Си Цзиньпин Қытайдың елімізге ешқашан зиянын тигізбейтінін атап өтті - Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы екі ел арасында өзара визасыз режим орнатылғанын еске салды.
«Ешқандай көзқарас қайшылығы жоқ. Қытай үшін Қазақстан – аса маңызды стратегиялық серіктес. Қарқынды әрі жан-жақты дамып келе жатқан қазақ-қытай ынтымақтастығы, шын мәнінде, мәңгі стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Мұның Қазақстан мүддесіне сай келетіні сөзсіз.
Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Төраға Си Цзиньпин Қытайдың елімізге ешқашан зиянын тигізбейтінін, біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді барынша қолдайтынын атап өтті. Бұл – өте маңызды мәлімдеме», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы екі ел арасында өзара визасыз режим орнатылғанын еске салды.
«Жаңа бастама алыс-берісті дамытуға және екі халықтың достығын нығайтуға оң әсерін тигізіп жатыр. Қазақстан азаматтары Қытайды жаңа қырынан танып, оның технологиялық тұрғыдан алып мемлекетке айналғанына көз жеткізе бастады. Қытай жұрты да біздің отандастарымызға достық пейіл танытып отыр.
Жоғары деңгейдегі диалог 2025 жылы да жалғасады. Төраға Си Цзиньпин «Орталық Азия – ҚХР» саммитіне қатысады деп жоспарланып отыр. Оның Қазақстанға алдағы сапары, сондай-ақ биыл күзде Қытайда өтетін келіссөздер екі елдің сан салалы ықпалдастығын одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін», - деді Президент.