл сұрақ ұсынайық. Сіз сұрақ-жауаптармен танысып, пікір алаңында: «1 — А», «2 — В» деп бес сұраққа өз нұсқаңызды белгілеп кете аласыз. Дұрыс жауаптарын кейін жариялаймыз. Сол кезде қай тұста қате жібергеніңізді көре аласыз. Кеттік!

1. Несие аларда ең маңызды фактор не?

A) Банк кеңсесінің орналасқан жері
B) Мобильді қосымшасында несие алу тетігінің болуы
C) Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ)
D) Досыңыздың кеңесі

2. Төлем қабілетіңізді бағалау үшін бірінші кезекте не істеу керек?

A) Ай сайынғы табыс пен шығысты есептеу
B) Табыс жетпей жатса, гарант тарту
C) Несиені бірден мақұлдайтын банк іздеу
D) Несие тарихына жүгіну

3. Қай жағдайда несие алмаған дұрыс?

A) Төлем қабілеті жақсы болса
B) Табыс тұрақты болса
C) Несие мақсаты нақты анықталған болса
D) Несие тек күнделікті шығындарды жабуға қажет болса

4. Несие рәсімдегенде қандай комиссия түріне ерекше назар аудару керек?

A) Карта дизайны үшін алынатын комиссияға
B) Несие берумен байланысты жасырын комиссияларға
C) Банк қызметкерінің кеңесі үшін алынатын төлемге
D) SMS-хабарлама қызметінің ақысына

5. Несиені уақытында төлемесеңіз не болуы мүмкін?

A) Банк кешіктіргеніңізді байқамайды
B) Айыппұлдар мен өсімпұл қосылады
C) Төленбеген несие автоматты түрде жабылады
D) Несие тарихыңыз жақсарады

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Алиментті әкесі төлей алмаса, ата-әжесінен талап етуге болады

Аikyn.kz редакциясына алимент жайында оқырманнан сауал түсіпті. Жолдасымен ажырасқанына үш жылдың жүзі болған. Күйеуі балаларға алиментті уақытылы төлеп отыр екен.

Сұрағы былай: «Алда-жалда ол жұмыссыз қалып, алимент төлей алмаса, не істейміз? Алиментті кімнен талап ете аламыз?»

Сауалға Астана қаласы заң консультанттары палатасының мүшесі, заңгер Бауыржан Айымбетов жауап берген. Оның айтуынша, ол жағын сот орындаушылар анықтайды. Егер алимент төлеушінің мүлкі, көлігі болса, соны бағалап, сатқызып, ақшасын өндіре алады.

— Алайда, алимент төлеуге тиіс азамат жұмыссыз әрі дүние-мүлкі болмаса, төлемді оның әке-шешесінен талап етіп, оларды сотқа бере алады. Егер баланың ата-әжесінде қаражаты жеткілікті болса, сот арқылы алиментті төлетуі мүмкін. Оны сот процесінде сот шешеді. Ең бастысы, талап арызы болуы керек. Содан кейін сот барлық дәлелдерді сұрайды. Сондықтан әрбір істі жіті қарап, ата-әжесінің қосымша табыс көзі бар ма, одан қанша алады, зейнетақысының мөлшері қандай дегендерді анықтау қажет. Оның бәрі іс барысында анықталады, — дейді заңгер.

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Бизнесте нені ескеру керек?

Egemen.kz осы тақырыпта пайдалы сараптама жариялапты. Сарапшы кеңесіне біздің оқырман да қанық болсын деп шештік. Бизнесті енді қолға алған кәсіпкер қандай қателіктерге ұрынады? Клиентті қалай түсіну керек? Аудиторияны қалай зерттеу керек? Біздің ойымызша, көпті қызықтыратын-ақ сұрақтар. Әріптестердің сараптамасын мағынасын жоғалтпай, өз стилімізге сай жеткізіп көрейік.

Клиент неліктен сізді таңдауы керек?

Бизнес пен кәдуілгі жұмысты мүлдем салыстыруға келмейді. Өйткені бизнесте бәрі басқаша. Мысалы, жалдамалы жұмыста тұрақты жалақы алсаңыз, бизнестегі табыс күш-жігер мен шешімдеріңізге тікелей байланысты. Сіз «клиент неліктен мені таңдауы керек?» деген сұраққа жауап тауып алғаныңыз дұрыс. Бизнес ашқан соң клиентке нақты не керек — сол дүниені ұсына алу маңызды.

Франшиза табысқа кепілдік бере алмайды

Бизнес — тәуекелге толы. Тіпті дайын модель ұсынатын франшизаның өзі табысқа кепілдік бере алмайды. Кәсіпті алға сүйреу, дамыту және ұстап тұру — сізге үлкен жауапкершілік артады. Бизнес уақытты ғана емес, күш-жігеріңді де талап етеді.

Ол жерде сіз 9-дан 6-ға дейін жұмыс істемейсіз. Тәулік бойы тыным таппай кетесіз. Алдыңыз «тұман». Бизнестің қалай жүріп кетері белгісіз. Оның бәрі стресс. Дайынсыз ба? Өз бетіңізше шешім қабылдай аласыз ба? Әдепкі қиындықтарды жеңе алатын ресурс жеткілікті ме? Міне, осы сұрақтарға жауабыңыз дайын болуы керек.

Кәсіпкер қандай қателіктерге ұрынады?

Маркетингтен үнемдемеу керек. Көп адам бұған мән бере бермейді. Соның салдарынан клиент ол бизнес туралы жарытып ештеңе білмейді. Ал кәсіпті жарнамасыз жылжыту және өсу, пайда көру мүмкін емес.

Қаржы есебінің болмауы. Ақша қалай болса солай жұмсалады, кіріс пен шығыс есебі жүргізілмейді. Егер әр тиынның есебі болмаса, онда минусқа кірдім дей беріңіз.

Клиентті түсінбеу. Көбі өзінің мақсатты аудиториясын зерттемей, білмей жатып бизнес аша салады. Сөйтіп саудасы жүрмейді. Кейде тіпті тауарлар (қызметтер) мүлде өтпей қалады.

Білім алуға енжарлық таныту. Кейбір адамдар бәрін білемін деп ойлайды. Алайда, білімсіз, дағдысыз бәсекеге қабілетті болу өте қиын.

Бизнес құламасын...

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat


Forward from: TengeLife | Бизнес, Экономика
Қазақстанда несие алуға «қоңырау арқылы» тыйым салуға болады

Енді қазақстандықтар өздерін алаяқтар мен қажетсіз несиелерден қорғау үшін 1414 нөміріне қоңырау шалып, дауыс ботының көмегімен несие алуға тыйым сала алады.

Қалай жұмыс істейді?

📞 1414 нөміріне қоңырау шалыңыз (тегін);
🌐 Тілді таңдаңыз: қазақша
🗣 «Несиеге тыйым салу» деп айтыңыз;
🔢 Дыбыстық белгі берілгеннен кейін ЖСН енгізіңіз;
📲 SMS-код алып, әрекетті растаңыз.

Осыдан кейін сіз:

✔ Несие алуға тыйым қоя аласыз;
✔ Қажет болған жағдайда оны алып тастай аласыз;
Қызметтің мәртебесін біле аласыз.

🔒 Бұл қызметті Бірінші несие бюросы мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бірлесіп іске қосты.

Ол смартфон қолданбайтын немесе интернетке қолжетімділігі шектеулі азаматтар үшін өте пайдалы болмақ.

@Tengelifekz


«Түпкі проблема — ...«Үкімет өлтірмейді» деген ескі психология»

Замандас әріптесіміз әрі қаржы сарапшысы Айбар Олжаев халық қымбат кредиттен бас тарта қоймағандықтан, «В планы» іске қосылып жатқанын жазады. Егер халық кредиттен бас тартпаса, онда кредиттік ұйымдарды халыққа кредит беруден ажырату керек дейді.

Автордың ойын толық әрі дұрыс түсіну үшін, әлбетте, жазбасын түгел оқып шыққан дұрыс. Шағындап ұсынайық,
толық нұсқасын мына жерден оқып алуға болады. Айбар Олжаев былай деп жазады:

Қазақстан финтех революциясының арқасында жеке тұлғаларға кепілсіз берілетін жедел несие жүйесін жақсы дамытқан елдер қатарына кіреді. Кредитті ортақ нарық деп алатын болсақ, оның ішінде жеке тұлғаларға берілетін кепілсіз несиелердің үлес салмағы тым тез өсті. Бұл қаржы нарығының қатты дамуына алып келді. Бірақ бірден таяқтың екінші ұшы пайда болды. Ол — халықтың қарызы.

Адамдардың шектен тыс несие алуы бұқаралық дефолт қаупін туғызып отыр. Бұл әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей қатер төндіреді. Сондықтан дәл осы сегментке қатысты мемлекет риторикасы қатаңдап, басқа елдерден өзгеше шектеулер пайда болғаны рас.

2024 жылы кредиттік ұйымдардың несие портфелі 53,6 триллион теңгеден асты. Портфель дегеніміз қолданыстағы кредиттердің жалпы сомасын білдіреді. Оның ішінде шамамен 2,8-3 триллион теңге микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестер мен ломбардтарға тиесілі болса, қалған ең қомақты бөлігі — екінші деңгейлі банктердің үлесі.

Осы 53,6 триллион теңгенің 45 пайызын халық алған. Қалған 55 пайызы бизнеске тиесілі. Халық дегенде, шамамен 9 миллион отандасымызда несие бар. Сонда 24,12 триллион теңгені 9 миллионға шақсақ, әр адамға 2,68 миллион теңгеден келеді. Бірақ медианды есеппен алсақ, 9 миллион халықтың шамамен 85 пайызы кредиттік ұйымдарға 1 миллион теңгеге дейін қарыз.

Үкімет халыққа берілетін кредит нарығының бұдан ары өсуін қауіпті деп санайды. Шыға алмайтын шеңберге кіріп кетуіміз мүмкін: инфляция жоғары болғанда базалық ставка да жоғары болып, кредит ставкалары қымбат болады. Кредит ставкаларының қымбаттығы борышкерлердің жағдайын қиындатып, олардың кредитті еселеуіне алып келеді. Кредит көбейсе инфляция да жоғары болады. Бізге осы тізбекті қалай болғанда да үзу керек.

Ең дұрысы — халық пайыздың жоғары екенін көріп, кредит алудан бас тартуы керек еді. Классикалық экономикалық сценарий жағдайында осылай болуға тиіс. Бірақ бізде аномалия орын алып, халық қымбат кредиттен бас тарта қоймады.

Соңғы 25 жылда кредит деген дүние қазақ халқына майдай жақты. Осының арқасында біраз шаруасын бітірген азаматтар аз болмады. Үйдегі көптеген тұрмыстық заттар, техника, көлік кредиттің арқасында жаңарды. Ипотекамен баспаналы болғандар көп.

Бірақ кредитін сәтті өтеп біткен үш адамға — кредитке шырмалып, қиналып қалған бір адам тап болады. Түпкі проблема — қаржылық сауаттың аздығында және «Үкімет өлтірмейді» деген ескі психологияның әлі де жойылмауында болып отыр...

www.qsauat.kz
https://t.me/qarzhylyq_sauat

20 last posts shown.