ТАСАУУФ ТҰҢҒИЫҒЫНАН


Channel's geo and language: Kazakhstan, Kazakh
Category: Religion


Арнаның админі: Салтан Сайранұлы, Тасаууф саласы бойынша PhD докторант, @saltansayranuly
Бұл арнада тасаууф ілімінің тұңғиығынан сүзілген жауһарлар салынып отырады.

Related channels  |  Similar channels

Channel's geo and language
Kazakhstan, Kazakh
Category
Religion
Statistics
Posts filter


Біреулер Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) “Айды екіге жарған” мұғжизасын мысалға келтіріп, мұсылмандарды “шегіп алған, ақыл-есін сау емес” біреу деп көрсеткісі келеді екен. Мұсылмандарды “физикалық заңдылықтардың” құрсауына қамап, метафизикалық әлемнен ажыратуды көксемекші ғой.

Бұл таза материалистік санадан туған жаңсақ пікір. Әйтпесе, адам өзінің бойына ой жүгіртсе, барлық дүниенің физикалық заңдылықтарға симайтынына көз жеткізер еді-ау.

Адамзатты бір тамшы судан жаратылыстың ардақтысы етіп жаратқан Раббымызға айды екіге жару сөз боп па?

Адамға ақиқатты тапсын деп теңдессіз ақыл мен сыры әлі күнге дейін беймәлім рух берді. Бұлардың құбылысы мен әрекетін физика заңдылықтарына қалайша сыйғызбақшысыз?

Сондықтан да, Жаратқанның әмірін, ісін, ғылымын өзі жаратқан физикалық заңдылықтармен шектеу мүмкін емес. Физика біздің шектеулі ақылымыз үшін жаратылған. Ал Жаратқанның шексіз ілімі физикамен шектелмеген. Абайша айтқанда, «Аллаһ Тағала шексіз, біздің ақылымыз шектеулі. Шексізді шектеулімен түсінуге болмайды».

Адамның өзі рухани әрі материалдық тұрғыда жаратылған. Сондықтан да адам метафизика мен физиканы да мойындауға мәжбүр. Ал мұны көре алмаған жанды “басындағыдан басқа көзі жоқ” дейміз де жүре береміз.

Шәкәрімше айтсақ:
“Ақиқатты дәл көруге,
Жан көретін көз керек.
Бас көзімен сенделуге
Бізге рұқсат жоқ шырақ!”

Ал алғашқы әмірі “Оқы!” деп түскен Ислам діні еш уақытта ғылымға қарсы болмаған. Ислам діні керісінше, физикалық та, метафизикалық та ғылыммен айналысып, Алланың құдіретін тануға шақырады.

“Біз оларға жер-көктегі һәм өз болмыстарындағы (құдіретіміздің шексіздігін көрсететін) ап-айқын дәлелдерімізді ашып көрсетеміз. Сөйтіп, ақырында оларға Құранның бастан-аяқ ақиқат екендігі айқын көрінетін болады” (“Фуссилат” сүресі, 53-аят).

Бұл жердегі жер-көктегі белгілері – физикалық болса, болмыстағы белгілері – метафизикалық. Екеуін де тану – әр мұсылманның парызы!

#ай #луна #ғылым #ислам #білім #пайғамбар #дін #moon #ay #иман #физика #метафизика #рух #дене


🖋️ Саған жәбір көрсеткендермен арпалыспа! Сен Аллаһ Тағаламен айналыс. Ол өзі сені қорғайды.

Атауллаһ Искәндәри

Өзге адамдардың сен жайлы айтқан сөздері, ойлаған пікірлері сенің маңызды істегі ой-шоғырыңды шашыратады. Ал бұл өз кезегінде сенің жетістікке жетуіңе кедергі болады. Кез-келген істе жетістікке жету үшін ойдың шоғыры маңызды. Рухани кемелдікке жету де ойыңды Аллаға шоғырландыра алуыңмен ғана мүмкін. Зікірдің де мақсаты ойды Жаратушыға шоғырландыруға үйрету.

Сондықтан да, сопылар өзгелердің әуре-сарсаңына мән бермеуге тырысқан. Адамдар ғана емес, бүгінде ой-шоғырын бұзатын барлық дүниелер де осы санаттан.


🖋️ Қабірдегілердің өкініштен бармағын тістеп жатқан нәрселері үшін тірілер бір-бірін жеуде.

Имам Ғазали


🌹 “Сәжде – муминнің Раббысына ең жақын болған жері”.

(Хадис: Муслим)


🖋️ “Барлығын сен үшін жараттым” деген Раббыңа “Барлығын сен үшін тәрк еттім” дей алуың… міне сол “ғашықтық” дегенің…

Шәмс Тәбризи


🖋️ Нәпсіге күнәдан қашу – құлшылық қылудан ауыр келеді. Сондықтан да, күнәдан қашу – сауаптырақ.

Имам Раббани


Оқырмандарымнан бірі “Тасаууфтағы “рияда” (риязат) жайлы сұрапты. Рухани кемелдікте аса маңызды мәселе. Ауқымды тақырып. Ауқымдыны ықшамды қылу да оңай емес. Десек те, қабыл алыңыздар.

📌 Тасаууфта “рияда” дегеніміз не?

Рияда (риязат) – тасаууф терминологиясында нәпсілік әуестіктерді тізгіндеп, дүниелік қалаулардан ұзақтап, рухты асқақтату үшін жүзеге асырылатын рухани дисциплина. Сөздікте “жабайы хайуанды қолға үйрету, асау атты ауыздықтау, жаттығу” секілді мағыналарға саятын “рияда” тасаууфта асау аттай болған нәпсіні тізгіндеп, оның қалауларына сабыр, зуһд, қанағат және басқа да ізгі жолдармен қарсы тұруды білдіреді.

🟢 Рияданың мақсаты не?

1️⃣ Нәпсі тәрбиесі:
Рияданың негізгі мақсаты нәпсінің жамандыққа әмір еткен қалауларын бақылауға алып, ауыздықтау, сол арқылы рухты асқақтату. Бұл адамның Аллаға жақындауына жол ашады.

2️⃣ Дүниемен байланысты азайту:
Адам рияда арқылы дүние малына және қалауларына деген әуестігін азайтады. Жүрегінен дүниеге деген махаббаты шығарады. Нәтижесінде құл материалдық құлдықтан құтылып, рухани азаттыққа қауышады, Аллаға деген бойұсынушылығы артады.

3️⃣ Рухани тереңдеп, өзін тану:
Тасаууфтағы “Өзін таныған Раббысын таниды” принципіне сай рияда арқылы адам өзін және Раббысын жақсы танитын болады. Бұл оның құлшылығындағы ықыласының артуына жәрдемдеседі. Себебі, адам танығанына құлшылық қылудан ләззат алады.

⚙️ Рияда қалай жүзеге асады?


🔹 Аз жеу - Аз ұйықтау - Аз сөйлеу
Тасаууфта жетістікке жеткен мүршидтер нәпсінің қалауларын ауыздықтау үшін тамақ, ұйқы және сөзді азайтуды өсиет етеді. Бұл адамның ішкі жан дүниесіне үңілуге мүмкіндік береді.

🔹 Зуһд және тақуалық
Дүние нығметтерінен көңілмен ұзақтау және тақуалықпен өмір сүру – рияданың ең маңызды элементтерінен. Тасаууфта пақырлық – дүние-мүлікте кедейлік емес, Аллаға мұқтаж екеніңді саналы әрі кәміл түрде сезініп, дүниеге байланудан құтылу.

🔹 Ғибадат және зікір
Намаз, ораза, зікір, Құран оқу секілді ғибадаттармен рухтың жаны кіреді, тіріледі. Сондықтан да, бұл ғибадаттарды арттырып, руханилану қажет.

🔹 Уағыз-насихат және мүршид тәрбиесі
Рияда жолында бір мүршидтің тәрбиесіне кіру және шыншылдар мен салиқалылардың сұхбаттарында болу – рухани кемелдік жолын жеңілдетеді.

🕊 Рияданың артықшылықтары

🌟 Рух тыныштық табады
🌟 Дүние мен ақырет арасында баланс орнайды.
🌟 Аллаға деген жақындық артады.
🌟 Сабыр, шүкір, тәслимият (бойұсынушылық) секілді жақсы қасиеттер дамиды.


🔑 Ескерту
Рияда дүниелік қажеттіліктерді тәрк етумен ғана жүзеге асады деп түсінбеу керек, асыл мақсат – нәпсінің жаман, асау мінездерін түзеп, көркем ахлаққа ұмтылу, Аллаға деген бойұсынушылықты арттыру. Рияда – жүректі Алланың разылығына лайықты халге келтірудің жолы. Бұл қажырлы еңбекті қажет етеді.

©️ «Тасаууф тұңғиығынан» телеграм каналы


📩 Жекеме оқырманым бір туысына қатты ренжулі екенін 💔, оған деген ашу-ызасының ішкі жан дүниесін алай-дүлей 🌪️ететінін айтып, кеңес сұрапты.

🔑 ТАСАУУФТЫҚ БІР ШЕШІМ:

🌿 Тасаууф ілімі не дейді?
Тасаууф ілімі – нәпсіге тән сезімдерді, соның ішінде ашу-ызаны басқаруды және оны жеңуді үйрететін рухани тәрбие жүйесі. Өзгелерге ашуланған адамның ашуын басу үшін төмендегі тасаууфтық практикаларды қолдануға болады:

1️⃣ Кішіпейілділік 🤲 және нәпсіні есепке тарту

🔎 Тасаууф адамның алдымен өз қате-кемшіліктеріне назар аударып, ашудың астарында “тәкәппарлық” секілді нәпсінің осалдықтары жатқанын түсінуге шақырады. Ашуланған адам өз-өзіне мынадай сұрақтар қоюы керек:

🔹 Менікі дұрыс болса да, өзімде кемшілік жоқ па?

🔹 Ашулы, өкпелі күйде жүруім Алланың разылығына сай ма?


❗️ Мұндай сұрақтар адамның нәпсісін басуға және ашу-өкпесін қайтаруға жәрдемдеседі.

2️⃣ Тәфәккур (терең ойлану) 🧠 және сабыр

Тасаууф өкілдері ашудың уақытша сезім екенін жиі ескертеді. Сабыр – осы өтпелі сезімді бақылауда ұстаудағы басты қасиет. Ашуланған адам Алланың сынағын еске алып, мынадай ойда болуы тиіс:

▪️ Бұл кісіге деген қарым-қатынасым Алланың құзырында менің сабырым 🕊️ мен махаббатымды 💝 сынаған бір сынақ болуы мүмкін.

▪️Ашу мен өкпе-ренішімді жеңу – жүрегімді тазалап 💖, нәпсімді тәрбиелейді, бұл Аллаға жақындауыма себеп болуы мүмкін.


3️⃣ Кешірімнің артықшылығы ✨

Тасаууф ілімінде адам кешірімді болу арқылы рухани асқақтайды 🏔️. Исламда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ашуын жеңіп, тіпті дұшпандарын кешіргені жайлы көптеген мысалдар бар. Ашуланған адам мына аятты еске алса болады:

🕋 “Нағыз тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, (ашу қысқанда өзін ашуландырған адамның сазайын беруге шамасы жете тұрып) ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз, Алла (міне, осындай) ізгі жандарды жақсы көреді”. (“Әли-Имран” сүресі, 134-аят).


4️⃣ Тілге ие болып 🗣️, ойды басқару

Тасаууф ашу үстінде үндемеуді 🤫 және тілге ие болуды насихаттайды. Себебі ашу кезінде айтылған сөздер жүректі жаралап 💔, қарым-қатынасты бұзуы мүмкін. Үндемеу мұндай сәттерде зікір ретінде қабылданады. Сондықтан да, ашу қысқанда барынша үнсіз қалып, ойды Алланы зікір етуге шоғырландыру керек.

5️⃣ Зікір 📿 және дұға 🤲 арқылы сабыр қылу

Ашуды басудың ең тиімді жолдарының бірі – зікір. Тасаууфта Алланың көркем есімдерін зікір ету, әсіресе «Иә Халим!» (Уа, Жұмсақтық Иесі, Ұстамды, Мейірімді, Кешірімді!) деп қайталау жүрекке тыныштық береді.

6️⃣ Үлгі боларлық тұлғалар: Пайғамбар мен әулиелер

Тасаууф жолында жүрген адам ашу үстінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) және әулиелердің сабырмен ашуды қалай жеңгенін еске түсіріп, осы әдепті өміріне енгізуге тырысады.

📌 Қорытынды:

Шал ақынның мына өлеңін 📜 жаттап, естен шығармауға тырысыңыз:

Ашу дұшпан болғанда, нәпсі – жауың,
Ақыл – тұрған алдыңда асқар тауың.
Жүрекке ашу келіп толған шақта,
Денеңнің біле алмассың ауру-сауын.

Ойласаң, мың бір пәле тілден туған,
Шешендер топ ішінде тілді буған.
Бір адам қателікпен сөз сөйлесе,
Жабылып мың бір пәле соны қуған.


@ “Тасаууф тұңғиығынан” телеграм каналы


Фудайл бин Ғияд:
Адамдар көрсін деп амал ету – рия. Жасауың керек амалды адамдардан тартынып тәрк етуің – Аллаға серік қосушылық (ширк). Ықылас болса, Алланың сені бұл екі жағдайдан да құтқаруы.


“Адамға жалғыздық қаншалықты деңгейде керек деп ойлайсыз?” – деп сұрапты бір бауырымыз.

Оңашалану, жалғыз қалу - рухани кемелдікке ұмтылғандар үшін қажетті бір кезең. Имам Ғазали адамның жүрегін бір хауызға (бассейн) теңеп, бұл хауызға су құятын 5 арна барын айтады. Олар: 2 көз, 2 құлақ, 1 ауыз. Бұл бес арнадан құйылған сулар (харам, лас болғандықтан) жүрек хауызының тұнығын лайлап кетеді.

Сондықтан да, адам оңашалану арқылы бір сәтке бес арнаның жолын жауып, жүректің лайын тұндырып, тазартып алуы керек. Оңашалану бұлақтың тұнығын тазарту кезеңі. Міне, осы ниеттегі оңашалану пайдалы әрі керек. Рамазанының соңғы он күніндегі иғтикаф та осы тұрғыдан маңызды.

Сондай-ақ, оңашалану - адамның өз-өзіне есеп беріп, ішкі жан дүниесіне үңіліп, Жаратқанымен сырласатын бір мүмкіндік.

Адамның жүрегі құбылмалы болғандықтан, орта оның құбылуына қатты әсер етеді. Ал оңашада жүрек бірқалыпты күйге түсіп, ойлануға, ойды шоғырландыруға мүмкіндік алады. Сондықтан да, оңашаланыңыз. Бірақ, оңашада сотка шұқылап, әлеуметтік желіні кезіп кетпеңіз, ол оңашалануға жатпайды.


“Туғанымыздан бері келе жатқан бір кемшілігіміз бар: бәріміз бұл дүниеге бақытты болу үшін келдік деп ойлаймыз”.
Артур Шопенгауер

Пайғамбарымыз ﷺ: "Бұл дүние мұсылман үшін зындан", - деген. Біз үшін бақыт - ақыреттегі абсолюттік бақытпен есептеледі.

Адам Ата жұмақтан бұл дүниеге түскенде бақытты боп түспеді. Бұл машақатқа толы дүниедегі ғұмырын етегін жасқа толтырумен өткізген. Себебі, жұмақтағы бақытты күндерін аңсаумен болды. Бірақ, ұрпағы болған мына біздер “Атажұртымызды” (Адам атаның алғаш табаны тиген ақырет жұрты), Асыл Отанымызды ұмытып, бұл машақатқа толы дүниеден бақыт іздеуге тырысамыз.

Кеше бір бауырым Артур Шопенгауердің осы сөзіне қатысты:
"Аға мұсылмандардың әр намазында тілейтін "Раббана әтинә..." дұғасындағы "бұл дүниенің жақсылығын тілеуіміз не сонда?" – деп әдемі сұрақ қойды.

Имам Ғазали осы дұғадағы "Бұл дүниедегі жақсылық" дегендегі мақсат ІЛІМ деген. Яғни, Алланы, асыл отанымыз болған Ақыретті тану ілімі. Міне, сондықтан да, біз бақытты зынданнан емес, ақыреттегі азаттықтан іздеуіміз керек.


Бүгінде Батыс психологиясында айналымға түскен терминнің бірі – “сомооценка”. Батыс психологиясы негізінен адамның нәпсісін көріктеуге, көтермелеуге, қанағаттандыруға бағытталған.

Ал тассаууф “психологиясы” керісінше, нәпсіні тізгіндеп, төмен басу арқылы рухани кемелденуді көздейді.

Батыс психологиясы көбіне хайуани рух пен инсани рухты ажырата бермегендіктен, осындай мәселелерде бізге қайшы кеп жатады. Меніңше, “самооценка” да адам нәпсісін семірту, мақтан, ужуб (өз-өзіне қанағаттану) секілді рухани кеселдерге жол
ашады.

Бізде “самооценкадан” гөрі “самокритика” (мухасаба) және “самоконтрольға” (мурақаба) назар аударады да, нәпсінің айлаларын анықтап, оның тұзақтарына түспеуге баулиды.

Бізде нәпсіні тұсағанда, рух үстемдік құрады. Бұл жағдайда адам рухани кемелденеді. Ал керісінше нәпсі тұсалмай, рухқа үстем келгенде, тәкәппарлықты өзінің қалқаны, қорғаны етіп алады да ақиқатты танымас, өзіне қарсы сөз айтқызбас жанға айналады.


Жалпы, адам адамға не үшін ғашық болады? Адам қарама-қарсысындағы жанның бойынан тазалық, шынайылық, көркемдік, адалдық, ақ көңілділік, мырзалық, даналық секілді құндылықтарды көре алғанда ғана оған ғашық болады. Себебі, жан асылға құмар. Себебі, өзі де асыл. Шәкәрімше айтсақ, «...асыл іздеп асылды аласұрар».

Ал енді, айтыңызшы, бұл асыл сипаттардың барлығын кімнен ғана табуға болады? Әрине, Алладан ғана! Аллаһ барлық асыл сипаттардың қайнар көзі. Шынайылық тек Аллада ғана. «Шын махаббатқа Аллаһ Тағала ғана лайық» деген сөздің мәні осында.

Сондықтан да, сопылар ғашықтықты «хақиқи» және «мәжәзи» деп екіге бөлген. Аллаға деген ғашықтық – «хақиқи», яғни шын ғашықтық болса, өзге жаратылыстарға деген махаббат «мәжәзи», яғни образды, ауыспалы махаббат боп саналады.


Рухтың кемелденуі нәпсінің тәрбиеленуіне байланысты. Нәпсінің жоғары мәртебелерінің бірі - "ән-нәфс ур-радия". Бұл мәртебеде адам басына не келсе де, қандай жағдайға тап болса да, барлығын да Сүйікті Раббысынан деп біліп, оның тағдырына шынайы разы болады. Ешбіріне де шағымданбайды.

Юнус Әміренің: "Kahrın da hoş, lütfûn da hos", – дегеніндей, яғни "қайғың да хош, сыйың да хош" деп, барлық халіне разы болады. Тағдыр оған мейлі раушан, мейлі тікен, мейлі шапан, мейлі кебін, мейлі жапа, мейлі опа, мейлі дерт, мейлі дауa сыйласын, бәрін де хош қабылдайды.

Міне, рухтың кемелдігі осы халде байқалады. Бұл разылық мәртебесінен соң құл Алланың өзі разы болған "ән-нәфс ул-мардыя" мәртебесіне көтеріліп, одан соң толық кемелдік баспалдағына аяқ басады. Бұл мәртебені де "ән-нәфс ул-камиля" деп атайды.

Бұл мәртебеге жетудің қысқа жолы Раббысына деген ғашықтық пен махаббат. "Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті” (Абай) деген сөз де осыны меңзеген.


Ислам дінінде “құл азат ету” – сауапты амалдардың бірі. Бұған қатысты Құран аяттары мен Пайғамбар ﷺ хадистері де жеткілікті.

Осы күні мұндай сауапқа кенелу үшін азат етер құлды қайдан табамыз?

Оның да амалы мынау болмақ:

Бүгінде бәріміз нәпсіміздің құлына айналдық, нәпсіміз не бұйыртса, “ләббәйк!” деп, дегенін орындайтындай халге келдік. Сондықтан да, өзімізді және өзгені нәпсінің құлдығынан азат етсек, ең сауапты амал осы болмақ!


“Хасеки” академиясында оқып жатқанымызға, міне, бір ай бопты. Әзірге дайындық сыныбындамыз. Араб тілі грамматикасына қатысты пәндер мен Құран Кәрім аудармасы сабақтары оқытылуда.

Сабағымызға әртүрлі ұстаздар кіруде. Сабақтан бөлек, әрқайсының сөзі мен ісінен алар дүниелер де көп. Жақсы әдеттерінің бірі де – классикалық еңбектерді бастағанда және аяқтағанда авторларына кемі бір “Фатиха”, үш “Ықылас” оқып, рухына Құран бағыштау. Қандай бақытты авторлар десеңізші. Арадан қаншама ғасырлар өтсе де, еңбектері әлі күнге дейін шәкірттердің алдынан түспей келеді. Әлі күнге дейін есімдері аталып, Құран бағышталуда.

Бүгінде осыншалықты ғұмырлы болар еңбек бар ма екен деп ойлаймын. Жоқ-ау…


Жүнейд Бағдади:
Тасаууф – сені сенен алып, саған сені сенсіз кері береді.


Түсінген адамға сөйлем ішінде тұнған пәлсапа, ғажайып сыр бар.


Сопылық әдебиетте сопылық жолмен жүріп өтіп, рухани кемелдікке кенелген Алланың достары жайлы табақат еңбектері көп жазылады. Мұндағы мақсат – Алланың игі құлдарының ғибратты естеліктерді оқи отырып, үлгі алып, рухтану.

Сондай-ақ, Жаратқан Алланың мынадай әмірі бар:


يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُواْ ٱتَّقُواْ ٱللَّهَ وَكُونُواْ مَعَ ٱلصَّٰدِقِينَ
• ат-Тәубә:119

Уа, иман келтіргендер! Аллаға тиісінше тағзым етіңдер әрі Оған қарсы келуден барынша сақтаныңдар, сондай-ақ (ісі де, сөзі де түзу, Аллаға берген уәделеріне берік) шыншыл жандармен бірге болыңдар!


Бүгінде шыншыл адамдарды табу қиынға соққандықтан, осындай әулие құлдардың өмірін оқу да олармен бірге болғандай әсер қалдырады. Олардың халдерімен халденуге мүмкіндік береді. Сондықтан да, Пайғамбарымыз ﷺ, сахабалар және одан кейін келген әулиелердің өмірлері жайлы оқуды әдетке айналдырсақ, мұның рухани өмірде көп пайдасын көрмекпіз!


“Малыңа – жомарт, сырыңа сараң бол! Мал берген – ғазиз, сыр берген қор болады”.

Ерзурумлы Ибраһим Хаққы


Былтыр Нақшбанди тариқатының пірі Хожа Баһауиддин Нақшбандидің басын зиярат еттім. Көңілдерге зікірмен Алланың есімін “нақыштаған” пірдің басы зияратшылардан арылмайды екен.

Нақшбанди тариқаты – Орта Азияда, оның ішінде елімізде кең тараған, халықтың рухани кемелденуіне үлкен үлес қосқан сопылық жолдың бірі.

Тариқаттың негізгі өкілі Мұхаммед бин Мұхаммед әл-Бұхари Баһауддин Нақшбанди һижри 718 жылы (1318 жыл) Бұқараға жақын Қасрыһиндуан ауылында дүниеге келген.

Бұл тариқаттың өзге тариқаттардан негізгі ерекшелігі – риядан сақтану үшін жария зікірден гөрі жасырын, яғни хафи зікірді абзал көруі. Сондай-ақ, қылуетке кіріп, оңашалану жолымен рухани тәрбиеленуді құп көрмей, оның орнына “халық арасында Хақпен (Халиқпен) болып”, халыққа қызмет етуді дұрыс санаған. Яғни, “Хаққа қызмет – халыққа қызмет” принципін ұстанған.

Баһауддин Нақшыбандидің пікірінше, керемет көрсету де әулиеліктің маңызды көрсеткіші емес. Өзінен керемет көрсетуін сұраған мүридтеріне:

– Біздің кереметіміз айдай анық емес пе? Қарамайсыздар ма, мұнша күнәнің жүгін арқалағанымызға қарамастан, аяғымызда тұра аламыз, жер басып жүре аламыз… Бұдан асқан керемет болуы мүмкін бе? – деп жауап берген.

Артынша тасаууфта маңыздысы – керемет емес, истиқамет, яғни хақ, тура жолдан айнымай жүру екенін еске салып:

– Кімде-кім бақшаға кіріп, ондағы әрбір жапырақтың тілге келіп, өзіне “Ей, Алланың әулиесі, саған сәлем болсын!” деп үн қатса, сырттай да, іштей де бұған ілтипат етпесін. Керісінше құлшылығындағы ынтасы мен күш-қайратын одан сайын арттыра түссін, – деген.

Мүридтері сонда да:

– Ұстаз, сіз қанша жасырсаңыз да сізден ара-тұра кереметтер көрініп тұрады, – дейді. Бұған Хожа Баһауддин:

– Демек, бұл – мүридтерімнің кереметі, – деген.
Ол ұшу менен суда жүруді керемет санағандарға ұшқан құс пен жүзген балыққа еліктегеннен гөрі Алланың разылығына бөленіп, тура жолмен жүрудің маңызды екенін түсіндіруге тырысқан.

Хожа Баһауддин сыртқы формадан гөрі ішкі жан дүниесіне қатты көңіл бөлгендіктен, мүридтерінен белгілі бір киім стилінен ұзақ болуды өсиет еткен.

Бүгінде сопылық дегенде белгілі бір киім формасы мен кереметтер ғана ойға оралатындар үшін бұлар – білуі тиіс маңызды мәселелер.

Салтан Сайранұлы.

#сопылық #тасаууф #нақшбанди

20 last posts shown.