оқитын не бар?


Гео и язык канала: Казахстан, Казахский
Категория: Книги


• әдебиеттанушыдан шағын рецензия
• pdf пен epub нұсқадағы элкітап
💸донат үшін: 4400 4302 7546 2510

Связанные каналы

Гео и язык канала
Казахстан, Казахский
Категория
Книги
Статистика
Фильтр публикаций


If Cats Disappeared From the World. Genki Kawamura.epub
2.5Мб
Если_все_кошки_в_мире_исчезнут_Гэнки_Кавамура.epub
1.4Мб
кітаптың ағылшын және орыс тіліндегі epub нұсқасы. қазақ тіліне әлі аударылмады 🔖

💌 қосымша: арна иесіне аноним сұрақ/шағым/ұсыныс үшін t.me/anonaskbot?start=IDnxp9Xqz7sr6TK


«жер бетінде сайтанға жанын сатқысы келетін адам көп. өкініштісі, оны сатып алғысы келетін сайтан жоқ»

• • •

жапондар батыс жазушылары жазатын қарабайыр дүниелерді өз көзқарасымен жамағанда, онысы әдемі түрленіп шыға келеді. мысалы шығармашылықта неміс шал Гөте бастап берген, әлі де қайталана беретін бір мотив бар. ол – адамның өз жанын әзәзілге сатуы. дүниеден қызық көрмей, әбден іші пысып кеткен Фаустың Мефистофельге қосылып әлемдік тур жасауы – әуелде діни мифологияның төңірегінде пайда болған хоррор болатын. оны Гөтеден соң көп жазушы адамның ашкөздігін, тойымсыз нәйістігін дәлелдеу үшін түрліше пайдаланып келді де, жауыр қылды. бірақ солардың ішінде Генки Кауамураның романы жаңа заман әдебиетіндегі сәтті нұсқа деуге болады.

шығарма бас кейіпкер пошташы жігіт өзінің сырқатын біліп, өлуге шақ тұрғанын естігеннен басталады. мұндайды кім жазбай жатыр, иә? сапасыз француз ромкомдары мұндайдың жілігін баяғыда шағып тастаған ғой. әдетте өлетінін білген кейіпкер бірдеңелерді жасап үлгеруге тыраштанып, қапылып, өмірден бұрын алмаған ләззатын алуға асығады ғой. бірақ мұндайға Кауамураның қақырып-түкіргені бар. оның кейіпкері де өлім алдында жасап үлгеру керек 10 нәрсе деген клишені сандырақ санайды. сандырақ демекші, жазушы шындай етіп бейнелеген қызық бір элемент бар. пошташы өлерін білген уақытта оның өмірінде өзінен аумайтын, hawaii стилінде жейдеше киген сыңары пайда болады. ол бір анадан туған жан бауыры емес, адам кейіпіндегі сайтан болып шығады (олардың стилі hawaii деп кім ойлаған ққ). Гөтені бекер еске салмадым, Кауамураның кейіпкері де сол сайтанмен өмір үшін мынадай келісімге келеді:

бір күндік өмір үшін әлемдегі бір затты түгел жоқ ету.

бұл шарттың кейіпкерге берген әсері әлдеқайда күшті боп шықты. әдетте жапон прозасында бас кейіпкерлердің бір ұқсастығын жиі байқайтынмын: олардың бар эмоциясы кіндігін кескенде сонымен бірге көміліп қалғандай; кейіпі үнемі бір шаршаңқы, не шаттана, не ашулана алмайтын моаи мүсініне ұқсап кететін. алғашында осы романдағы пошташы да сондай енжар біреуге ұқсады. басында бәрібірист көрінген жігітке кейіннен «жан кіргендей» болды. сайтанның әлгі ұсынысын естігенде, өмірін елу жылға созудың жайын есептеп кеткен ол, күн өте өзі сүрген отыз жылдың босқа өткенін есепке алады. тіпті ол өз анасының өлімін әуелде Камюше немқұрайлы әңгімелесе, соңыра сол немқұрайлыққа іші ашиды. бұрын айтарға ақылы бар үлкендер «адам өлерде бойында өкініштен басқа ештеңе де қалмайды» деуші еді. өлерін естіген бұл жігіттің де өзегі кітаптың соңғы бетіне дейін жалғыздық үшін өкініштен тұрды.

бірақ пошташының көп дүниеге тіке, ешбір керім романтизациясыз қарайтыны аса жағымды. мәселен «егер фильмдер жоғалып кетсе» тарауында ол өзінің өмірі жайлы фильм түсірілсе, оның қандай боларын болжайды. ойлана келе, ол фильм ең нашар өмір туралы болған соң, оны көруге ешкім бармайтынын айтады. солай кейіпкер әсіресентиментал былжырақтан алшақ, нағыз реалист патсан екенін байқатады.

бір қызығы, шығарма көпшілік естіп үйреніп қалған «өмірлік мәні бар» цитаталар жиынтығын кері төңкеріп, қайта қарап, жаңаша жазғандай. мысалы өмір сүруді үйрететін ультрабақытты менторлардың «бақытты сәттерді бағала», «өмірден рахат ал», «бірдеңе-шірдеңе» деп қақсай беретін ұранын аутыр бәрімізді жауыр қылған сипаттан шешіп алып, cute неодәйексөзге айналдыра алған. оны былай қойғанда, жастарға тиіскен сайын әжімі азайып кетеді деп ойлайтын ересектердің «уақыттың бағасы», «телефонның зияны», «әке-шешені қадірлеу» секілді жаттанды ақылдарының маңызын аутыр оқырманның басынан нұқымай-ақ жеткізеді.

роман өзі қысқа болғанмен, ол туралы бұдан бөлек айтатын нәрсе көп. себебі керемет бір жетістікке жетпеген, ешкіммен араласпайтын, аса бір жолы бола қоймаған пошташы жігіттің әрбір күні үшін қай дүниені құрбандыққа шалатыны, өз өмірінің құнын өлшеуі, бағамдауы әжептәуір ойландырады. сонысымен сюжеті аса тартымды.

қысқасы бұл кітап өлім жайлы көп ойланып, кенгурудың құйрығындай ғұмырын босқа өткізіп жатырмын деп қапаланатын адамдарға ұнауы керек.


Генки Кауамураның ең танымал романы жайлы 🫧


David_Foster_Wallace_-_Infinite_Jest.epub
1.5Мб
Бесконечная_шутка_Дэвид_Фостер_Уоллес.epub
2.3Мб
кітаптың ағылшын және орыс тіліндегі epub нұсқасы. қазақ тіліне әлі аударылмады 🔖

💌 қосымша: арна иесіне аноним сұрақ/шағым/ұсыныс үшін t.me/anonaskbot?start=IDnxp9Xqz7sr6TK


жалпы Дәвид Фостер Уоллестің бұл ап-ауыр (тура мағынасында) кітабын жақсы не жаман туынды деп атауға келмейді. ішіндегі сұмдықтар, тым ашық бейнеленген дүниелер үшін ұятың оянып кетіп, намыстанып айыптауға да болады. мүмкін осынша анайы шынайылығы үшін қолпаштауға да болады. бұл роман – өмірдің өзі тәрізді. оқығанда жының келетін де сәттері бар, рахаттанатын да сәттері бар. Дәвид шын мәнінде роман арқылы оқырманға өз өмірін берді. содан соң ше? содан соң ақыры өз-өзін өлтіріп тынды. басқа суицидке барған жазушылар секілді Дәвид те басында сапырылысып, тоқтаусыз абалап жатқан ойларды жазу арқылы ақтарды. сөйтті де жай ғана кетіп қалды.

егер өмірімнің ағып жатқан уақытын тағы қисам, бұл романды тағы бір оқып, елеусіз қалдырған дүниелерді қайтадан іздер едім. өкініштісі уақыт жоқ :)

p.s. әрқашан осындай жаңашыл романдарды қолға алғанда, «түптеп келгенде әдебиет деген осы ма? роман деген осындай бола ала ма?» деген сұрақ туындайды. романдардың осыншалықты күрделі деңгейге дейін көтеріліп, өзің өлімсіреп құрап алған көзқарасыңды бытыратып жіберуі біздің сыншылар үшін әлі де түсініксіз. «көркемдік пен эстетика үшін жазатын (деп айтады өздері, негізі қаламақы үшін жазады ққ) жазушылардың осындай туындыларға келгенде қызыл кеңірдек болып қырылуы орынды ма, әлде әдебиеттің осыншалықты күрделі пішінін олар әлі түсінбеді ме?» деген де ой келеді. дегенмен Уоллестің осындай өте көлемді романдағы оқиғалар мен оған керағар ойларын оңайлықпен бір-біріне жалғай алуы шеберлік екенін мойындау да керек шығар.


өмірімде сатып алған ең қымбат кітабым болған соң стипендиямды осыған құртқаныма алғашында өкінген едім. бірақ соған қарамастан 1200 парақтың ішінде тізілген мыңдаған мәтіннің мәнін ұққым келді. сол қызығушылық мені Дәвид Фостер Уоллеспен таныстырды. әуелде тартыншақтап алғашқы сөйлемінде тұралап қалған едім. «бастар мен денелер қаптаған кабинетте отырмын» деген жерінен «қой, бір айналып келейін» деп, бір жарым жылдан соң белімді бекем буып қайта келдім. содан осы жазымның бір бөлігі Уоллестің бітпестей көрінген «шексіз приколын» оқуға кетті.

роман туралы қысқа қайыру тым қиын. себебі аутыр өмірін, өзі көргені мен түйгенін, түбінде өзін жұтып жіберген түнектегі ойларының бірін қалдырмай ақтарған. әуелде кітаптың салмағы өзімнен бұрын кітәкәндәй миымды қатты шошытты. бірақ әр тарау аттаған сайын бір-бір кітап бітіргендей болар деп, миымды алдаусыратып, тәуекелге барып бастадым.

егер оқуға кірісем десең, жазушының «шексіз приколы» ой бір керемет күлкіге қарық қылады деп үміттенуге әсте болмайды. бірақ аутырдың ойландырып барып мырс еткізетін юморы, сол юморының бетінде жұп-жұқа мұз тәрізді шындықты қатыруы қызық тәсіл. сол өз шындығын аутыр ақиқат ретінде көрсетуге, дәлелдеуге де барынша тырысады. солай аутыр нағыз алекситимик бас кейіпкері Хэлді жасап шыққан. сөйтіп өзі оның артына барып жасырынған. аутыр Хэлдің өзгелерге түсініксіз болмысын романның басында-ақ танытады. кафедрадағыларға Хэл өзі туралы пайымды әңгіме айтып отырғанын оқып отырасың. ал шынында оның сол жерде сөйлей алмай, жануар құсап ышқынып, ақырып жатқанын білесің. содан бастап Хэлдің кім екені, оның шынында қандай адам екені қызықтыра түседі.

жалпы жазушы өзінің эрудит екенін байқатуға тырысқан жері көп. ғылымның әр саласынан жинап алған күрделі терминдерді ол өзі түсіндіріп, бетіңе қарап отырмайды. «керек болса, өздерің біліп алыңдар» дегендей, әңгімесін жалғастырып өте береді. сол үшін де «Infinite Jest» – әшейін қолға алып, бір аптада бітіре салатын, кейін дым болмағандай басқа кітаптарды оқып кететін жеңіл дүние емес. қызығы, соңына дейін өзіңді жазушының дым білмес құлы секілді сезінесің. ол қандай да бір суперинтеллектуал дүниені сөз ете бастағанда, диктантта қаламы жазбай қала беретін бала секілді миың тежеліп, абзацтардың арасында маңырап қалып қоя бересің. сол үшін үлкен дайындықпен бастап, шамамен алдағы біршама уақытты осы романға арнау керек. кітапта кейіпкер көп. олардың абсурд әрекеті де көп. соған дайын болу керек.

одан бөлек аутырдың детальдарға шизоидтар секілді аса қатты мән беруі, оларды біртүрлі (әлде қызық?!) контексте жеткізуі, әсіресе саяси ойындарды, дәлірек айтқанда, айла-тәсілдерді спортты қақпайтындарға қап-қарабайыр көрінер теннис арқылы қабыстыра бейнелеуі – тіпті ойға кіріп-шықпайтын салыстырма.

айтқандай, «шексіз приколдың» ішінде теннистің алар орны – тастаған шелегің түбіне де жете алмайтын шыңырау құдықтай-ақ (типа өте терең дегенім ғой жаңағы). аутыр теннис туралы түсініктерді Рыбакина секілді аурушаң теннисшілерге қарағанда әшейін ойын деген дәрежеге емес, ауқымды өнер деңгейіне көтеріп тастайды. жазушылардың ішінде бұл туралы Уоллестен асырып жазған адам жоқ шығар. спорттан, жалпы теннис әлемінен екі көше әрі тұратын мен секілді жандар үшін аутырдың теннис ойынын тым ұзақ сөз етуі – миыңа шаш арасындағы биттер кіріп кеткендей сезіледі. азаптанасың, бірақ қыдығың да келеді (миыма бит кіріп көргендей жаздым ғой ққ).

жалпы мұнда теннистен де басқа айтарлық дүние көп. «Infinite Jest» бір дәуірде өмір кешіп жатқан қоғамды классик романдардағыдай «мына сендер андайсыңдар, сендер мұндайсыңдар» деп көз алдымызда жалаңаштап, айыптап, үкім шығармайды. олардың қылығын тұспалдай бейнелеп, сөздерін турасынан жеткізеді. онымен қоймай, олардың өмірін оқырманына сүріп көруге мәжбүрлейді. қайсыбірі дұрыс деп санайтын құндылықтардың ішінде сені бір аунатып шығады да, аутыр сол жерге өзіңді жалғыз тастап кетіп қалады. «түсінсең түсінгенің, түсінбесең, онда бұл жай ғана прикол» дегісі келгендей.


Дәвидтің «Шексіз қалжыңы» туралы 🫧


Тұрысбек_Сəукетаев_Мен_жындымын.epub
322.7Кб
кітаптың epub нұсқасы 🔖

💌 қосымша: арна иесіне аноним сұрақ/шағым/ұсыныс үшін t.me/anonaskbot?start=IDnxp9Xqz7sr6TK

1.2k 0 13 19 12

«Ей, мырзалар, адам сияқты өмір сүруге рұқсат етіңдерші!» деп қанша есікті қақтым. Бір есік тырс етіп ашылған жоқ. Ашылғаны тек, міне, Жындыхананың есігі...»

* * *

өзі тез оқылатын, бірақ бір оқысаң, естен шықпайтын роман болса, оның бірі – «Мен – жындымын». осыған дейін көбі айтты, көбі іздеді, көбі ұнатты, ұнатпағандар «кіл жындының бірі кітап жазды ма?» деді. бұл кітап өзің сынайын десең, айтар сыныңды сындырып, жындының сандырағын сөз қылған өзіңді сынайды. түптеп келгенде, қай жерін сынайсың? өзі де «мен жындымын» деп тұрса…

сонымен роман не туралы?

бәрі жынды деп айналып қашатын, өзі де өзін жындымын деп атап, ақ адал болмысынан қашуға тырысатын, бірақ қиялдағы қара шалдың нұсқауымен адамдықтан аттамай жүрген экономист жазушы еркек туралы. жасы болса қырықтан асқан. жазушы боламын деп жүріп, көрмегенді көрген. жоқтық пен тоқтықта қанша түзу жүрсе де, жегені жуан таяқ. бұл өмірде бітіргені алты-ақ роман, өзге бітірген ісі жоқ. кезінде қасында құрт құсап ирелеңдеп жүргендердің бірі министр, бірі дөкей болды. ал бұның жазғанын ешкім оқымайды, өзін де ешкім елемейді. қу кедей тірлікке шағынғанмен, диванда жамбасын тыр-тыр қасып жатады да қояды. оны бұлай деп мұқатқанмен, бас кейіпкер Тауфихті тірлігі оңбағыр оңбаған деп жазғырудың да мәні жоқ.

себебі ол – көпке ұқсамайтын болмысы бөлек жан. кейбір әрекетінде «әй, өйтіп істеме. не істеп тұрсың?» деп қақ шекесінен жынын қағып жібергің келеді де, шындап келгенде, сол «жындыны» күлкі етіп, көрге сүйрегендердің, өмір сүруді үйретуге тырысқандардың бірі – өзің боларыңды түсінесің. алыптармен күресемін деп диірменнен таяқ жеген Дон Кихот тәрізді ара-тұра Тауфих те реалдан алыстап, қиялға кетіп, сандырақтап кететіні бар. сондықтан оның аңғал кейіпіне тым қатал қараудан да именесің.

Дон Кихот демекші, аутырдың Сервантесті ойға серік еткенін әжуасынан байқауға болады. шығарманың басында кейіпкердің тірлігіне тырқылдап, жындылығына жырқылдайсың да, кейіннен мырс етуге де шамаң болмайды. бара-бара романдағы шын жынды Тауфих емес, оның жанындағы «кәдімгі» өмір сүріп жүргендер екенін түсінесің. шығармадағы кәміл жындылар – жылпос жазушылар, даңғой депутаттар, сабынды жағымпаздар, кембас бастықтар екенін ұғасың. сол «кәдімгі» адамдардың арасында жүрген бейшара Тауфихті аяйсың. оның бір басын сыйдырмаған, өзің де ішінде сылпып жүрген өз қоғамыңды аяйсың. көнбіс өзіңді аяйсың. ал шығарма аяғына таяу «қызыл шаршы» бөлімінде жындылардың хақы туралы сөз еткен аутыр қайдағы мен жайдағыны шындай етіп әңгімелеген соң, сол қызыл шаршыға тұрып, өзің де сандырақтағың келеді.

романда өзіме аса ұнамсыз болған үзінді – кейіпкердің өмірінде Үміттің пайда болуы. махаббаттың мұндай сүреңсіз де, сәтсіз формасы кейіпкердің жақсылыққа үмітін жалғағанмен, ертегіленген кәрі мен жастың сүйімі – жарлы үйде қалған аш бала-шағаның жанында сондай сүйкімсіз боп көрінді.

жазушы Тұрысбек Сәукетаев өзінің альтер-эгосы Тауфихтің атынан бірнеше көлемді шығарма жазды. «Мен – жындымын» бас-аяғы жинақы, жұмыр туынды болған соң, кейін оны Тауфихтің атынан жалғастырып, «Өлгендер қайтып келеді» деген екінші кітапты жазуын өз басым қабылдай алмадым. бірақ оны да жазған Сәукетаев болса, романды жалғастырудың қисынды жолын тапқан болар.


«Мен – жындымын» туралы 🫧


Шыңғыс Айтматов - Жан пида.pdf
17.2Мб
кітаптың қазақ тіліндегі pdf нұсқасы 🔖

🧷 кітап қазұу кітапханасынан алынды

💌 қосымша: арна иесіне аноним сұрақ/шағым/ұсыныс үшін t.me/anonaskbot?start=IDnxp9Xqz7sr6TK


роман не туралы десе, бірден жауап беру қиын. мүмкін романды діни семинариядан қуылған бишара Авдийдің сорлылығы туралы дерміз. онда өзге де бишаралардың сорлылығына обал болар. бір ғана роман, бірақ мұнда есерсоқ нашақорлар да, дінсоққандар да, қанішерлер де бар. табиғат еңіреп жылап, қасқырлар ұлып, киіктер қансырап қырылып жатыр. бір жақта Понтий Пилат пен Иса пайғамбар лд дебат ұйымдастырып жүр. осының бәрін бір қазанда пісірген – Айтматов. оның ғана қолынан келеді, бұл айтқанның бәрін былықтырмай, орнымен тәрелкеге салу.

сонымен «Жан пида» не туралы болды? «Жан пида» деп аударған Шерхан Мұртаза атын дөп қойған екен. расында роман әлдебір күрескерлердің жан(ын) пида қылғаны туралы. романның үш линиясы бар, әрқайсындағы әр маңызды кейіпкер әйтеуір я өзін, я өзгені құрбан еткендер, ой, жанын пида еткендер.

романдағы елеулі кейіпкер – Авдий Каллистратов. неге екенін білмеймін, өзім оны Достоевскийдің «нақұрысы» Мышкинге ұқсатқанмын. Авдий Айтматов үшін Иса пайғамбарға ұқсайтын жігіт. шіркеу қызметкерлерімен айтысқаны үшін шіркеуден қуылады. газеттегі жаңа жұмысы бойынша ол Шу алқабындағы наша саудасы туралы материал жазбақ боп, Мойынқұм даласына келеді. жұртқа ақыл айтып жүріп, талайдан таяқ та жейді. сол үшін жұртқа ақыл айтпай, жай кеңес беру керек десең. десе де Авдий әйтеуір адамның бір баласын болсын, тіршіліктің бір мақұлығын болсын құтқаруды көздейді. сол мақсатпен жүріп, ол Айтматовтың «дар ағашына» ілінген «неоиисусына» айналады.

адам емес елеулі кейіпкер болса, ол – Аққұртқа. талай баласынан айырылған аналық қасқыр Аққұртқа өз-өзімен тірлік етіп жүрсе де, ұрынарға қара таппай жүрген адамдар оның тыныш тірлігіне маза бермейді. қаншама адам баласынан өмір бойы қиянат көріп өткен Аққұртқа романдағы үш линияны өзі жалғап тұр. сондықтан «аутыр немене қасқырлардың бытавухасын айтып кете берет, құрсын» деп парақтарды өткізіп жіберуге әсте болмайды.

романдағы елеусіздеу кейіпкер болса, ол – Бостон. жоқ, бұл қаланың аты емес. Бостонның романға қандай қатысы бары соңындағы қысқа үзіндіде айтылады. оны елеусіздеу дегенмен, ол айтарлықтай маңызды кейіп. негізінен «жан пида» деген атау Бостонға да тікелей байланысты.

жалпы роман туралы ұзағынан, жұлын жегендей жағың талғанша айта беруге болады. оқып болған соң өз-өзіңмен диалог құрып, өзіңнен «сонымен шығарма Авдийдің сорлылығы туралы болды ма?» деп сұрауға да болады. роман оқыған соң ойдан оңай ұмытыла қоймайды.


Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасы» 🫧


Апиын мен таяқ. Мулуд Маммери.pdf
16.0Мб
Апиын мен таяқ. Мулуд Маммери.epub
251.3Кб
кітаптың қазақ тіліндегі epub және pdf нұсқасы 🔖

💌 қосымша: арна иесіне аноним сұрақ/шағым/ұсыныс үшін t.me/anonaskbot?start=IDnxp9Xqz7sr6TK


«…естімеу үшін құлағыңды бітейсің, көрмеу үшін көзіңді жұмасың, ал ештеңе көрмеген, естімеген соң, саған ештеңе болмағандай көрінеді. иә... тек түйеқұс қана кішкентай басын құмға жасырғанда, жуан бөксесінің бәрібір көрініп тұратынын ұмытып кетеді»

* * *

қазір біреудің жеріне біреу қызыққан, жазықсыздар аяусыз қырылып жатқан сұрықсыз бір кезеңде өмір сүріп жатырмыз. айдаладағы соғыстар мен қырғындар бізге қатысы жоқ деп өзімізді жұбатып, құлағымызды бітеп, көзімізді жұмып, түйеқұс құсап басымызды жерге тығып жүрміз.

негативтен қашамын деп өлімсіреп жүріп, осындай бір шығармаларды тауып аламын әйтеуір. жазушы Мулуд Маммеридің аталған романы француздардың боданында азаттықты аңсап жүрген алжир халқының өмірін баяндайды.

отарланған елдің еркіндікті аңсауы, ұлт-азаттық қозғалыстары, зиялылардың аяусыз атылуы – біздің ұжымдық санамызға таныс иістер, біздің пруст феноменіміз. сондықтан романдағы көп ой біздің оқырман үшін аса таныс.

неге «апиын мен таяқ»?
себебі аутыр бір елді отарлау дегеніміз апиын және таяқ әдісімен теңдес деп түсіндіреді. әуелде отарлаушылар көз тіккен жерінің тұрғындарына ілтипат білдіріп, достық ұсынып, алдаусыратып «апиын» жегізеді. ал егер оған көнбесең, мадағына мастанбасаң, достығына түкірсең, онда сені сатқын санап, тіпті өз ұлтыңның жауы деп айдар тағып, «таяқ» жегізеді. бұл екеуі бізге де таныс әдіс.

роман алжирдегі ұзақ жылдар соғысқа ұласқан, түбі тәуелсіздік алып берген революциясының жырын жырлайды. бас кейіпкер дәрігер Башир арқылы соғыстан әбден қажыған, шаршаған халықтың бітім-болмысын ашуға тырысқан. Башир бұл соғыста көп жақынын жоғалтады. өзі майданның нақ ортасында жүреді. ел астанасындағы тыныш өмірінен, сүйікті(сіз) француз қызынан кетіп, кіндік қаны тамған жер – Тала ауылына барады. ол бүлікшілерді емдемек те болады, солай жүріп француз әскеріне де ұсталады. қысқасы көрмегені жоқ.

романдағы нағыз бунтарь Башир емес, оның бала күнгі досы Рамдан. сол кейіпкер арқылы аутыр францияның сұрқия билігіне қарсы өзінің әжуа-мысқылын да, аяусыз айыбын да төгеді. апиын мен таяқтың мәнін де оқырманға Рамдан түсіндіреді. таяққа көнбеген Рамдан тәрізділер болса, апиынды пәшкілеп жұтқан, французға жағынған, өз ұлтын сатқандар Тайеб тәріздестер болды.

аутырдың бейнелеуі кейде ойды шатастыратыны бар (әлде аудармашының). кейіпкердің әрекетін сырттан суреттеп отырады да, арасынша оның ішіндегісін бірінші жақтан сайрата салады. орыс тілінен аударған соң шала-шарпы бейнелеулері көп. кітаптың ағылшын нұсқасын таппадым. дегенмен романнан жұрттың шекесін оятын өте өткір ойларды оқуға болады. жалпы Маммери бізге беймәлім алжир әдебиетін таныстыра алған жақсы қаламгер. тек аудармашысын таппаған шығарма дер едім.


алжирлік жазушы Мулуд Маммеридің романы «Апиын мен таяқ» туралы 🫧


сәлембердік, ағайын мен апайын! 🪽

қарызым мен парызымды өтедім:
диссертациям қорғалды.
ғылыми дәрежем қолымда.
енді арнада жиі жазба қалдыруға тырысамын.

бірақ телеграмды күнара пиқылдатып, көрінген нәрсені сағат сайын жаза бермеймін. сондықтан менің тарапымнан ұзаққа созылып кетуі мүмкін тыныштыққа дайын болсаңдар. ал пікір алаңындағы бір тыншымайтын, тоқтаусыз у-шу талқыға қарсы емеспін. сол үшін жарға қарап отырмай, мен жазған жазбаларды, я мен жазбаған кітаптарды жіліктеп жіктеп, таласып талдап отырғандарыңды сұраймын 💭

айтпақшы арнаға қосылғандар мен оларды қосқандарға, бірді-екілі донат жіберген кісілерге алғысымды айтамын! 💕

арна титімдей игілікке болсын жарайды деп үміттенемін :)
астыда қақталып қалған екі рецензиям мен кітаптардың элнұсқасы 📩


сәлембердік, ағайын мен апайын! 🪽

💭 арнада комментарий өшіп тұрғанын білмедім. кілең үндемейтін адамдарды жинап алдым ба деп ойлап жүрген едім :)

енді пікір алаңы ашық. қанкүйерлерге де, жанкүйерлерге де ой бостандығы беріледі. ал жұртқа естіртуге болмайтын нәрселер болса, аноним хабарлама жазуға сілтеме жоғарыда

назар аударғандарыңа рахмет 🙌


Жаза – Әкім Тарази.pdf
8.0Мб
кітаптың pdf нұсқасы 🔖

🧷 қолжазба ұлттық академиялық кітапхана дерекқорынан алынды

💌 қосымша: арна иесіне анонимді сұрақ/шағым/ұсыныс үшін t.me/anonaskbot?start=IDnxp9Xqz7sr6TK


меніңше соғыс туралы, не соғыс қатысқан адам туралы шығарма осындай сұмдыққа толы болуы керек. оқығанда кемі бір апта ес жыя алмауың керек. соғыс енді болмасын деп тілеуің керек. жапондардың соғысқа қатысқан өз әскери адамын да «солдаттың киімін киген көрінбейтін адам» дейтін мысқылы біздің әдебиетке әлі де келмеді. адам өлтіргеннің бәрін залым көретін сол жапон жазушыларына тән идея Әкім Таразидің осы қысқа романында қалпын бұзбай берілген. тек роман соғыстың өзі жайлы емес. одан да зорғысы – оның салдары жайлы. жайлы да емес, соның турасындағы дүние. жасырын, я болмаса аутыр жасыруға тырысқан детальдар бар. оқуға тұрарлық.

Показано 20 последних публикаций.