📌ӨЗІҢШЕ ЖОЛ ІЗДЕ
✅- «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген мақал бар. От басында отырып, көп жасаған не айтады? Ал көпті көргендер әртүрлі адамдармен жолығады, пікір алысады. Олардан бір нәрсе үйренеді, мүмкін басқаларға өзі де бір нәрсе үйретер.
Ешкім, қарағым, аспаннан түскен емес. Қаншама бай болсын, тамағы тоқ, киімі бүтін болсын, жұртпен араласып, құраласпаса, ештеңе білмейді. Ештеңе білмесе, көрмесе, онда творчество қайдан болсын? Қарым-қатынас - үлкен мектеп.
Өміріңде әртүрлі адаммен кездесесің. Оған баға беріп отырасың. Біреуінен жиренесің, біреуінен үйренесің. Түсінген кісіге екеуі де, үйрену де, жирену де - сабақ. Нағыз университет - өмір дейтініміз содан.
Максим Горький кітабын «Менің университеттерім» деп өте дұрыс, өте ақылды қойған. Ол «Менің университетім» демейді. Университет біреу, университеттер көп қой.
Мен, әрине, Максим Горький емеспін, бірақ көп кісілермен кездескенім рас. Көбінен үйренгенім де, кейбірінен жиренгенім де рас.
Бас штаб жанындағы әскери академияны қоспасам, менің программалы жоғары білімім жоқ. Әскери акдемияда әскери ғылым өтіледі. Ол - қоғамдық ғылым емес. Әдеби білімім болмаса да, жаманды-жақсылы жазушы атандым. Менің университетім - адамдармен қарым-қатынасым. Мысалы, Наталья Сац, Анна Панкратова, Алексей Сурков, Мұхтар, Қаныш, Ахмет, Ғабит, Сәбит, Ғабиден, т. б. кісілер маған көп нәрсе қалдырды. Олар - менің университеттерім. Түсіндің бе? Олардың бәрінен ұғымды, пайдалы нәрсе алдым. Олардың көп сырын осы уақытқа дейін түсінгем жоқ, түсінбеймін де. Неге десең, мен әскери кісімін.
«Ұстаз» деген кішкене әңгімем бар. Ол - өмірімнің курсы. Ал «Жонарқа» - мен үшін мектеп, «Москва үшін шайқас» - университет.
Парта, аудитория істің бастамасы ғана. Аудитория мен өмір екеуі екі басқа. Өмір - оқулықтан оқығаныңды, ұстаздарыңның айтқандарын ойша қорытып, дұрыс па, бұрыс па деп ойлануыңа, өзіңше жол іздеуіңе мәжбүр етеді. Шын күрескер, нағыз азамат болғың келсе, өзіңше жол ізде…
🖊️«МЕН - ХАЛҚЫМНЫҢ БАУЫРЖАНЫМЫН»