“(Мұхаммед (с.ғ.с)) оларға Алланның мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине, олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан олар үшін жарылқау тіле де, іс жөнінде олармен кеңес қыл. Сонда қашан қарар берсең, Аллаға тәуекел ет. Негізінен Алла тәуекелшілдерді жақсы көреді”(Әли Имран: 159).
Мұсылман ойшылы осы аятты талдап, Алла пайғамбардың қылығын басқаларға үлгі етіп, жұмсақ мінезді болуға шақырады. Дөрекелік пен қаталдықтың, тасжүректілік пен қатыгездіктің мұсылмандық үшін жат екенін көрсетеді. Себебі, жұмсақтық, адамға сақилықты, ибалық пен сабырлықты, кешірімділік пен қанағатшылдықты және Жаратушыдан қорқу мен тақуалықты, сондай-ақ, басқаға жәрдем беруге әзір тұру, жылы сөйлеу мен ынсапшылдық мінездерінің жемісін береді деп ойын топшылайды.
Әл-Ғазалише жұмсақтық(хильм) - адамның өз ашуын бақылауына алуы. Жұмсақтық сипаты - қаттылық пен момындық мінездерінің ортасындағы жағдай. Жұмсақтық мінезі, адамдардың кемелдігіне бастайды. Сондықтан бойында жұмсақтық қасиеті бар адам - кемелдікке ұласқан адам.
Әл-Ғазали: “Жұмсақтық - қаһарлану мен ашудан және уайымнан тұтанған отты өшіріп, нәпсіге иелік жасау шартымен оны уысында ұстау. Осы шартты орындаған пендеге қатысты, бойында жұмсақтық қасиетін мәртебесі бар деп айтуға болады”, деген. Жұмсақтық көркем мінездің жемісі. Адамдардың ең жақсы көретін жағдайларының бірі. Адам кемелдікке жеткен уақытта, жұмсақтық пен қаталдықты бір-бірінен айырмай, өз тиесілі орнында ғана қолдана алады. Егер адам жұмсақтық пен қаталдықтың қайсысын қолдануын білмеген уақытта, ол жұмсақтықты таңдауы тиіс. Себебі соңында үнемі жұмсақтық танытқандар табысқа кенеледі. Жұмсақ адам тыныш болғандықтан түрлі жағдайларда өзін дұрыс ұстайды. Ойламаған жерден тосын мінез көрсетіп, бұзықтық қылмайды.
Жалғас Сандыбаев “Әбу Хамид Әл-Ғазалидің “Ахлақ” ілімі”