⚡️Айгүл Орынбек: Нұрымовтар отбасы өз қайғысымен жападан-жалғыз қалды...
Белгілі заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Талғардағы трагедия кезінде қаза тапқан Шерзат Болаттың ағасының өліміне байланысты
DALA INSIDE-қа пікір білдірді. Ол бұл оқиға тек бір отбасының трагедиясы емес, бүкіл қоғамның қабырғасын қайыстырып кетті дейді.
Орынбектің сөзінше, қылмыстық оқиға орын алғаннан кейін, отбасы мүшелеріне ауыр психологиялық салмақ түскен.
"Мұндайда психологтардың көмегі өте маңызды еді. Өкінішке қарай, біздің қоғамда адам өлімі орын алған жерлерде психологтардың
жүйелі түрде жұмыс істемеуі күрделі мәселе болып қала береді.
Жас баланың қайтыс болуы отбасының ішкі қарым-қатынасында ауыртпашылық туғызды.
Мұндай жағдайда, “егер сол түні бұлай істемегенде”, “мен кінәлімін” сияқты өзара айыптаулар мен ішкі күйзелістер сөзсіз пайда болады. Осылайша,
отбасы мүшелері бір-бірін немесе өздерін кінәлап, жағдайды одан әрі ауырлатуы мүмкін", - дейді заңгер редакция тілшісіне берген жауабында.
Бұл оқиғада, атап айтқанда, мылтықтың ағасының қолында болғаны туралы мәліметтер бар.
"Егер ол оқиға орнына қаруды алып келген болса, оның өзін-өзі кінәлі сезінуі мүмкін. Ішкі кінәлау сезімі оны осындай қадамға итермелеуі ықтимал. Алайда, бұл жағдай тек тергеу барысында толық анықталуы керек.
Дәл қәзір тергеу кезінде қысым жасалған-жасалмағаны туралы сұрақ қоғамда алаңдаушылық тудырады. Егер мұндай жайт орын алған болса, бақылаушы органдар, атап айтқанда прокуратура, бұл жағдайға тиісті құқықтық баға беруі тиіс. Бұл оқиғаның қоғам бақылауында екенін ұмытпаған жөн. Ашықтық пен әділдік принциптері қатаң сақталуы керек", - дейді Айгүл Орынбек.
Заңгер мұндай ауыр жағдайларда отбасына тек адвокаттың емес, психологтардың да көмегі қажет екенін атап өтті.
"Қайғыға душар болған адамдарға кәсіби психологиялық қолдау көрсету олардың ауыр жағдайдан шығуына және қателіктер мен қайталанатын трагедиялардың алдын алуға ықпал етеді. Біз бұл оқиғаны тек қайғы ретінде емес, қоғамдағы маңызды мәселелерді көрсететін жағдай деп қабылдауымыз керек. Отбасыға көмек көрсетіп, тергеудің әділдігіне қол жеткізу - тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті", - дейді Айгүл Орынбек.
Еске салайық, бүгін Алматы облысында Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев өлі табылған еді. Полиция департаментінің алдын ала деректері бойынша, ол суицид жасаған. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған. Бұл бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Шерзат Болат тарапының адвокаты Саида Тәуекелова жасөспірімнің ағасының өлі табылуына қатысты мәлімдеме жасаған.
Бұған дейін бірқатар телеграм-каналдарда “Шерзат Болаттың ағасы төбелес кезінде қаруды бірінші алып шыққан, сол үшін өзін айыпты сезініп, өз-өзіне қол салған” деген ақпарат тараған-ды.
Адвокат Тәуекелова бұл нұсқаны жоққа шығарып отыр.
“Біз Нұрқанатты
өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу органдарына өтініш жібердік. Күдіктілер Нұрқанатқа дене жарақаттарын келтіріп, 3-4 мәрте жамбасы мен төсіне пышақ сұққан. Аталған әрекеттер адамды өмірінен айыруға тікелей бағытталған, яғни нақты ниетпен жасалған деп есептейміз”, - дейді адвокат.
DALA INSIDE жағдайды бақылауда ұстауда. Бізге тіркелуді ұмытпаңыз👇
https://t.me/dalainside