Қате ойды дұрыстайық
Ғалымдардың есебі бойынша, мұсылман адам шамамен 85-90 шақырымнан астам жерге жолаушылап шықса, сапардағы адам болып саналады. Егер барған жерінде 15 немесе одан да көп уақыт тұрақтауды ниет етсе, қалаға яки ауылға кірген сәттен бастап намаздарын толық оқиды.
Осы тұста “әлгі тұрақтауға ниет қылған 15 күн қай кезден басталады, үйден шыққан күннен бе, әлде ниет еткен жеріне жеткеннен бастап 360 сағат, сәйкесінше - 15 күн тұрақтауды ниет еткеннен бе”, - деген сұрақ туындайды. Бұл сұрақтың дұрыс жауабы - уақытша тұрақтауға ниет еткен жеріне жетудегі күн есепке алынбайды. Яғни мақсат еткен жеріне жеткен сәттен бастап, 15 күнге ниет етуі қажет. (Фатхул қадир 3/34, Әл-бахр 2/132) Мысалы, вахтаға 14 күнге жұмысқа барған адамның жолына кеткен 1-2 күні қосып есептелмейді. “Жолға кеткен күндерді вахтадағы 14 күніне қосып, намазы толық оқылады”, деп айтпаймыз. Керісінше бұл адам намазын қысқаратып оқиды. Себебі бір мекенде тұрақтау - сол жерге кіріп, 15 күнді ниет етумен болады, сапарға шығумен емес.