men❤️‍🩹


Channel's geo and language: Kazakhstan, Kazakh
Category: Quotes


оқшау ой.
санаға салмақ салар сөз.
терең ойдың телміріп соңына ерген. ілім дәриясынан маржан терген.
көрген-баққан.
оқу-тоқу.
жазған-сызған.

Related channels  |  Similar channels

Channel's geo and language
Kazakhstan, Kazakh
Category
Quotes
Statistics
Posts filter


– ағай, жас келді ғой, қашан үйленесіз?
– жас келгенде емес, керек кісің жолыққанда үйлену керек. жас келгенмен, жауапкершілік “келмесе” тағы қиын…

*жолығу демекші, адамдар кейін жолықпайды олардың рухы әуелден бірге болған, сезеді. тек кейінірек кезігеді деуші еді…кей кісілерге қарап аңсарың ауып, көңілің кетіп, сөйлескің кеп тұратыны қайда… дәл сол сезім💖


мәһір демекші…💰
имам Ғазалидің кітабынан түйгенімді жаза кетейін.

ниет – амалға себеп. дене (сыртқы пішін) – ішкі ниетке себеп. қоспасыз ниет қана ықылас деп аталады. біреу айтқасын ғана немесе “аз тамақ жеп денсаулығымды да жақсартып алатын болдым, ауызашарға шақырады” деп бекіткен оразаның ниетінде қоспа бар, ол Хақ тағаланың ғана разылығын көздеп жасалмаған делінеді.

жә… амалдың рухы, салмағы тәнің арқылы жасалған қимылдармен емес, ықылас-ниетпен өлшенеді. тағат-құлшылығыңды денеңмен қанша әрлесең де, ішіңе сәулесі түспесе бекер.
амалға үкім (жақсы-жаман, шынайы-жасанды) істің әу бастағы ниеті арқылы беріледі. мәселенки, үйленейін деп отырған біреу имам мен қалыңдықтың көзінше “мәһірін берем, өтеймін” деп тілмен уәде етіп алып, алайда іштей “ұмыттырып жіберем, бермеймін” деген жымысқы ниетпен неке қиса, некесі қиылған сәтте зинақор болады. себебі, некенің негізгі шартынан аттап, іштей тәрк етуді қалап неке қиды. сырт көзге амалың дұрыс-ақ, ішкі ниетің іріген болса бекер. дәл сол сықылды қарыз аларда уәдені үйіп-төгіп, іштей “ұмыттырып, қайтармай кетем” деген ниетің болса, қарызды қолыңа алған сәтте саған ұры деген үкім беріледі. үкім жүректің қалауы мен халіне байланысты беріліп отыр.

💰p.s.: еее, біздің қазекең өзіне таныс емес терминге еліргіш, еліктегіш келеді ғой. мәһіріне аузын айға білеп, үй, көлік сұрап жүрген әпке-қарындастарымыз ол шариғи термин екенін, сол шариғаттағы некенің шарты мен қақысын біле ме екен…неке – ақыреттік құндылық. ол дүниеуи, уақытша құмар үшін құрылмайды. дүниеуи жылтырағы бар жағын ғана жақсы көріп, ішің еріп, ақыреттік бөлігіне былқ етпеуіміз қалай…мәһіріне ат басындай алтын сұрап жүргендеріңіз ақыретке сене ме екен әуелі, соны ойлаңыз.


🎁
бүгін…жасыма жас қосылған күн.

Жасаған Иемнің рақым-шапағатына шүкір дейміз.
қартаймадық. қайта алмайтын, қайтармайтын дем ақырет қазынасына жиналып, қатталып жатыр. бәріміздің барар жеріміз, тұрақтар мекеніміз даяр. әр қадам – деміміз. бір күні дем үзілер. әзірше ол дем-қазынам қолымда тұр. жан қалтамда жүр.
жасармадық. “жасар ма едік?” деген іс көбейді. адам қартайған сайын құлшынысы жасарады деген рас.
ес кірді. асыл мен тасырдың, арзан мен маржанның, ақыл мен тақылдың парқы білінді. ескіретін нәрсе культ боп жарытпайды, ес кіргізбейді, тегінде.

осы отырған ойлы оқырманыма ықылас-пейілі үшін разымыз. жүрек үніне үңілген, көңіл айнасына дақ түспеген сәулелі кісі болмаққа ниет етейік🩷


☁️
“жанып тұрған шамның майы төгілген сайын жарқырай түседі…” адам да солай. “жарқырау” үшін көз жасы керек болады кей кездері. шынайы, риясыз.
шын тәубенің көз жасына періштелер таласады дейді кітаптарда.
бір тамшы көздің жасындай…



қазақта құт деген киелі ұғым бар. құт санға бітпейді, санаға бітеді. олай дейтініміз – берекет көпте емес, қанағатта. құтты ешбір санмен, еш арифметикамен есептей алмайсың. ынсап жоқ жерден құт қашады.

құт іске қонбайды, “ішке” қонады. іш дегеніміз – рухани әлем. сыртын сылағанмен, ішің лас болса бекер. олай дейтініміз – әл жетпеген жерге жүйрік көңіл жетеді. қайыр қыла алмағанның пейілі таза болса, жақсылыққа іші ерісе, құт қонғаны…істей алмаса да.

құт қонған кісі “бас көзімен” әуре болмайды әсте. кісінің сыртына қарап үкім шығармайды. ішіне үңіледі.

құт қатты айғайға қонбайды, үнсіздіктен үн іздегенге қонады. гүлді найзағайдың күркіреуі емес, жомарт жаңбырдың сылдыры өсіреді.
…әйтпесе, дауыстың зоры есекке тән. оған сүйініп жатқан ешкім жоқ. көңілге жол салар үн биязы, жұмсақ келеді. қатқыл үн жүректі жұмсартпас…

🪻құт қашпасын.


4️⃣0️⃣🔝

жақында “жаһан” журналынан қызықты бір мақала оқып қалдым. содан тобықтай. сүбелі деген жерлерін жаза кетейін.

адам баласының кемеліне келіп, өзінің саласында салуалы биікке жететін кезі – қырықтың төңірегі екен.
кей кәсіпкерлер жас кезінде жасындай жарқылдағанымен, өмірлік жобаларын қырықтан асқанда жүзеге асырыпты.
марк тсукерберг пен билл гейтстің әлемдік империяларының іргетасын жиырмаға жетпей төсегені, стив джобстың аpple шаңырағын жиырма жасында көтергені де рас.

☕️бірақ джобстың бағын ашқан, табысын молайтқан жұлдызды инновация – iрhone жұртшылыққа жеткенде ол 52 жаста екен.

↗️сол сияқты жеф безос кітап сататын платформа – amazon-ды әмбебап дүниеге дүкенге айналдырғанда 45-те еді.

📚пенсильвания университеті жанындағы уортон бизнес мектебінің профессоры даниел кимнің зерттеуі бұл сөзімізді қуаттай түседі.
Оның әріптестерімен бірге жүргізген “аge and high growth entrepreneurship” деп аталатын ғылыми жұмысы америкадағы ең табысты кәсіпкерлердің жұлдызы жиырмада емес, алпыста да емес, қырықты орталаған шағында жарқырайтынын көрсетеді.

даниелдің айтуынша, 2007-2014 жылдар аралығында ақш-та компания құрған кәсіпкерлердің орташа жасы – 42.
даниелдің командасы зерттеудің аймағын кеңейтіп, хай-тек стартаптар мен патенттерге байланысты салаларды да тексеріп көрді. ғажабы сол, бұл тарапта да орта жас – 43 жас екені анықталды.

✏️кремний аңғары мен бостон төңірегін ғана зерттеу нысаны етіп алды. сөйтсе, бұл жақта да бизнес негіздеушілердің дені отызды жеміріп, қырықты толтыра бастаған байсалды кісілер екені белгілі болды.

💬тарихқа қарасақ, қалам ұстағандардың да өмірлік жобаларын қырықты алқымдаған кемел жаста тәмамдағанын байқаймыз. мысал үшін, толстой өзінің “соғыс және бейбітшілік” деп аталатын атақты шығармасын отыз алты жасында батсап, қырық бірінде тәмамдапты.

📚мұхтар әуезов те “абай жолының” бірінші кітабына осы жаста кірісіпті. толстой мен деңгейлес жазушы – тургенев те “рудин”, “дворян ұясы”, “қарсаңда”, “әкелер мен балалар” атты романдарын отыз жеті мен қырық төрт жас арасында таңбаға түсіріпті.

☁️бальзактың “горио әкей”, “үзілген үміттер”, “аңғардағы лала гүл”, “цезарь бирото”, “ескілік мұражайы”, “аңғардағы лала гүл”, “цезарь бирото” тағысын тағы романдары өмірінің осы белесінде дүниеге келіпті.
достоевский қырық жасында “тапталғандар мен қорланғандар”, қырық бір жасында “өлі үйден шыққан жазбалар”, қырық төрт жасында “қылмыс пен жаза” романдарын жазса, джойс қырық жасында “улисс” романын, хемингуэй қырық бір жасында “қоңырау кімді жоқтап күңгірлейді” романын жарыққа жеткізіпті.

💡келешектің кірпішін қалайтындар қызу қанды жиырмадағылар мен отыздағылар емес екен, байсалдылыққа жеткен, абайшылдықты үйренген қырықтағылар мен елудегілер екен.
жұмыс орындарын ашып, халықтың әл-ауқатын көтеретіндер де, мемлекетке салық төлеп, келешек ұрпақтың жолын ашатындар да осылар екен.

💡демек, университетті бітіре салысымен, стартапер атанғысы келетіндер мен әлемдік компания құрғысы келетіндердің салы суға кетіп, жолы болмай жатса, жабықпауы керек.
тсукербергше түнекті жарып шыға алмағандарына налымауы керек.
себебі өмірлік шаруаға кірісетін жасқа келмеді, бар қызығы алда деген сөз.

🔗жаһанды” жата-жастана оқыңыздар, ағайын.


Video is unavailable for watching
Show in Telegram


ағайым қайтқалы жыл өтіпті. шын дүниесі, бақи мекені пейіш, арты кеніш болғай жарықтық ағайымның.

өкіл баламсың” деуші еді жымиып. ғылымдағы әкем, кафедрамыздың дуалы ауыз ақсақалы, қазақ тіл білімінің жоғын түгендеп, тарихи грамматикада соны соқпақ, тың тұжырым, іргелі теориялық әдістеме ұсына алған санаулы ғалым еді…
ағайым көңілшек, кісіге қылдай қиянаты жоқ көгершін кісі еді…”таңдауым саған түсіп отыр. тақырып берсем, қорғай аласың ба?” дегені есте. ағайды өзімше бір аптадай күттіріп барып, алдына барып, батасын алып едім. баламысың деген…үйіне талай қонақ қылды. соңғы уақта практикалық сабақтарын жүргіздім. жүзі жылы, сөйлесе сойып, ойласа ойып түсетіндей санасы сергек, шын ғалым еді…
ағайым бақытты ұстаз, ақ жолдан айнымаған ұлағатты кісі еді…қарыздармыз! сағынамыз.
сабағын дұға-зікірмен бастайтын. аузынан Алласы түспеді.

p.s.: мына видеода “жиырма жылда жолыққан, ілімімді жалғастырар жалғыз шәкіртім” деп отырғаны мен едім. тілдің пайда болуы, дыбыстар тарихына қатысты (неотип, архетип, прототип” диссертация жаздырды.
қола кілтін аманаты еткендей болды
осы сұқбатынан-ақ ағайымның ақсақалға тән алымды ақылын, бекзат болмыс, терең пайымын аңғарасыз.


‼️
жүзім жеп жырғап жатсыздар ма?) өткенде дубай асқан шоколадты итпен іздеп, дүрлігіп, жеп барып тыныш тауып едік. ел боп еліріп, жұрт жоп жабылып жүріп саттық. біреудің қаңсығын таңсық қылғанға, дөй даладағы біреуді байытқанға мықтымыз. жооқ…санаға салмақ салар сүбелі сөз, пайдалы журнал, мықты бір дәріс шықсыншы…қыстырмаймыз, қызықпаймыз, таратпаймыз, елірмейміз. бір мысал келтірейін – өткенде қбту ұжымы үлкен ғалым, профессор барбара оаклидің дәрісіне шақырды. о кісінің “аты дүркіреп тұрғаны елге мәлім” тамаша ғалым. “learning how to learn” деген идеяны насихаттап жүрген зерделі зерттеуші. соған толық қатыса алмай, youtube-тан дәрісін іздемеймін бе, содан қызық…аксондар мен нейрондарға қатысты дәрісін орысшаға аударып, жүктеп қойыпты. 17 қаралым, 0 лайк, ешкім бөліспеген, таратпаған, іздемеген! теп-тегін дүние. шоколад іздеп шарқ ұрған, жүзім жеп жырғаған жұртты ойладым… ойға қатысты, жазу-сызуға байланысты, дін-дүниеге тиісті ілім-білімге келгенде кежегесі кейін тартып, тыржиятын қоғамдамыз. сөйтіп отырып, Абай айтпақшы, “күлмеңдеп келер көздері, қалжыңбас келер өздері, кекектеп секек етем деп, шошқа туар сөздері”.
дүниеге дүрліккіш, мақшарға амалсыз…көпте ақыл жоқ.


кітапсыз=ойсыз
ойсыз=мақсатсыз
мақсатсыз=қарекетсіз
қарекетсіз=бос
бос=амалсыз
амалсыз=жансыз


🏌️ой – адамның қайрағы.


🧠
деректі фильмнен түйген ой:
“санасы лайланбаған баланың қолына интернеті бар смартфон ұстату оған есірткі сатып әпергенмен тең.
неге дейсіз бе? екеуі де ми құрылысын айтарлықтай өзгертеді. әсері, зияны бір. біраз уақыт наша шеккен кісінің миындағы зақым қандай болса, телефонға тәуелді кісінің де санасында, миында да сондай өзгеріс болады”


түркі дүниесінен нобель алған жалғыз жазушы орхан памукты айтам…бір кітабында бүй депті: “достоевскийдің “братья карамазовы” романын алғаш оқығаным есімде қалыпты. он сегіз жаста ем. терезесінен босфор көрінетін бөлмеде өзім жалғыз отырып оқитынмын. әкемнің кітапханасында осы романның қырқыншы жылдары аударылған нұсқасы мен констанс гарнеттің ағылшынға аударғаны бар-тын”. памуктың өміріндегі үлкен жаңалық, ой-санасындағы арпалыс, таным өресіндегі жаңа өріс осы романды оқыған соң басталып кеткен екен…

оны неменеге жазып отырмын?
⚡️памуктай қалам тербер, өнімді жазар, соны соқпақ салар, нобель алар кісі он сегізінде “жаспын” демес керек. тереңдеген сайын кереңденер ұрпақ мәтіннен мән іздемейді. көптің бірі болмау лазым.
⚡️үйдегі кітапхана. әкесі қырқыншы жылдардың өзінде орыс романының бірнеше нұсқасын үйге әкеп қойған. харвард зерттеуі бойынша көзі қарақты оқырманды, зейінді зерттеуші, ілім ізденген шәкіртті ойлы ата-ана, кітапқа шұқшиған отбасы тәрбиелейді.
қарымды қаламгерді “оқырман отбасы” тудырады.

сөзіміз дәйекті болсын деп мына бір зерттеуді ұсынам:

https://www.sciencedirect.com/science/article/abs/pii/S0276562410000090

кітапқұмар баланы тамақ ішіп болғасын телефон шұқып жайына кететін әке мен шеше емес, терең ойлы ата-ана баулиды дейді. авторлар 27 ұлтты назарға алып, 70 мың деректі дәйек қылады.

🔺p.s: the atlantic жариялаған “why some people become lifelong readers” атты мақалада қалам ұстап туған балалар мен “оқырман отбасының” түр-тегін жіліктеп, тарауларға бөліп тұрып беріпті. ілім ізденген талапкер оқыса деп отырмыз.


Абай айтқан өлшем‼️

біз осы өзімізді мұсылман деп есептесек, Абай сөзін ескерсек керек екен. хәкім атамыз “нағыз мұсылман кім?” деген сұраққа қара сөзінде былай деп жауап қайырады:

“кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы – олар да бірдей болмайды. мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса – мұсылман емес”.

ал енді, ойлан. ненің уайымы сені көтеріп жүр? сені қозғап тұрған қай қайғы, қай қуаныш?

💌p.s.: меніңше, Абай атамыз айтты деген сөздердің ішіндегі сарасы да, төресі де – осы.


‼️қарашаға тіркеу ашық.
адам жол таппай адаспайды, ой таппай адасады” деген сөз бар. тақыл-тұқыл ақпардан, жеңілтек контенттен жалықсаңыз ойшылдарға, ілгерідегі ізгілерге жүгініңіз…

🚀мына жерге жазыңыз:
https://t.me/aryn_qunanbai


🧮
біздегі мұғалімдердің көбі мақсұты мен құралының орнын ауыстырып алған. мұғалім пәнді емес, пәнді үйренудің тиімді жолын үйретуі тиіс еді. үйренудің өзін тартымды, сүйкімді бір іс етіп көрсетуі тиіс еді…біздікілер пәнін, ережелерін, тақырыптарын тықпалайды. қызықпасаң (қызықтыра алмай отырып) қатеге санап, екі қояды, ұрысады.
математиктің міндеті баланың сартылдатып санап, берген есебін ойланбай шештіру болмауы керек. себебі… (1) ол мақсатқа жетпейсің. баланың бәрі санды сүйе бермейді. (2) ондай функцияны калькулятор атқарады. сіз іздеген машық балада жоқ.
балаға математиканың өзін емес, қоршаған орта, мына әлемдегі математикалық заңдылықты байқап, есептеп үйренуді үйретуі тиіс екен…есептің өзін емес.


🇰🇿
елдіктің ертеңі, таным тұтқасы – тіл. дәл біздің құндылықтар қарымы көмей мен көкейге біткен, таңдай мен маңдайға құт боп дарыған тіліміздің көкжиегіне тікелей тәуелді. дәл бүгінгі айшықты күннің атаулы ісі – тілім-тілім болған тілдің жыртығын жамау, керегін түгендеу.
ту ұстап ән айту, ышқынып флешмоб түсіруден май шыға ма?! ондай науқаншыл үрдісті өзім жақтыра бермеймін…нақты пайдасы тиетін, адамдық қарызы мен игілігіне жарайтын салмақты амалдың соңына түспек керек…

🔠қараша айының концерттік кестесі
✅қарашадағы концерттер кестесі
✅қараша айындағы концерттер кестесі
✅қарашада өтетін концерттер кестесі

🔠кішіпейілділік, бауырмаластық
✅кішіпейілдік, бауырластық

🔠бірдеңені үйренудің тез жолы
✅бірдеңені үйренудің төте жолы

🔠…келесі сұрақтарға жауап береді
(…на следующие вопоросы)
✅мына сұрақтарға жауап береді

🔠доценттік кабинет, дәрігерлік кеңес
✅доцент(тер) кабинеті, дәрігер(лер) кеңесі

🔠талқылау арқылы өткен сабақ
✅талқы сабақ
✅талқылаған сабақ
✅талқыға салған сабақ
✅талқыланған сабақ

🔠тілді сақтау
✅тілге ие болу
✅тілің тарту
✅тіліңді тыю

🔠маман ретінде көру қиын
✅маман деп тану қиын
✅маман деу қиын

🔠…болмашы дүниемен әуреге салуы
✅болмашы нәрселермен әуре етуі
✅түкке тұрмайтын дүниені әуре етуі, сарсаңға салуы
✅күйкі тірлік, қу дүниенің әуре-сарсаңына салуы
✅қу дүниемен әуреленуі

🔠мүлк
✅мүлік

🔠осындай сипатта боп қалудан сақтана біл
✅осы сипатты пендеге ұқсаудан сақтан
✅сол сықылды сыпаттан сақтан
✅осы сыпатты кісілерге ұқсаудан сақтан
✅сондай сүйкімсіз сипаттан сақтанғаның жөн

🔠қарилық орталық
✅қарилар орталығы

🔠кафедрада лайым осындай мәжілістер
✅кафедрадағы әдеттегі мәжіліс
✅кафедрамыздың дәстүрлі мәжілісі

🔠әлсіз жігіттің назары қызда
✅нашар жігіттің көңілі қыздарда
✅әлсіз жігіттің ойында қыз-қырқын

p.s. бұлардың көбі стильдік айшыққа, қазақы сөзсаптам жүйесіне томпақ келетін мысалдар.


соңғы бір-екі ай күні-түні метрода жүріп жатырмыз. қбту-ға солай жетпесем, қала іші кептеліс. мініп-түскенде байқаймын, қолына кітап ұстап, бірдеңелерді оқып тұрғандардың көбі қыздар. түгелі десем де жігіттер ренжімес. бозбала біткеннің бәрі смартфон сипап, өзегі талып, көзінің нұры тайса да ойын ойнап тұрады. ой қозғауды, санаға салмақ салуды қажет етпейтін қоқ-соқпен әуре көбі, салпаң-салпаң…жігіттік шақта ауа теуіп салаңдағандар со беті бостыққа, кежірлікке, әуейілікке әуестеніп, қоғамға пайдасы тимейтін, қажыған, еріккен, идеядан мақұрым, мақұлдасқыш көптің бірі болады екен…

имам Ғазалидің кітабынан оқығаным бар еді:бос отырған жігіттің жолдасы шайтан болады. оның жүрегі де аты жаманның ұясы. жігіт адам кәсіп, жұмыс-шаруа істеп, зікір айтып өзін шайтанның шатпағынан алыстатсын. жүрегін айтқанына көндіре алмайтын әлсіздер бойды босқа салмай, денесін еңбекке баулысын, жұмыс істесін. бұндай жастың бос отыруына болмайды. хадисте де “Алла тағала бос жүрген жасты ұнатпайды” делінген.


стилистка сабағы✏️

🔠ең жақсы дұға не?
✅дұғаның абзалы қайсы?
✅ең жақсы дұға қайсы?
✅дұғаның төресі қайсы?

🔠пәлен кісі тегін тұлға болмаған.
✅пәлен кісі тегін адам емес
✅пәлен кісің оңай адам болмағанға ұқсайды
✅пәлен кісіңіз текке жүрген адам емес

🔠тән ризқы
✅тән(нің) ырыздығы

🔠сауатыңызды ашып жүріңіз
✅дұрыс сөйлеңіз
✅тіл ұстартыңыз
✅сауатты болыңыз

🔠мен жеңілгенде үш қана қоңырау түсті
✅мен жеңілгенде үш-ақ адам хабарласыпты
✅ұтылғанда мені іздеген үш-ақ адам болды

🔠тағамдағы ысырап
✅ішіп-жемнің ысырабы
✅тамақтың ысырабы

🔠уақыттағы ысырап
✅уақыттың ысырабы

🔠харамға шығын жасау
✅арамға шабылу
✅арамға шығындалу
✅арамға ақша шашу

🔠сол мүмкіндікті жіберіп алмау керек!
✅сол мүмкіндіктен қақас қалмау керек!
✅сол мүмкіндіктен қапы қалмау керек!
✅сол мүмкіндікті текке жібермеу керек!
✅сол мүмкіндікті зая кетірмеу керек!

🔠шаштың сиректеуі
✅шаш сиреуі

🔠ширақ әрекет жасау керек
✅ширақ қимылдауы керек

🔠ғибратты оқиғамен сіздермен бөлісейін
✅ғибратты оқиғаны сіздерге айтып берейін

🔠сәлем беруде сараң
✅сәлемге сараң

🔠нәзік тақырып
✅шетін тақырып


көрегендік…біреудің қылығын мен былығын, кем-кетігін көрмейтін кісі оғлы жоқ. шұқып-нұқып, саусақ шошайтатындар, пыш-пыш өсектейтіндер иттен де көп. нағыз әдеп иесі, көрегендер ғана көрмеген кейіп, байқамаған сыңай танытады. көріп тұрғанның бәріне көпіре берсең нең қалды…оны “тағафуль” деп жатады.

насихатшының өзіне тиісті насихат бар…
біздің міндет бауыр болу еді ғой. сүннет жолы, мұсылмандық әдебі “көңіл қағбасына” тас атпай, тігісін жатқызып сөйлеу еді ғой.
күнә дәриясына ғарық болған, нәпсі батпағына белшесінен батқан адамды құтқару үшін “қолыңды бер” дейтін бірбеткейлер емес, “қолымнан ұста” дейтін жауанмәрт кісілер керек.

біреудің мінін кешірсең,
саған да Құдай кешеді.
бәрін де қылмай, есірсең,
төбеңді əлі-ақ теседі.

көңілі жұмсақ адамның
күрмеуін Алла шешеді.

рахымсыз, пейілі жаманның
орны дайын деседі”
Шәкәрім қажы.

🔗үзінді имам Ғазалидің “Бақыт формуласынан”.


#талғар
құндылығы құбылып тұрған қоғамның дерті осы –
тереңдеген сайын кереңденетін, мыңжылдықтарыңды мылжыңдық санайтын, құмбыл дүниенің соңына түскен, ақыретке жау, малға дос кісілердің көбеюі.
баяғыда, 7-сыныптан өте бере, ұлдар “жігіт” бола бастаған уақта темекі шеккенді, талтаң қаққанды, біреудің жағын айырған, шләпісін қайырғандарды әлдеқандай мақам иесі, абырой көретін. ұқсағысы келетін. тентегін тезге салар кісі аз етін.
сөйтсек, алдыңғы толқын ағаларымыз оңбапты, үлгі болар, арқамыздан қағып, жолсілтер жігіттер болмапты. бізден 1-2 сынып үлкендерді айтам. 4-5 жыл бұрын мектеп бітірсе де 7-11-сыныптардан ақша жиятын жармағырлар жүретін ауыл жағалап. қайдан шыққан көрбасты көргенсіздік…ұят қой. әлі бар ондайлар, Құдай біледі.
танауын адырайтып, жұдырық түйіп, сабақтан қашып, сөзінде тұрақ, ісінде тиянақ жоқ өрекпіген желөкпелерді бағыттап жіберер жігіттер, ағалар болмапты. желікке ергесін солай болады дағы…
қоғам білекке емес, білім-білікке ауысса…”ақылы аздың ашуы көп, таяз судың тасуы көп” дейді. тұмсық бұзғыштарды әлдеқандай “жүректі” санауды қою керек. ашудың жаратылысы оттан. от жүрген жерде жою, жандыру, өрт болады. шайтан да оттан. ашуын тежеп, ақылына билетпейтін, Абай айтпақшы, “лап бергіш, к…ті айналғыштың” болмысы шайтанға көбірек ұқсас деген сөз. жалпы, ашуы көп адамның табиғаты шайтанға көбірек келеді деген сөз. бұл Имам Ғазалидің сөзі.

Абай түйіндесін:
“қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді?”.

20 last posts shown.