✨✨✨
📌
АЛЛА ТАҒАЛАҒА ҚАТЫСТЫ ӘДЕПТЕР8️⃣
-ШҮКІРШІЛІК ЕТУШүкіршілік ету - Алла Тағалаға қатысты мұсылман әдебінің басты белгілерінің бірі. Адамның жақсылығына алғыс айта білуі кісінің әдебін көрсететіні секілді, Алланың игіліктеріне де шүкір ете білу құлдың Раббысына қатысты әдептерінен болып табылады. Алланың Адам баласына берген нығметтерінің есебіне жету мүмкін емес. Құранда:
«Алланың нығметін санасаңдар, оның есебіне жете алмайсыңдар» (29),- делінген. Міне, сол үшін адам баласы өзін жаратып, жоқтан бар еткен әрі сансыз нығметтермен несібелеп, ризықтандырған Раббысына шүкір етуін тоқтатпауы қажет. Құранның тағы бір аятында Алла Тағала:
«Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын. Әрі шүкір етіңдер және күпірлік етпеңдер» (30), - деген. Алланың берген игіліктеріне шүкір еткен пенденің ризығы артып, несібесі кеңейеді. Ғалымдар шүкірді
«игіліктерді байлаушы» деп атаған. Адам қолындағы жақсылықтың кетіп қалмауын қаласа, оны шүкір етуімен байлап қоя алады. Тіпті, пенде Алла тарапынан берілген игіліктерге шүкір етсе, ол нығметтер одан сайын арта түседі. Құранда ол жайлы:
«Сол уақытта Раббыларың: «Егер шүкір етсеңдер, сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін. Ал, егер күпірлік етсеңдер, шын мәнінде азабым өте қатты», - деп жариялады» (31), - дейді.
Шүкіршілік тіл, жүрек және денемен жүзеге асады. Алла Тағалаға шынайы шүкіршілік: адамның Раббысына мақтау сөздер айтуы мен жақсылықтарын мойындауы арқылы - тілінен, куәлік етуі мен махаббаты арқылы - жүрегінен, Оның бұйырғандары мен тыйымдарына бағынуы мен бойұсынуы арқылы - денесінен көрініс табуы керек. Айша анамыз былай дейді:
«Әдетте Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнгі намазды ұзақ оқығандығы соншалық, тобықтары жарылып кететін. Бірде мен: «Уа, Алланың елшісі! Неге бұлай істейсіз? Сіздің өткен әрі алдыңғы күнәларыңыздың барлығын Алла кешірді емес пе?» - дедім. Сонда ол кісі маған: «Мен Аллаға шүкір етуші құлдардан болмаймын ба?» деп жауап берді» (32), - деген.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Раббысына шүкірін өтеу үшін аяқтары іскенше намаз оқитын. Бұл - бізге үлгі болып қалдырылған шынайы шүкіршіліктің кемел көрінісі. Яғни, біз де сансыз нығмет берген Раббымызға, Оның бұйрықтарын орындап, тыйғандарынан тыйылу арқылы шынайы шүкір ете аламыз. Құранда Алла Тағала:
«Уа, Дәуіттің үй-іші! Шүкір етіңдер! Құлдарымнан шүкір етушілері аз» (33), - деген. Бұл аятта
«шүкір деңдер» емес,
«шүкір етіңдер» делініп, шүкірді сөзбен емес, іспен көрсету керектігі баяндалған.
«Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз қол емес», - деген Абай сөзінің даналығы да осыны айшықтайды. Нағыз шүкіршілік сөзбен ғана жүзеге аспайды. Аяттың жалғасында:
«Құлдарымнан шүкір етушілер аз» (34), - делінген. Алла Тағаланың көркем есімдерінің бірі
«Әш-Шакур». Ұлы Жаратушымыз құлдарының аз ғана жасаған амалдарына шүкір етіп, ол амалға он еседен жеті жүзге дейін, тіпті ниеттеріне қарай одан да артық сауап береді. Адамдарға қатысты шүкіршілік
«әш-шакиру» және де
«әш-шакуру» деген екі атаумен айтылады.
«Әш-шакиру» сөзінің мағынасы -
«шүкір етуші» болса,
«әш-шакуру» сөзін ғалымдарымыз:
«Жаратушысына шынайы түрде бойсұнып әрі Оның бекіткен ғибадаттарын атқару арқылы шүкір етуге атсалысқан адамды айтамыз», - деп түсіндірген
(35). Әл-Мунауи бұл екі сөздің айырмашылығын:
« «Әш-шакиру» - басына жақсылық келгенде ғана шүкір етуші, ал «әш-шакуру» - басына қиыншылық келгенде де шүкір етуші адам», - деп түсіндірген.
❗(29) «Нахыл» сүресі, 18-аят;
❗(30) «Бақара» сүресі, 152-аят;
❗(31) «Ибраhим» сүресі, 7-аят;
❗(32) Бұхари (4837), Муслим (2820);
❗(33) «Сәба» сүресі, 13-аят;
❗(34) «Сәба» сүресі, 13-аят;
❗(35) «Шарху аш-шафиату-л-кафия» (125,126);
©Думан Сайфулла
📗"Ислам әдептерінің энциклопедиясы"https://t.me/adep_daris