ЕНДІ ТЕК ШЫДАЙ БЕРЕМІЗ
Данияр Саламаттың «Талағын» көрдік. Бұл – осы кез туралы фильм. Фильмде ұдайы кездесіп отыратын ойлы детальдарды айтпай-ақ қоялық. Мәселе неден басталды? Бәрі Сарымсақтың «талақ» деген сөзді ойланбастан айта салғанынан басталған. Сарымсақ өкілдер келеді деп ойнаған көріністен жаттап алған сөзін айтты. Ол сөзді қалай, қашан, қай жерде, айту керегін білмейтін. (Сарымсақ – күрделі образ, бірнеше ипостасқа ие. Жуас та – сол, ынжық та – сол, білмес те – сол, керек болса жақсы адам да – сол. Режиссер оның бойына көп бейнені жинаған).
Осы білместігі – барлық проблеманың төркіні. Бірақ ол білмеймін деп ойламайды. Оқығанын емес, естіп қалғанын ғана айтты. Қазір бізде Сарымсақтар көп. Сарымсақ – депутат, әкім, министр. Оқығанын айтпайды, көп кеңесшілерінен естіген кеңестерін айтады (Әне, Сарымсақ не істеймін деп молда іздеп кетті). Идеяны біреу біреді, ақылды біреу айтады. Ал өздері қазір халыққа не айтып, не істеу керегін білмей жатыр (Бәрі емес шығар, әрине). Қалай істеп, қалай айтып, қашан орындау қажетін де ойламайды. Осы кезеңде біз ұлт ретінде бір орында тұрып қалсақ, оның себебі не? Тіл, мәдениет, саясат, экономикада ортақ проблема – жылжи алмай тұрмыз. Неге? Себебі – сарымсақтар әр жерде басшылықта. Олар не керегін, не істеу керегін білмейді. Бір естіп алған сөздерін айтып, жазып берген сөздерін оқиды. Проблема содан шығады. Білім жоқ. Жақсы адам шығар, көңілді жан шығар. Бірақ білмеу, айтып тұрған сөзіңнің, істеп жатқан ісіңнің мағынасын, мәнін түсінбеу – баянсыз тірлік қой.
Меніңше, Данияр Саламат «Мәселе неде?» деген сұрақ болса, соған жауап берді. Сол жауабы үшін, толғанысы үшін суреткерге рахмет! Қазір біз осы сұраққа жан-жақты жауап табуымыз керек шығар...
Ал Сарымсақтың күйеу ретіндегі образы – дәрменсіздігінде. Ол сатқындыққа сатқындықпен жауап бере алмайды. Сол өзінің шарасыздығына іштей қатты қорланады. Бірақ шыдайды. Әйелін бай ұрып, өлгелі жатқанын естіген сахнасы есіңізде шығар. Ештеңе айтпайды. Жылайды. Ол жылау басқа жылаулардан өзгеше жылау. Жақсы көру, ызалану, қорлану, налу, өзінің да сорлылығына тістену араласқан – жылау. Біз қазір жыласақ, көзімізден жас та шықпайтын болған. Жылай-жылай, жанарымыз да суалды емес пе?! Енді тек шыдай береміз.
Бағашар Тұрсынбайұлының фб парақшасынан