СӨЗ СИНЕРГИЯСЫ


Kanal geosi va tili: Qozog‘iston, Qozoqcha
Toifa: Kitoblar


Ақын, аудармашы, ф. ғ. к., Тұрмағамбеттанушы ғалым
Ләйлі Құндақбайдың «Сөз синергиясы» аталатын авторлық арнасына қош келдіңіздер.

Связанные каналы  |  Похожие каналы

Kanal geosi va tili
Qozog‘iston, Qozoqcha
Statistika
Postlar filtri


Video oldindan ko‘rish uchun mavjud emas
Telegram'da ko‘rish
Видео от Ләйлі Құндақбай


- Ей, Абул-Хасан, - деген әуез келді бір күні,
Айдай әлем сен деп жүр ғой мына әлемнің дүлдүлі,
Әсем бақтың бұлбұлы.
Қайтер едің егер солар
Білсе сендей екіжүзді түлкіні,
қайтер едің, ашсам сырын қарабеттің дәл сендей
ұмытар ең күлкіні?
Сосын қарап тұрсам, саған 
тас лақтырған тобырға
Әділетті іс болмас па үлгілі?

Ал мен жауап бердім Оған: - Сұлтаным,
Жалғыз Өзі иеленген нұр тағын,
Мен де Сендік сырды білдім, неден енді қорқамын? 
Мен де жаям айналаға 
Сенің шексіз мейірімің мен рақымың
Күн мен түнге ортағын.
Мен де айтамын бос қаларын ақыры
Тозақ деген ортаның.
Мен де әділет орнатып,
Күллі әлемнің қорқынышын құртамын.
Сонда мен де қарап тұрам:
Мына әлемнен құлшылыққа
Қалғандығын табылмай бір құлтаның?

Сонда Раббым жауап қатты:
- Енді үндеме, болды, болды, сұңқарым!

Абуль-Хасан аль-Харакани

Аударған Ләйлі Құндақбай

https://t.me/Soz_sinergiasy




Video oldindan ko‘rish uchun mavjud emas
Telegram'da ko‘rish
Видео от Ләйлі Құндақбай


Ғарыш жаққа кетейік
Ей, ғашықтар, тұр-сана.

Мына бақтан жалықтық
Басқасына жүр-сана.

Жоқ, бұл бақтар қаншама
Ғажайып боп тұрса да,

Баққа емес, жүзіңді
Бағбан жаққа бұр-сана.

Руми

Қалыптаған Ләйлі Құндақбай

https://t.me/Soz_sinergiasy


Тамақ алып, ас ішсем деп
Тоқымамды алып шықтым нарыққа,
Екі күміс теңге түсті, жетеді екі балыққа.

Сөйтіп тапқан қос теңгені
Екі қолға екі бөлек ұстадым –
Екі алақан дуылдайды, мен де қатты қыспадым.

Бұл екеуін бірге ұстасам,
Мұншама көп ұлан асыр байлықтың
Буы баурап, мені төмен сүйрей ме деп шайлықтым.

Рәбия әл-Басри (713-801)

Аударған Ләйлі Құндақбай

https://t.me/Soz_sinergiasy


Теңіз де – Сен, маржан да – Сен,
О, Тәбриздік Күн-Адам.

Жаратқанның жұмбағысың
Су сімірген тұмадан.

Болмысыңмен бастан-аяқ
Пәксің және күнәдан.

Шабытымның қайнары Өзің,
Сені Хақтан сұрағам!

Руми
Қалыптаған Ләйлі Құндақбай

#шамси_руми

https://t.me/Soz_sinergiasy


Болғанда жүрек - келі, тілің - келсап,
Тартатын таспих - тары, тілді жұмсап,
Сәріден тұрып келі түйер болсаң
Нәрінен тояттайды иман-құрсақ.

Ләйлі Құндақбай

#төрттағандар
#сыр_мақамы

https://t.me/Soz_sinergiasy


Таңсәріде Ай төменге түсті де
Мені жұлып алып кетті
Теңбіл бұлттың үстіне.

Сөйтіп, нұрдың құшағына ұрландым
Денем нұрға айналды да,
Айдай болып нұрландым.

Небір сырдың мәнін ұғып қанықтым
Толып жатты денем сырға,
Енді өзіме анықпын.

Санам түлеп, сейілгендей қараңғы,
Денем – кеме, нұр теңізін
Кешкен сайын жаңарды.

Ал сол теңіз шалқып, тасып, кемені
Толқынымен басқарғанда –
Рух биледі денені.

Бірақ Күннің рұқсатынсыз,
Рұқсатынсыз Шәмсінің
Ешкім Айды көре алмайды,
Нұр-теңізде өле алмайды, бар шыным!

Руми
Аударған Ләйлі Құндақбай

https://t.me/+HBm5vtW6AqJmYzli


Ояу жүрек –
Нұрын төккен күн сынды.
Ояу ақыл –
Арттырады ырысыңды.
Не қылсаң да оянудың қамын қыл
Құдай өзі реттей берер жұмысыңды.

Ләйлі Құндақбай

#төрттағандар

https://t.me/Soz_sinergiasy


О, Жаратқан,
Жер бетінде қақпан көп,
Аш қарсақтай түсіп қалып жатқан көп.
Бөрідей сақ түйсігіме сүйеніп
Жүрсем-дағы қауіпсіз жол тапқам жоқ.
Өзің жар бол!

Ләйлі Құндақбай

#төрттағандар

https://t.me/Soz_sinergiasy


Періште
(М.Ю. Лермонтовтан)

Түн жарымда Періште ұшып келеді
Көмейінен сырлы бір ән төгеді.

Ай мен жұлдыз ізінде жүр үздігіп
Әуенге елтіп, тамшыларын үзді бұлт.

Сол әнінен төгілдіріп ырғақ мың,
Мадақтап жүр тұрғындарын ұжмақтың.

Мың құбылып ұлықтайды Құдайды
Айтқан сайын әуен көпке ұнайды.

Бір жас рухты құшағында тербейді
Мына әлемге ол келгісі келмейді.

Нұрлы әуенді сақтап алып есіне,
Рух амалсыз түсті қапас тезіне.

Іш құса боп қиналды рух жалғанда
Елтіп жаны ғажайып бір арманға.

Жалықтырмас сол бір үнге көктегі
Жербетіндік ешбір әуен жетпеді.

Аударған Ләйлі Құндақбай

https://t.me/Soz_sinergiasy


Video oldindan ko‘rish uchun mavjud emas
Telegram'da ko‘rish
Видео от L.K.


СӨЗ СИНЕРГИЯСЫ dan repost
Кітабыңның өрте бәрін,
Сындыр ұшын қаламның.
Хақ Махаббат сапары – бұл
Тілі жетпес адамның.

Саяхатта,
Шық шегінен
Ақылың мен санаңның,
Жүрегіңнің түбіне ұмтыл, –
Сонда сыры ғаламның!

Шамси Тебризи
Қалыптаған Ләйлі Құндақбай

https://t.me/Soz_sinergiasy


Video oldindan ko‘rish uchun mavjud emas
Telegram'da ko‘rish
#Румиден
#Саруарсарын


Video oldindan ko‘rish uchun mavjud emas
Telegram'da ko‘rish
Видео от L.K.


— Сен сүйген адамыңнан айырылған екенсің, — деп екінші алақанын ашып қарай бастадым.
Әйелдің кеуделері сүтке толы, ал іші жарылғалы тұрғандай, өте үлкен екен. Ол жанып жатқан лашықтың ішінде қалды. Айнала күміс ер-тұрманы жарқ-жұрқ еткен қалың әскер. Олар бәрін өртеп барады. Ауаны өртенген өліктердің күлімсі иісі жайлап алған. Қысықкөз, жалпақбет, талпақ мұрын, қысқа мойынды, жауырындары қақпақтай салтатты әскердің кеуделеріндегі жүректері тастан да қатты боп, қарайып кеткен. Ол — құдіретті Шыңғысханның әскері болатын.
— Сен бір емес, екі жақын адамыңнан айырылыпсың ғой, — деп түзедім әлгінде айтқан сөзімді. — Әйелің тұңғыш балаңа аяғы ауыр болған екен.
Қонақжай иесінің қалың қастары дір ете қалып барып, қабағы түйіле қалды. Ол көздерін саптама етігінің басынан айырмай, еріндерін жымқырып алып, жүзі сұрлана үнсіз қалды. Бір сәтте бірнеше жылға қартайып кеткендей болды.
— Сені жұбата алмайтынымды білемін, бірақ сен бір нәрсені білуге тиіссің, — дедім. — Ол өртеніп не иіс тигеннен өлген жоқ. Оның басына үйдің шаңырағы құлап түсті. Ол ештеңе сезбестен, тіл тартпай кетті. Еш жері ауырған да жоқ. Сен ылғи оны қиналып өлді деп, өз-өзіңді мұнша қажап келіпсің.
Қожайын үстіне ауыр жүк артылған нардай шөгіп қалды.
— Мұның бәрін қайдан білдің? — деп сыбырлады ол.
Жауап қатпадым.
— Сен өзіңді оларды арулап көме алмадым деп жазғырады екенсің. Үнемі түсіңде оның өзі көмілген шұңқырдан қолдарын созып, шығып келе жатқанын көреді екенсің. Мұның бәрі сенің ойың, ойыңның шырмауына ілігіп қап, бұлай алданба. Шын мәнінде әйелің мен балаңның жағдайы өте жақсы. Олар өте жақсы жайда. — Бұдан соң әр сөзімді нығарлап тұрып: —Сен қалаған уақытыңда арлан да, қабылан да емес, биязы бағлан бола аласың, себебі сенің жаның сондай жұмсақ, — дедім.
Мен сөзімді аяқтар-аяқтамастан қожайын қолдарын біреу шоққа басқандай жұлып алды.
— Әй, дәруіш, сен маған ұнамай тұрсың. Бүгін қала бер, ал ертең азанда сені бұл жерден көрмейтін болайын.
Қашан да осы. Шындықты айта бастасаң, адамдар жақтырмай қалады. Ал махаббат, мейірімділік туралы қаншалықты көбірек айтсаң, сені соншалықты жек көре бастайды.

Элиф Шафактың "Махаббаттың 40 қағидасы" кітабынан үзінді.

Аударған Ләйлі Құндақбай

https://t.me/Soz_sinergiasy


— Араласпа, дәруіш, аулақ кет, әйтпесе сенің де басыңды жарамын! — деп айқайлады ол; бірақ оның олай етпейтіні екеумізге де анық еді.
Келесі бір сәтте қызметшілер де келіп, әлгі мас боп қалған екі ақымақты орындарынан тұрғызып жатты. Бірінің мұрны, екіншісінің саусақтары сыныпты; еден қанмен жуылған, үсті-бастары да даладай қан. Асхана іші үрейлене тынышталып қалған. Елдің бәрін бір үркітіп алған қожайын маған маңғаздана қарап, барлығына естірте дауысын көтере сөйледі:
— Әй, дәруіш, мұндай жағдай бізде күнде болмайды. Өз басым ешкімге қол жұмсағанды ұнатпаймын, бірақ кейде осындай ақымақтарды тәртіпке салмасаң, болмайды. Құдай жердегілерді ұмытып кеткенде, олар әділдік пен шындықты өздері іздей бастайды. Келесі жолы, Құдайыңмен сөйлесер болсаң, оған сәлем айта баршы: егер Ол өз отарындағы қойларын қараусыз, қорғансыз қалдыра берсе, олар өздерін біреу кеп бауыздап кеткенін күтіп отыра алмайды. Амалсыздан көкжал қасқырға айналып, шыға келеді.
Иықтарымды бір қиқаң еткіздім де, есікті бетке алдым. Кетіп бара жатып:
— Сен қателесесің, - дедім.
— Қай жерде қателестім? Момақан ғана бағланнан азулы арланға айналғаным қателік пе? Олай етпеске амалым қалды ма?
— Жоға, қателігің ол жерде емес. Рас, сен қасқырсың. Бірақ, өз ісіңді әділ іс деп ойлайтының қате.
— Тоқта, сен бұлай кете алмайсың! — деді ол ту сыртымнан айғайлап. — Сен маған қарызсың. Ішкен асың мен жатқан орныңның ақысына маған түстерімді жорып берем дегенсің.
— Мен саған одан да бал ашып берейін, — дедім. — Алақаныңды көрсетші, қане?.
Мен бұрылдым да, көздерімді оның көздерінен айырмай, оған қарай тура жүрдім.
Ол біртүрлі сенімсіздікпен қарап қалды да, мен қасына барғанда еріксіз кері шегінді. Дегенмен, оң қолын ұстағанымда, мені итермей не қолымнан қақпай, алақанын көз алдыма жая қойды. Алақанындағы сызықтарға назар салып, зерттей бастадым — терең, қисық-қисық сызықтар екен, әрине, ол қиыс-қиыр жолды кешіп келе жатқан жанның тағдыр-талайын танытатын сызықтар еді. Біртіндеп оның аурасының түстерін көре бастадым, қоңыр-қошқыл және тым ашық көгілдір, тіпті сұрқай десе де болады екен. Оның рухани қуаты әбден сарқылғаны сонша, сыртқы әлемнен қорғанатын қабаты да қалмағандай. Ішкі әлемі әбден қурап қалған өсімдік тәрізді, тіршілік нышаны байқалмайды. Ішкі дүниесін өлтіріп алған сияқты.
Рухани қуат көзі жабылып, оны жоғалтып алғандықтан да, оның дене қуаты екі есеге артып кеткен және ол қуатын шамадан тыс асыра пайдаланып жүргені де содан болды.
Бір кезде өзім көріп қалған оқиғадан жүрегім атқақтап, қатты соғып кетті. Көз алдыма айдай аян болып, өткен өмірінің үзіктері келе бастады.
Жап-жас сұлу әйелді көрдім. Әне, қоңырқай шаштары, сурет салып қойған жалаң аяқтары, иығына жамылған тоқыма қызыл шәлісі көрінді.

https://t.me/Soz_sinergiasy


— Құдай бізді қайтсін, — деп, оқты көздерімен мені ата қарады. — Біз қиналып жатқанда, саусағының ұшын да жыбырлатпайтын құдайды қалайша әрдайым бізбен бірге дейсің?
Бауырым, мен саған ең бірінші қағидамның сырын ашайын, — дедім мен оған. — Біз айнаға қарағанда өзімізді қандай ғып көрсек, Құдайды да дәл солай елестетеміз.
Егер Құдайды ойлағанда, бойыңды үрей, қорқыныш билеп, ұят қысса, демек үрей мен қорқынышта немесе ұятты һәм күнәлі жандай ғұмыр кешіп жүргенің. Ал егер, керісінше, Құдайдың есімін естігенде Оны мейірбан, рақымды, шапағаты мол жақыныңдай елестетсең, өз бойың да осы қасиеттерге толы болғаны.
Қонақжай қожайыны маған қарсы сөз айтуға шамасы келмей, таңғалып тұрып қалды.
— Сонда, Құдайдың сөздерінен басқа нәрсенің барлығы біздің қиялымыздан туындай ма? Түсінбедім.
Бұл сұрағына жауап беріп үлгермедім, асхананың екінші бір шетінен шу шықты. Шарапқа тойып алған екі адам жанжалдасып, отырған жұртшылықтың шырқын бұза бастады. Қала берді, орындарынан бұлғаңдай тұрып, әркімнің алдындағы асынан сұраусыз алып, ауыздарына тыға бастады. Кейбір адамдардың алдындағы шарап толы ыдыстарын да бастарына бір-ақ көтеріп, сіміріп салып жүр. Оларды тоқтатпақ болған адамдардың беттеріне қарап, арсыздана ыржалақтап, мазақтай күледі. Осы қылықтарына өздері дән риза.
— Ал, мыналарды барып тоқтатпасам, не болады, қалай ойлайсың? — деп, қожайын тістерінің арасынан сыздықтата сөйлеп, соларға қарай кетіп бара жатты.
Бір-екі аттап, қастарына жетіп барған ол әлгі ақымақтардың бірін күректей қолдарымен отырған орнынан жұлып алды да, бетінен шапалақпен тартып-тартып жіберді. Анау мұндайды күтпеген болса керек, босап қалған қаптай былқ-сылқ етіп, сұлай кетті.
Екіншісі бұнан гөрі мықтылау екен, барынша қарсыласып, әлгі күректей қолдардың жұдырықтап ұрғанын бойына дарытпай жатты. Жуан жұдырық та мұның қарсыласқанына қарамай, қапысын тауып кеуде тұстан оңдырмай бір соқты да, ербеңдеген қолдарын саптама етігімен мыжғылай бастады. Тіпті әлгі байғұстың қолдарының сүйегі сықыр ете қалды.
— Тоқтат дереу! — деп айқайлап, осы сәт мен де қастарына жетіп бардым. — Өлтіресің ғой мына байғұсты. Немене, оның өлгенін қалап тұрсың ба?
Сопылық жолды таңдаған кезімде адам өмірін қорғауға ант берген болатынмын. Мына жалғанның жалпағында бас-көз жоқ, еш себепсіз біреуге қол жұмсай бастайтын адам көп; ал қалғандарының олардан айырмасы — тек себеп тапқандығында. Ал, сопыларға себеп те, сылтау да табылып тұрғанмен, ешкімге қол көтеруге болмайды. Менің, мысалы, күш көрсеткен жаннан кек қайтаруға қақым жоқ. Бірақ, біреуді жұдырықтап жатқан мына қожайынды тоқтатуыма әбден болады.

https://t.me/Soz_sinergiasy


Маған таңырқай қараған ол мұртының шетін тістелей бастады. Сосын тағы да:
— Осы сендер, дәруіштер, асхана қоймасындағы атжалман тышқан құрлы миларың жоқ, ақымақсыңдар. Әсіресе, қаңғып жүретін сен сияқтылары. Күні бойы ашқұрсақ жүресіңдер, ауыздарың талғанша дұғаларыңды сапырасыңдар, оның үстіне шыжыған күннің астында жүре бересіңдер. Әрине, көздеріңе әрне елестеп, естеріңнен ауысасыңдар сосын, миларың ағып!
Мен жымидым. Айтып тұрғаны да жөн-ау? Ақыл-естен айырылу мен Құдайыңды тауып, қауышудың арасы тым жақын дейді ғой.
Осы кезде екі қызметші түрлі ас салынған жайпақ ыдыстарын көтеріп кіріп келе жатты. Ас тасуға арналған ол ыдыстарда қозының қуырдағы дейсіз бе, кепкен балық, дәмдеуіштер қосып пісірген қойдың еті дейсіз бе, бәрі бар екен. Бидай ұнынан жасалған пәтір нан, түрік бұршағы мен қойдың майына пісірілген жасымық бұқтырмасы да бар. Олар асханадағы адамдарға ас тарата бастады. Пияз, сарымсақ қосылған түрлі дәмдеуіштердің бұрқыраған иісі отырған адамдардың танауын жарып, тәбетін оятты.
Олар менің қасыма кеп тоқтағанда мен қара нан мен буы бұрқырап тұрған жасымық бұқтырмасын алдым.
— Тамаққа төлейтін ақшаң бар ма ? — деп сұрады қожайын өктем үнмен.
— Жоқ, — деп жауап бердім. — Бірақ ақысына сенің түстеріңді жорып берейін.
Кекеткендей боп таңдайын бір қақты:
— Ешқашан түс көрмеймін деп жатыр ең ғой жаңа ғана?
— Иә, солай. Өзім көрмесем де, өзгелердің түсін жорып беремін.
— Сені қуып жіберуім екен. Айттым ғой, сендер, дәруіштер, барлығың естеріңнен ауысқансыңдар, — деді қожайын әр сөзін нығарлап. — Сен менің ақылымды тыңда: түріңе қарасам, біраз жасқа келіп қалған сияқтысың, өз өміріңе жеткілікті құлшылық ғибадатыңды жасап болдың, жетер енді. Өзіңе жақсы бір әйел тауып ал да, сандалып, қаңғырғаныңды қой. Бала-шаға, ұрпақ қалдыру керек артыңа. Сол кезде ғана бір жерге тұрақтайсың. Жер бетінен жоқ бақытты іздеп, қаңғыра бергеннің не мәні бар?
Сөзіме сенсең, еш жерден бақыт таппайсың. Менің мына қонақжайыма жер-жерден әртүрлі адамдар кеп тұрақтайды. Ауыздарына кішкене ғана шарап тисе болды, бәрінің зары бір. Бәрінің қайғысы бір. Адамның адамнан еш айырмасы жоқ. Қай жерде де сол бір адам, бір тамақ, бір су. Ас ішіп, аяқ босату.
— Әә-ә, менің іздеген нәрсем сенің айтып тұрған дүниеңе ұқсамайды. Мен жоқ іздеп жүрген жоқпын, мен Барды іздеп жүрмін, — дедім мен. — Мен Бар Құдайды іздеп жүрмін.
— Онда сен оны бұл жерден іздеме, — деді қожайын кенет түнере қалып, — Мұндай жерлерге ол бас сұқпайды! Тіпті оның қай кезде келетінін де білмейміз.
Мына сөздерден жүрегім дүрсілдеп қоя берді.
— Кімде кім Құдай туралы жаман сөз сөйлесе, демек, Өзі туралы жаман сөйлегені, — дедім.
Қожайынның еріндері дір ете қалды да кекесінмен езу тартты. Жүзінде бір ыза-реніш пен күйініштің табы тұрды, сонымен қатар жас баланың өкпелегеніне ұқсас бірдеңе жылт ете қалғандай болды.
— Құдай саған күретамырыңнан да жақынмын демеп пе еді? — деп сұрадым мен. — Құдай көзге көрінбес, қол созса жетпес әлдебір биікте не көкте емес қой. Ол әрбіріміздің кеудемізде. Міне, сондықтан да біз ешқашан қараусыз қалмаймыз.

https://t.me/Soz_sinergiasy

20 ta oxirgi post ko‘rsatilgan.