Кешір деймісің? Кешіргеннен не өзгерер екен? Сенші дедің. Сене салдым. Саған сенгеннен жүрегімді суырып алып қолыңа ұстаттым. Не істедің? Қос алақаныңдағы қаны сорғалап тұрған сау тамтығы жоқ, шұрық-тесік жүректен көзің қарауытып, жүрегің лоблып, апардың да көшедегі қаңғыған итке тастай салдың. Итке жем болған жүректі қайдан таппақсың енді? Қаны сорғалаған қос алақаныңды сабынмен көпіртіп, ұнтақпен үйкеледің кеп. Сумен де жуып, сүтке де салдың. Бірақ алақанға жұққан қан кетер ме екен оңайлықпен? Айнаға қараған сайын түріңді сылап, сипағаннан алақандағы қан бетіңді айғыздап, жұға берді. Шашыңның әр талынан бейкүнә қызыл қан тамшылап тұр. Айнадан қатыгез жүрегіңнің түкпіріндегі тойымсыз жалмауыздың сұлбасын анық көріп, шошындың. Өзгенің жүрегі әншейін ойыншық па? Қанша жерден кешірім сұрағаннан селкеу түскен сенім қайтып бүтінделе ме? Сезім қайтып тірілер ме? Сүйген жүрекке сына қағып жаралап, түк болмағандай жүре беру оңай ма? Бір ауыз сөздің құдіреті сынаның орнын жаза ма? Кешегіңнің бәрі кешіріліп, бүгінің жайнап, ертеңің асқақтайтынын анық білемісің? Бір кешіріммен тәуекелге бел буамысың? Кешегі зұлымдық, бүгінгі бейтараптық, ертеңгі бойкүйездік. Жүрегіңнің жан айқайын естіп жүрмісің? Нағыз адам жүрекпен өмір сүреді. Әділдіктен аттамай. Алақаныңа салған жүрекке абай болу керек... Сенің жүрегіңнің әділдік алдаспаны қайралмағалы қай заман... Жүзі жұмсақ жүрекке тисе де майырылады. Осалдық па? Аярлық па? Адамды адам ететін адалдық қана. Адалдық жоқ жерде адамдық бар деу мүмкін емес... Бір ауыз сөз. Кешіру керек болса, мен-ақ кешірейін. Содан алдаспаның жарқыраса... (Feysa Rakhat)
#ойтүрткі
#ойтүрткі