🇰🇿 Имам Абу Юсуф хижри жыл санақпен 166 - шы жылы қазылыққа атанған кезде оның орнына мәжілістің басына Имам Мұхаммад шығады. Осылайша ол қайтыс болғанша дейін бұл істі адалдықпен атқарады. Имам Мұхаммад хижри жыл санақпен 189 - шы дүниеден өткен. Сонда қарап отырсақ 20 жылдан аса мәжілістің басында отырады екен. Имам Мұхаммад бұл арада бірнеше жыл қазылық қызметінде болғаны болмаса жалпы уақыттың көбін шәкірт тәрбиелеумен өткізді. Соған қоса Имам Ағзамның пәтуаларының кең етек алып жайылуына ең үлкен себепшісі болады. Өйткені ол Имам Ағзамның мәжілісінде талқыланған пәтуалар жинағын "Асл" кітабын ретке келтіріп, бір жүйеге салып риуаят етеді. Имам Абу Юсуфтың Имам Ағзамнан естіген риуаяттарды кітап күйінде "Жамиғус - Сағир" есімімен біздерге дейін жетуіне себепші болады. Имам Ағзамның мазхабын негізге алып Имам Ағзамның талқыламаған мәселелерді қарастырып кітап халіне келтіреді. Оны " Жамиғул - Кабир" деп атайды. Осылайша Ханафи мазхабында ең бірінші Тахриж (яғни Имам Ағзамнан риуаят келмеген мәселеге Имам Ағзам былай пәтуа берер еді деп Имам Ағзамның дәлелдерінің негізінде үкім шығару) жасаған ғалым Имам Мұхаммад болып есептеледі.