«Станок қосылсын, ақша басылсын»Кеше Парламент төрінде қызық ұсыныс айтылды. Депутат Серік Егізбаев «станокты» қосыңдар, ақшаны басыңдар» деп Ұлттық банкке үн қатты. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығымен айналысатын аграрларда ақша жоқ. Егер Ұлттық банк ақша басып шығаратын болса, шаруалар оның орнын өз тауарларымен толықтырар еді дейді мәжілісмен.Ұлттық банк не дейді?Бүгін Сенатта тілшілер қауымы қаумалап жүріп Ұлттық банк басышының орынбасарын сөзге тартты. Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, яғни реттеушінің позициясы бойынша, бұл — тығырықтан шығатын жол емес. Себебі ақша басып шығару тек инфляцияны күшейтеді.
«Бұл — «кедейлерге салынған салық». Ол ең алдымен әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға ауыр тиеді. Олардың табысы құнсызданады. Ал, орта таптағы азаматтардың жинап отырған жинағы құнын жоғалтады. Сондықтан мұндай ұсынысқа жақсылап ойлану керек. Бұл тығырықтан шығатын жол емес», — дейді Ақылжан Баймағамбетов.
Жалпы, біз, қарапайым адамдар ойлуымыз мүмкін, елге (экономикаға) ақша керек, онда неге ол мәселені осылай ақша басып шығарумен шешпеске деп. Иә, бізге ол оңай көрінеді. Станокты қостың, ақшаны бастың, біз енді баймыз. Қолымызда ақша көп...
Білесіз бе, саланың жілігін шағып, майын ішкен кәнігі экономистер мұнымен келіспейді. Өйткені нарықта ақша массасы көбейген сайын оны жұмсайтын да жер табылады. Ақшаны біз көп жұмсаған сайын, тұтына берген сайын нарықта сұраныс күшейеді. Сол кезде бағаға баға қосылады да, инфляция ауыздықсыз қалады. Экономистер сол жағынан қауіптенеді.
Ақша массасы деген не?Осы тақырыпты ашайықшы деп қаңтар айында Ұлттық банкке сауал жолдағанбыз.
Елде айналымда қанша ақша бар? Ақша массасының көп болуы экономикаға несімен қауіпті? Ұлттық банк қандай жағдайда станок қосып ақша басып шығарады, ол үшін өз бетінше шешім қабылдай ма, әлде президенттің рұқсатын ала ма? — деп сұрақтар жібергенбіз. Соған берілген ресми жауапқа сүйене отырып, тақырып қызып тұған шағында қысқаша шолып кетейік.
Тұтас бір елде қанша ақша бар, соның бәрі — ақша массасы. «Масса» сөзі бұл жерде белгілі бір мөлшерді білдіреді. Бірақ ол мөлшер тек қолма-қол ақшаның ғана санын білдірмейді. Айналымдағы қағаздай (монеталай) ақша да, қағазсыз (электрондық) ақша да — ақша массасын құрайды. Мемлекеттің есебіндегі, халықтың қолындағы, заңды тұлғалардың шотындағы ақшалардың бәрі айналымда жүрген ақшалардың өлшемін көрсетеді.
Қазақстанда қанша ақша айналымда жүр?Ұлттық банк берген ақпаратта былай айтылған: 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша айналымдағы қолма-қол теңгелердің мөлшері — 4,7 трлн теңге. 2024 жылғы осы кезеңдегі жағдаймен салыстырғанда, 15,2%-ға көп.
Ақшаның шаман тыс көп болуы несімен қауіпті?Экономикада ақша массасы қалай өседі дегенге Ұлттық банк 3 факторды алға тартыпты. Олар — банктер экономиканы кредиттегенде, бюджет тапшы болғанда және сыртқы активтер ұлғайғанда.
Мысалы, елде тауарлар мен қызмет өндірісі бар делік. Олардың өндіріс қарқыны не өседі, не түседі. Ал егер тұтынушы тараптан сұраныс көбейетін болса, онда инфляция күшейеді деген қауіп бар. Бұның кері жағы да жоқ емес. Оны
дефляциялық қысым дейді.
«Егер тауарлар мен қызметтердің бағасы жылдан жылға төмендеп, экономика дефляциялық спиральге түссе, экономикалық белсенділік бәсеңдеп, бұрын Жапонияда байқалғандай, пайыздық ставкалар нөлге дейін төмендейді. Мұндай жағдайда ақша массасының өсуі экономика үшін аса қауіпті болмауы мүмкін. Бірақ, бұл сценарий Қазақстан үшін қазір өзекті емес», — деп жазылған жауапта.
Ұлттық банктің ақша басып шығару саясаты қандай?Инфляциялық таргеттеу режимінде біздің назарымыз ақша көлемін реттеуге емес, оның құнын базалық ставка арқылы реттеуге аударылады, дейді реттеуші.
Әрі қарай былай түсіндіреді:
«Базалық ставка — Ұлттық банктің негізгі құралы. Соның күшімен депозит пен кредиттің пайыздық ставкалары қалыптасады. Түптеп келгенде ол инфляциялық процестерге ықпал етеді».
Енді сіздер ақша массасының не екенін, оның шамадан тыс көп болуы несімен қауіпті екенін және елде қанша ақша бар екенін білесіздер.✅https://t.me/qarzhylyq_sauat