Махаббат өлкесі...


Channel's geo and language: Kazakhstan, Kazakh
Category: Books


Тек махаббат туралы...
Ұсыныс пен пікірлер бойынша @nurlandos

Related channels

Channel's geo and language
Kazakhstan, Kazakh
Category
Books
Statistics
Posts filter


КЕШІР...

Емін іздеп құлазыған көңілдің,
Бүгін саған өлең болып төгілдім.
...Тілеуіңді тілеп жүрген қай жігіт,
Жүрегіңді жаулап алған сенің кім?!

Сертімізді сақтай алмай ерлікпен,
Кетіп едім сеніміңді жер ғып мен.
Енді менің махаббатым оянды,
Саған деген,
Сен аңсаған,
Сен күткен.

Сағыныштың шырқалсаң да әні боп,
Алайда оның мүлдем-мүлдем мәні жоқ!
Сүйгендіктен өртке малып өзекті,
Саған арнап жыр жазамын әлі көп.

Жаным жаурап, жылу сезбей ешкімнен,
Мұңға оранып, зарық-ғұмыр кештім мен.
Жараны аршып, шыға бердің алдымнан,
Баз баяғы ең аяулы кескінмен.

Жауын алып жүрсең-дағы қос көздің,
Бірақ, енді маңызы жоқ еш сөздің.
Маған деген сезіміңнің пәктігін,
Кешір мені,
Кеш ұғындым,
Кеш сездім!..

Авторы: Мұқағали Ташкенов


Күніккй қыз

Күнікей қыз ба ең күн астындағы,
Едің бе әлде гүл нәзік.
Мұңыма менің ұластыңдағы
Отырмын енді жыр жазып.

Үйіме қайтам өкініп, тынып,
«Сүйемін» деуге бата алмай.
Төлеген болып бекініп тұрып,
Жайықты кешіп өте алмай.

Он сегіз неткен ұяң жас еді,
Сырғақтай берем сырғақтай.
Аймалап сүйіп қиялда сені,
Алдыңда үнсіз тіл қатпай.

Аша алмай жүрген бала сырым ба,
Бозбала шақ па тербеткен?
Қара аспан сынды қарашығыңда,
Қамығып жүрмін мен көптен.

Авторы: Шаһизада Әбдікәрімов


СЫРТЫНАН...
Ес кірмеген айтылмас, балаға сын,
Жеміс бермес гүлдесін қара ағашың.
Балтырың да, бөксең де, бәрі сүйкім,
Оған менің көзіммен қарағасын.

«Түн болса» дер, жарына ынтық келін,
Соншалықты шықпасын үркіп демің.
Тоқ кеудең бе, әйбәттің, әйбәті-ол,
Ындынымды тұрғасын құртып менің.

Жүргенім де, содан ғой арқан үзіп,
Бәр-бәрінен болғасын қалқа қызық.
Қандай тәтті қойғандай алма беттің,
Шұңқырына Тәңірім бал тамызып.

Әйел деген шегі жоқ бейне ғылым,
Қолдан келіп тұрғанда сөйле тілім.
Өзімнен де қызғанып кетем кейде,
Ішіндегі байлықты көйлегінің.

Бас көтеріп қойғанда, құлқын әнтек,
Жаным демде ұшардай бұлқынар кеп.
Қолым жетпей, кездеспей, жүрген кезде,
Сипаттаймын қалқаны сыртынан тек...

Авторы: Елубай Әуезов


Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп,
Көз жетті кеткеніне жаздың өтіп.
Құлайды жапырақтар құба талдан,
Күрең күз құдіретіне тағзым етіп.

Кеші еді солқылдаған күздің суық,
Не шара, жасыл жаздан үздірсе үміт?
Базары тарқап кеткен бақ ішінде
Күтіп тұр әлдекімді Қыз күрсініп.

Жас талдың аптыққан жел есін алды,
Құрғырдың қылығы жоқ еш ұнамды.
Жылаған жапырақтың жетім күйі,
Әп сәтте көңіліме көшіп алды.

Арқаның өңменімнен өтті желі,
Күдерін қайтқан құстан көк те үзеді,
Бозбауыр бала бұлттар боздап тұрып,
Бораған қыстан хабар жеткізеді.

Бәлкім бұл кездесу ме тұңғыш, ап-пақ,
Бақтағы қыз да сабыр тұрды сақтап.
...Бір жігіт сұр көшеге көрік беріп,
Келеді қызыл-жасыл гүл құшақтап.

Елемей қырды гүлсіз, күнді нұрсыз,
Кездесіп тұрды екеуі. ...Тұрмын үнсіз.
Батырған мені мұңға қоңыр Күз бен
Жігіттің қолындағы гүл ғұмырсыз...

Авторы: Қалқаман Сарин


МЕН СҮЙЕТІН БІР АДАМ

Сәттерімде көктен сауға сұраған,
Сәттерімде жұбана алмай жылаған,
Сақтау үшін, ойдан, мұңнан, күнәдан.
Бейуақытта маған ессіз ұнаған,
Сен аман бол, мен сүйетін бір адам!

Ғаламымнан мыңға жұмбақ, көрінген,
Аспанымнан кермиық боп керілген,
Жазмышымнан маған сый боп берілген,
Жақсы атыңды күбірлейін еріннен,
Сен аман бол, мен сүйетін бір адам.

Ғажайып та, ғазал да емес, мұң да емес,
Ғайып та емес, ғарыш та емес, жыр да емес.
Жан біткеннен жасыратын сыр да емес.
Адалдықтың жаршысы боп жердегі,
Аман жүрші, әлдилеп мұң-кеудені.
Мені ешқашан сағынбайтын бір адам!

Авторы: Толқын Қабылша


Кеш батса естігім кеп жұлдыз үнін,
Түрлі түске бояймын мұң қызылын.
Сізді сүйетініме сенді бəрі,
Сіз ғана сенбедіңіз бір қызығы.

Жұлдыз деген шам ба екен жарық төккен,
Сағындырсаң осылай зарық деп пе ем.
Төбеңізден бір жұлдыз ағып түссе,
Жүрегімнің жасы ол тамып кеткен.

Айықпасым белгілі бар кеселден,
Бардан гөрі жан едім арға сенген.
Сезімімнен өзімнің үркіп қашқан,
Үркер жұлдыз сияқты ем таңда сөнген.

Тоқтап қалса амал жоқ бір күн уақыт,
Адамзатқа бұйырған бұлдыр бақыт.
Күн шыққанша көз ілмей Сізді күтті,
Шолпан жұлдыз шолпысын сыңғырлатып.

Алаулаған сезімнің оты күшті,
Сордың қою сорпасын батып іштім.
Сізді сүйетініме бəрі сенді,
Сіз ғана сенбедіңіз...
Өкінішті...

Авторы: Асылзат Арыстанбек


Махаббат деген — біз десу,
Махаббат деген — сыйластық.
Махаббат деген — кездесу,
Махаббат деген — қимастық.

Махаббат деген өзгеріп,
Махаббат деген — күйге ену.
Махаббат деген сөз беріп,
Махаббат деген — үйлену.

Музаңыз берер төзімді,
Махаббат деген — аманат.
Мезгілсіз келер сезімді,
Махаббат дейміз махаббат.

Махаббат деген сенімнің,
Махаббат деген — шың басы.
Махаббат деген теңіңнің,
Махаббат деген — сұлбасы.

Махаббат деген танысып,
Махаббат деген — достасу.
Махаббат деген қауышып,
Махаббат деген — қоштасу!

Авторы: Айбек Құндақбаев




Күйiн кешiп еркi жоқ... ғашық... құлдың,
Жете алмадық, күбiрлеп асықтырды үн.
Жүрегiмнiң лүпiлiн сiз естiр деп,
Телефонды төсiме басып тұрдым.

Көктем келдi көңiлге, қысы қалып.
Жайда емеспiн, қайтейiн, кiсi ұғарлық.
Бақыт бiткен телефонда сияқтанып,
Құшағыма отырам қысып алып.

Көштi ағылып көлiктер... Көш емес-тi.
Ойды бөлдi шу қала, көше кешкi.
Сүйкiмдi әлемiме аттанайын
Оқып жатып сiз жазған SMS-тi.

Авторы: Құралай Омар
https://t.me/olender


Көз жасымнан дымқыл тартқан күз демі,
Халімізден хабарсыз-ау біздегі.
Сен келердей терезеге қадалып,
Қарашығым неге сені іздеді?

Өмір неге бізді осылай сынайды?
Бөлмеде мен, далада күз жылайды.
Үмітімдей жүрегімнен үзілген,
Жанды ауыртып, жапырақтар құлайды.

Жанарымда дірдектейді дана күз,
Жетім көңіл, жоқ сияқты панамыз.
Адасатын бір-бірінен жел тұрса,
Біз екеуміз жапырақтар ғанамыз.

Авторы: Құралай Омар
https://t.me/olender


Біз оңаша қалғанда не болады?
Бәлкім, бізден ұяңдық жоғалады...

Бәлкім, үнсіз қалармыз ақтарылмай,
Не айтуға болады шақта мұндай?.

Қаласаңыз, асырмай мөлшерінен
шарап жасап ішерміз жан сөлінен.

Бәлкім, вальс билерміз сырлы түнде,
Қос жалғыздық айналып бір бүтінге.

Нәзік әуен бітпесе таң атқанша,
Жұлдыз біткен таңданып қарап қалса.

Асылармын мойныңа мен еркелеп,
Сені өртемек үшін де, сені өртемек…

Сонда біздің түйісер жанарымыз,
Сол жанардан көрінер хабарымыз.

Сыбырларсың қозғап бір көңіл қылын,
Тек өлтіріп алмашы сенім гүлін.

Келеді ыстық деміңнен сезгім бәрін,
Оңашада айтылар сөздің мәнін.

Ертегі айтып берерсің сонда маған,
Соңы бақыт болатын мен қалаған.

Ертегіге неліктен сенем әлі?
Ары қарай білмеймін не боларын.

Не істеуге болады тағы басқа?
Жүрегіңде атымның бары рас па?

Бары рас па Құдайдың сол жүректе?
(Құдайы жоқ жүректер елжіреп пе?)

Елжіреттім жаныңды қалайша мен?
Сол жылы сәл жымиып қарай сап ем.

Содан бері санаңа салмақ болдым,
Содан бері санама салмақ болдың.

Алыс жүріп неге азап тартамыз біз?
Неге оңаша қалудан қорқамыз біз?

Неге оңаша қалудан қорқамыз біз?

Авторы: Арайлым Мұратәлиева
https://t.me/olender


Көзімнен көктем көшкелі,
Тербемеді сезім еш мені.
Көңілімнің көркем серігі-ау,
Түсінбей жүрсем, кеш мені!

Қызыға маған қарайсыз,
Биікке бәлкім балайсыз?
Тордағы тоты халіме,
Құштар боп жүрсіз қалай сіз?

Көгімде үнсіз тұр Ай. Күз.
Көңіл де сынық, шырайсыз.
Жырым да жырым жүректің,
Жағдайын несін сұрайсыз?

Қадірін білмей жарықтың,
Жабығып жүрген ғаріппін.
Ақбөкен-тірлік тұсаулап,
Аулақта маңып қалыппын.

Саялар тау да, төбе жоқ.
Кеудемде бір күн сөнер от.
Көріне ме екем Сізге мен,
Төгілген мөлдір Өлең боп?

Сорқұдық жаққа қонбаңыз.
Тұрлаусыз, тарау жолдамыз.
Жақындап, күйіп не етесіз,
Алыста-а-ан ғана қолдаңыз!

Көзімнен көктем іздеген,
Бір ізгі жансыз сіз деген!
Мен бұлай сеніп ешкімге,
Сырымнан алқа тізбегем.

Бақытты балап таңыма,
Орайын жыр қып жаныма.
Самал боп үнсіз ұшып кеп,
Қонайыншы алақаныңа...

Авторы: Бақытгүл Бабаш
https://t.me/olender


Сізді ойламай ұйықтау мүмкін бе осы?
Сізді ойламай ояну мүмкін бе осы?
Ертегіге айналып кетейікші ə,
Бір бақытты түніме мың түн қосып.

Сізді ойламау... мен үшін күнə сынды,
Көз ілместен үйрендім түн асуды.
Мың маржанның ішінен мөлтілдеген,
Тани алмай жүрсіз-ау шын асылды.

Сізді ойлаудың тартамын тəтті азабын,
Менен басқа өмірдің жоқ мазағы.
Ай нұрына шомылам түніменен,
Таңертең - тап-тазамын!

Авторы: Асылзат Арыстанбек
https://t.me/olender


Сезім айнасы

Әлемде жоқ қой мінсіз адамың,
Дәлелде деме текке кеп.
Мен саған сосын гүлсіз барамын,
Үнсіз қаларсың өкпелеп.

Солып қалады гүл де арада,
Мәңгілік нені сағындық?!
Күншілдер көрер күнге қарама,
Айға қара да, жанымды ұқ.

Жанымды ұқ менің, ұққың келсе егер,
Өзгелер анық ұқпасы.
Биікке бірге шыққың келсе егер,
Жүректің, міне, тұтқасы.

Биікке шықсақ тек сенің арқаң,
Құлап та қалар кезіміз.
Өмір – сүргенге жеп-жеңіл, қалқам,
Қиындататын өзіміз!

Тағдырды адам сүрген бе жазып?!
Басқа жол шаршап іздеме.
Аруды сүйдім гүлден де нәзік,
Солмайтын қыста, күзде де.

Сəуле боп кіріп кей түнгі шақта,
Жанымда гүлдей жайнашы.
Кіршіксіз таза кейпіңді сақта,
Махаббатымның айнасы!

Авторы: Жоламан Әйткен
https://t.me/olender


ПЕРІШТЕ

Жалғанда жалғыз боп жүдедім,
Оралған адамдай тамұқтан
Мұңлықтай мұң кешіп жүр едім,
Кездесе кеттің сен ғайыптан.

Санамды сансыз ой билеген,
Сенделіп сергелдең күй кештім.
Дәл бұлай ешкімді сүймеп ем,
Дәл бұлай ешкімді сүймеспін.

Көруге асықсам ол дағы,
Арманға тез жетсем дегенім.
Жағымнан жаңылғам жоқ әлі,
Өзіңді жырлаумен келемін.

Мен едім жырлаудан жалықпас,
Жырымды жорыма теріске.
Ауруын жасырған айықпас,
Мен сені сүйемін Періште.

Авторы: Олжас Сәндібек
https://t.me/olender


Сұлу еді...

Көргендердің жан-жүрегі күйетін,
Сұлу еді, жел де оны сүйетін.
Кей күндері көктем болып киінсе,
Кей күндері жаз бен күзді киетін.

Жаратқанның болғанымен пендесі,
Әдемі еді әлемде жоқ теңдесі.
Қарашығы құдіреттің нүктесі,
Кірпіктері күйсандықтың пернесі.

Шаттанғанда дидарында нұр ойнап,
Оянатын езуінде бір оймақ.
Сырғасының сыңғырымен үндесіп
Күлкісінде тұратұғын күй ойнап.

Соны сүйді – жүрегім де, жырым да,
Сүйетіндей сұлу еді ол шынында.
Қолаң шашы қылықтанып кей сәтте
Аққу мойын айналатын бұрымға.

Тапқан кезде табысатын оңды ізді,
Адамзаттық адастырды жол бізді.
Қайта айналып келер болсам өмірге
Мен бәрібір, сүйер едім, сол қызды.

Толғандырар жақын түгіл жатын да,
Аңыздар көп ғашық жандар хаhында.
Мен өмірге қайта келсем, тағы да,
Соны сүйіп айналар ем ақынға.

Санасатын айла менен ақылдар,
Тарпаң мінез тағдыр дейтін тақым бар.
Сұлулыққа сұқтанады – адамзат,
Сұлулықты сүйетін тек – Ақындар!

Авторы: Әлібек Шегебай
https://t.me/olender


Саған шексіз сеніп өткім келеді,
Көздеріңе сеніп, өбкім келеді.
Таңғажайып бір арманға тәу етіп,
Тағдырыңды серік еткім келеді.

Саған ессіз еркелегім келеді,
Сенсіз бақты келте дегім келеді.
Тәңір жаққан алауымды өшірмей,
Жан-тәніңмен өрте дегім келеді.

Сендік мейір, сендік сұлу аңсарға,
Тәнті болған әр мезетте жан сауға.
Тағылымнан, тағдырымнан, таңымнан,
Болады екен бақыт дәмін тамсауға.

Авторы: Толқын Қабылша
https://t.me/olender


СЕН ЕСІМЕ ТҮСЕСІҢ

Мұңға батсам, жарығым-ау кенеттен
Сен есіме түсесің де тұрасың
Сені қалқам, сағынғаным себептен
Сен де мені шын сағынған шығарсың

Жұлдыздарға сырымды айтсам түн жарық
Сен есіме түсесің де тұрасың
Бұл әлемде жүрген мен де бір ғаріп
Маған емес, өлеңіме сыңарсың

Бейтаныстар «жарайсың!» деп тамсанса
Сен есіме түсесің де тұрасың
Бәз біреулер думандарда ән салса
Босаңсуға неге көңіл құмарсың

Көздерімнен жас төгілсе еріксіз
Сен есіме түсесің де тұрасың
Сағыныштан сарғайғанда келіп күз
Менің ақын жүрегімді ұғарсың!

Авторы: Назгүл Алаудин
https://t.me/olender


Кеше мен сені тауып алдым да

Кеше мен сені тауып алдым да,
Шауып ед жүрек Құлагер.
Соншама сені сағынармын ба,
Сен болмай шықты бірақ ол.

Алаулап едім өшіре салды,
Көрінді бəлкім тек елес.
Көздері сені есіме салды,
Сөздері бірақ сен емес.

Білмеймін кімге ғайып ұнапты,
Өңім мен түсім аралас.
Шашын да сендей қайырып апты,
Жасы да саған шамалас.

Көзіме ылғи көрінші деймін,
Үміттің шоғын үрледім.
Бойы да саған келіңкірейді,
Ойын мен бірақ білмедім.

Сəлемдесуге жарағаныммен,
Емес-ау сендей кең құшақ.
Мен оған сендей қарағаныммен,
Қарамады ол сен құсап.

Кеше мен сені тауып алдым да,
Шауып ед жүрек Құлагер.
Соншама сені сағынармын ба,
Сен болмай шықты бірақ ол.

Біл-әәәә...

Авторы: Айдана Қайсарбекқызы
https://t.me/olender


Сенің суретің

Сен білесің бе, масайып жүріп не қылғанымды?
Суретіңді қашап, мұзды мұхитқа ойыппын,
Джомолунгманың шыңына да іліп қойыппын.
Бұлттардан сені қызғанып жүріп, о, тоба!
Жаңбырын оның шарап деп ішіп тойыппын.

Сен білесің бе, масайып жүріп, не бүлдіргенімді?
Суретіңді ұстап, құдайға да алып барыппын.
Қылығымды көріп, шошыпты қорқақ жарық күн.
Өшпеген әлі темекімді оған лақтыра,
"Жанымды менің емде!" деп айқай салыппын.

Сен білесің бе, масайып жүріп не істегенімді?
Суретіңді алып, құмдарға ілесе ән салдым.
Көзге көрінген жын-перілерді де қарсы алдым.
Тәлтіректеп тұрып, жүзімді көкке қарата,
"Ол менің мәңгі жүрегімде ғой!" деп жар салдым!

Сен білесің бе, есімді жисам...
Есімді жисам, мас емес екем.
Бөтенмін.
Көзімді ашып, басымды әрең көтердім.
Сенің суретің сақталған телефонымды,
Кеудеме қысып, құшақтап жатыр екенмін.

Авторы: Бақытбек Егінбайұлы
https://t.me/olender

20 last posts shown.