Өз есебім


Channel's geo and language: Kazakhstan, Kazakh
Category: Economics


Экономика туралы қарапайым тілмен

Related channels

Channel's geo and language
Kazakhstan, Kazakh
Category
Economics
Statistics
Posts filter


Көпшілікке қосылу әсері

Кейде бір зат күтпеген жерден өте танымал болып кетеді де айналамыздағы дос-жарандарымыз оны жаппай сатып ала бастайтынын байқаған боларсыз. Мұны "бандвагон әсері" немесе көпшілікке қосылу деп атайды. Расында да, көпшілік бірдеңе сатып алса, қолданса немесе істесе, біздің де соны қайталағымыз келіп тұрады. Себебі, кез-келген адам үшін бір үлкен, сәнді және өзекті нәрсенің/құбылыстың бөлігі болу маңызды болып көрінеді. Жаңа өнімді нарыққа өткізу үшін компаниялар мен өндірушілер осы сезімді қолдануды жақсы меңгерген. Себебін графиктен таба аласыз. Қалыпты жағдайда ұсыныс артқан сайын, тауардың бағасы төмендеу керек болса, бандвагон әсері бар жағдайда, ұсыныс арта берсе де, баға түспей, хайпқа бола керісінше көтерілуі мүмкін.

Бұл өте қызық құбылыс. Басында өнім енді шыққан кезде оны аз ғана адам біледі, ал оны тек жаңаға құмар тұтынушылар ғана сатып алады. Бірақ, өнім "жарқ" етіп танымал бола қалса, ол туралы әлеуметтік желілерде айтыла бастайды, бейнероликтер, пікірлер, ұсыныстар шығады – содан кейін адамдар жаппай оны сатып алуға ұмтылады. Кейде ол зат бізге шын мәнінде қажет болмаса да, біз "бәрі сатып алса, демек, бұл керемет" деп ойлап қаламыз.

Мысалы, күні кеше хит болған дубай шоколадын еске түсірейік. Бір кішкентай десерт күтпеген жерден TikTok-тағы вирусты бейнежазба арқылы әлемдік сенсацияға айналды. Адамдар бұл шоколадты алу үшін кезекке тұрды, оны тез арада сатып алды, ал қол жеткізе алмағандар оны үйде дайындауға рецепт іздеді. Неге? Себебі "бандвагон әсері" қосылып кетті.

Бандвагон әсері тек трендтерге ғана емес, күнделікті шешімдерімізге де әсер етеді. Біз көбінесе өзңмңзге тиімді не қажетті емес, көпшілік құптайтын шешімді қабылдаймыз. Аракідік болса да, кейде тоқтап, өзімізге "Маған бұл шын мәнінде керек пе, әлде мен тек басқалардың артынан қайталап жатырмын ба?" деген сұрақ қою қажет.

Бұл әсердің тағы қандай мысалдарын білесіз?




Case study: I-35W көпірінің құлауы – жалған үнемдеудің мысалы

2007 жылғы 1 тамызда, кешкі қарбалас уақытта, Миннесота штатының Миннеаполис қаласындағы Миссисипи өзенінің үстінен салынған I-35W көпірі құлады. Бұл қайғылы оқиға 13 адамның өліміне және 145 адамның жарақат алуына әкелді.

Анықтама
1967 жылы салынған I-35W көпірі күн сайын 140 000-нан астам көлік өткізіп, аймақтың экономикалық артериясы болды. Маңыздылығына қарамастан, көпірде техникалық қызмет көрсету кейінге қалдырылып, құрылымдық кемшіліктер жөнделмеді. Тергеу жұмыстары барысында көпірдің болттық қосылыстары (gusset plates) жүктемесін көтере алмайтыны анықталды.

Қаржылық салдар
Алдын алу шараларының құны: 2006 жылы Миннесота штатының Көлік департаменті (Mn/DOT) көпірдің құрылымдық маңызды элементтерін күшейту үшін шамамен 1,5 миллион доллар бөлді. Алайда, бұл жұмыс орындалмай қалды.
Құлағаннан кейінгі шығындар: Құтқару, тазалау, сот шығындары және көпірді қайта салу үшін 234 миллион доллардан астам қаражат қажет болды. Жүк тасушы көліктердің маршрутының ауысуына бола кеткен қосымша шығындарды қосқанда жалпы зиян 0,5 млрд доллар шамасында деп есептелді.

Қорытынды
Маңызды техникалық қызмет көрсетуді кейінге қалдыру немесе жеткіліксіз қаржыландыру қысқа мерзімде үнемді болып көрінді. Алайда, бұл жалған үнемдеу орасан зор шығынға апаруы мүмкін. I-35W көпірінің ремонтына үнемдеу дәл осыған жеткізді. Иә, осылайша Миннесотаның өкілетті органдарының «ештеңе етпейді», «40 жыл тұрды ғой, әлі де тұра береді» деген ойлары орны толмас трагедияға әкеліп соқты.


Video is unavailable for watching
Show in Telegram


Суреттерде Америка Құрама Штаттарындағы Миннеаполис қаласындағы I-35W көпірінің құлағанға дейінгі және құлағаннан кейінгі көріністері берілген. gif файл құлау сәтін көрсетеді


Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі іскерлік белсенділік индексінің (PMI) соңғы 6 айғы көрсеткіші

PMI деңгейі 50-ден жоғары болса, бұл өңдеу өнеркәсібінің өсіп жатқанын білдіреді. Ал көрсеткіш 50-ден төмендесе, сектордың қысқарғанын көрсетеді. Әр ай алдыңғы аймен салыстырылады. Жоғарыдағы график әлемдік S&P Global корпорациясының ақпараты. Соңғы айларда PMI 50-ден жоғары болғандықтан, бұл өңдеу өнеркәсібінің өсуінің белгісі.

«Сұраныстың артуына бола өндіріс көлемі мен жаңа тапсырыстар көбейді, дегенмен өсу қарқынының баяулаған. Компаниялар бұған жауап ретінде сатып алу белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашты. Бизнестегі сенімділік үш айдағы ең жоғары деңгейге жетті, және респонденттердің жартысына жуығы келесі жылы өндіріс көлемінің ұлғаюын күтуде», – деп хабарлайды S&P Global










Қазақстандағы валюта бағамдары: неге рубль тұрақты, ал доллар, еуро мен юань бір бағытта қозғалады?

15 қарашада теңге 31 жасқа толды. Ал бүгін АҚШ доллары валюта айырбастау пунктілерінде алғаш рет 500 теңге биіктігін алған болатын. Қазақстан экономикасы әлемдік процестермен тығыз байланысты, бұл теңгенің шетел валюталарына қатысты бағамында анық байқалады. Алайда, негізгі валюталардың арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Егер доллар, еуро және қытай юані бір-бірімен тығыз байланысты болса, ресей рублі әлдеқайда тұрақты болып келеді. Бұл неге бұлай?

Доллар 🇺🇸 , еуро 🇪🇺 және юань 🇨🇳 : ортақ траектория
Бұл үш валюта өзара тығыз байланыста, себебі олардың бағамдары бірдей факторларға тәуелді:
1. Әлемдік сауда және шикізат нарықтары
Қазақстан теңгесі мұнай экспортына қатты тәуелді, ол валюталық түсімдердің негізгі көзі болып табылады. Мұнай бағасы төмендегенде, теңге құнсызданады, ал доллар, еуро және юань қымбаттайды. 2014 және 2015 жылдардағы девальвация бұл үрдісті айқын көрсетті: мұнай бағасының құлдырауы барлық осы валюталардың күрт қымбаттауына әкелді.
2. Резервтік валюталар
Доллар — әлемдік резервтік валюта, сондықтан ол халықаралық экономиканың негізгі индикаторы болып табылады. Еуро мен юань да доллардың артынан еріп, жаһандық капитал ағынымен тығыз байланысты.
3. Теңгенің девальвациясы
1999, 2009, 2014 жылдарғы теңге курсының төмендеулері, 2015 жылы теңгенің еркін айырбас бағамына өтуі және одан кейінгі әлсіреуі доллар, еуро және юань бағамдарының бірдей өсуіне әкелді.

Рубль 🇷🇺 : аймақтық тұрақтылық
Негізгі валюталардың жоғары корреляциясына қарамастан, рубль салыстырмалы тұрақтылығымен ерекшеленеді. Бұл бірнеше себеппен түсіндіріледі:
1. Қазақстан мен Ресейдің тығыз экономикалық байланысы
Ресей — Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Екі ел де Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше, мұнда есеп айырысу көбінесе рубльмен жүреді. Бұл жаһандық күйзелістерден қорғап, рубльге "ішкі тұрақтылық" береді.
2. Ұқсас макроэкономикалық жағдайлар
Қазақстан мен Ресей көбінесе бірдей экономикалық мәселелерге тап болады, мысалы, мұнай бағасына тәуелділік. Бұл рубль мен теңге бағамдарының бір бағытта қозғалуына мүмкіндік береді және ауытқуларды жұмсартады.
3. Аймақтық сауда
Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымының көп бөлігі рубльмен жүзеге асырылады, бұл сыртқы факторлардың, мысалы, доллар немесе еуро нығаюының әсерін азайтады.
4. Ерекше жағдайлар
Әрине, рубль ірі дағдарыстар кезінде ауытқуға бейім, мысалы, 1998 жылғы дефолт, 2014 жылғы санкциялар немесе 2022 жылғы геосаяси тұрақсыздық салдарынан валюта бағамы күрт өзгерген. Дегенмен, рубль көбінесе 5 теңге аймағында саудаланған.

Қазақстан үшін бұл нені білдіреді?
Доллар, еуро және юань Қазақстан экономикасының жаһандық саудаға, мұнай бағасына және халықаралық дағдарыстарға тәуелділігін көрсетеді.
Рубль керісінше, Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз экономикалық интеграцияның арқасында бір деңгейді ұстайды.

P.S. Кімде-кім теңгенің басқа валюталарға курсын болжағысы келсе рубльдің қозғалысына мұқият болсын.

🔗 Өз есебім — экономика әлеміне қарапайым тілмен жол көрсетуші. Күрделі процестерді түсінгіңіз келсе, жазылыңыз!


Молшылық парадоксы, немесе ресурстық қарғыс, – бұл табиғи ресурстарға бай елдердің экономикалық өсуінің баяулауына немесе тіпті тоқырауына әкелетін экономикалық құбылыс. Иә, өкінішті, ресурстардың молдығы даму кепілдігі бола алмайды.

Молшылық парадоксының негізгі себептері:
Голланд ауруы: Ресурстарды экспорттаудан түскен кірістердің өсуі ұлттық валютаның нығаюына әкеледі, бұл экономиканың басқа салаларының бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.
Сыбайлас жемқорлық және тиімсіз басқару: Ресурстардан түскен кірістер сыбайлас жемқорлықтың дамуына және мемлекеттік басқару сапасының төмендеуіне ықпал етуі мүмкін.
Экономикада диверсификацияның болмауы: Бір секторға тәуелділік экономиканы ресурстар бағасының ауытқуларына тәуелді етеді.
Қақтығыстар және тұрақсыздық: Ресурстарды бақылау үшін күрес ішкі қақтығыстарға және саяси тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін.

Молшылық парадоксына тап болған елдердің мысалдары:
Нигерия 🇳🇬 : Мұнайдың үлкен қорларына ие бола отырып, сыбайлас жемқорлықпен, қақтығыстармен және экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келеді.
Венесуэла 🇻🇪 : Мұнай ресурстарына бай болғанына қарамастан, ел экономикалық дағдарысты, гиперинфляцияны және саяси тұрақсыздықты бастан кешіруде.

Ресурстық қарғысты жеңген елдердің мысалдары:
Норвегия 🇳🇴 : Мұнайдан түскен кірістерді әртүрлі секторларға инвестициялай отырып, Мемлекеттік мұнай қорын құрды, бұл тұрақты дамуды қамтамасыз етті.
Ботсвана 🇧🇼 : Алмаз өндіруден түскен кірістерді білім беру мен инфрақұрылымға инвестициялау арқылы тұрақты өсуге қол жеткізді.

Молшылық парадоксын түсіну ресурстарды тиімді басқарудың, экономиканы әртараптандырудың және ұзақ мерзімді өркендеуді қамтамасыз ету үшін институттарды нығайтудың маңыздылығын көрсетеді. Ойланайық


Азық-түлікке жалпы тұтынушылық шығындардың ең аз үлесін жұмсайтын (Энгель коэффициенті ең төмен) елдердің топ ондығы (2022 жылғы мәлімет негізінде, 104 ел сарапталған):
1. АҚШ – 6.7%
2. Сингапур – 7.0%
3. Ирландия – 8.2%
4. Ұлыбритания – 8.5%
5. Швейцария – 9.3%
6. Канада – 9.5%
7. Австралия – 10.4%
8. Австрия – 10.8%
9. Дания – 11.7%
10. Гонконг – 11.7%
Соңғы ондығы:
95. Уганда – 44.2%
96. Камерун – 45.2%
97. Өзбекстан – 46.4%
98. Қазақстан – 49.1%
99. Ангола – 49.6%
100. Лаос – 50.5%
101. Бангладеш – 52.7%
102. Мьянма – 56.4%
103. Кения – 56.7%
104. Нигерия – 59.0%

Бұл рейтингтен Энгель коэффициенті жоғары елдерде табыс деңгейі әдетте төмен екенін, сондықтан олардың шығындарының көп бөлігі азық-түлік сияқты негізгі қажеттіліктерге бағытталатынын көреміз




Әлем елдеріндегі тамаққа жұмсалатын шығындар: Қазақстан және әлемдік тәжірибе

2022 жылғы деректер негізінде әртүрлі елдерде халықтың жалпы тұтыну шығындарынан тамаққа кететін үлесі айтарлықтай өзгеше екені көрінеді. Айтпақшы, бұл үлестің экономика ғылымында Энгель коэффициенті деген атауы бар. Бұл көрсеткіш елдегі табыс деңгейін, өмір сүру сапасын және тұтынушылық әдеттерді анықтауға мүмкіндік береді. Осы көрсеткіштің Қазақстан мен оның көршілеріндегі және дамыған елдердегі деңгейін 2022 жыл бойынша қолжетімді ақпаратты салыстырайық дедім.

🇰🇿 Қазақстан: Қазақстанда орташа шығындар $5674 құраған, оның $2785-і тамаққа жұмсалды, бұл жалпы шығындардың 49,1%. Бұл отбасылардың шығындарының жартысы негізгі қажеттіліктерге, яғни азық-түлікке бағытталатынын көрсетеді. Мұндай көрсеткіш халықтың азық-түлік бағасына тәуелділігін білдіреді.

🇺🇿 Өзбекстан: Өзбекстанда жалпы шығындар $1329 құрап, оның $617-і тамаққа кеткен, бұл 46,4%. Қазақстан сияқты, Өзбекстанда да халықтың көп бөлігі табысын күнделікті тамаққа жұмсайды, бұл жалпы табыс деңгейінің төмен екенін және тұтынушылық әдеттердің негізінен қажеттіліктерге бағытталғанын көрсетеді.

🇧🇾 Беларусь: Беларусьте орташа шығындар $4166, оның $1320 немесе 31,7% азық-түлікке жұмсалыпты. Бұл көрсеткіш Беларусьтегі табыс деңгейі төмен болғанымен, тұтынушылардың негізгі қажеттіліктерден басқа шығындарға да мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.

🇷🇺 Ресей: Ресейде жалпы шығындар $7370 болса, оның $2131-і тамаққа жұмсалған, яғни 28,9%. Ресейдің көрсеткіші Беларусь деңгейінк жақын, дегенмен, жалпы шығын деңгейі 2022 жылы жоғарырақ болған.

🇳🇴 Норвегия: Норвегияда жалпы тұтыну шығындары $30617 жетсе, оның $3805-і немесе 12,4% ғана тамаққа жұмсалады. Бұл елде халықтың жоғары табыс деңгейі бар екенін және олардың тамаққа кететін шығындарының жалпы табыстағы үлесі төмен екенін көрсетеді. Бұл тұрғындардың жоғары өмір сүру деңгейіне және басқа қажеттіліктерді толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар екенін білдіреді.

🇺🇸 АҚШ: АҚШ-та орташа шығындар $50,289 құрайды, оның ішінде $3382 немесе 6,7% тамаққа жұмсалады. АҚШ халқының табысы өте жоғары, бұл олардың тұтыну құрылымының толық әртараптанғанын көрсетеді. Азық-түлікке аз мөлшерде ғана шығын жұмсалады, бұл халықтың қаржылық жағдайының мықтылығын көрсетеді.

Жалпы қорытынды

Бұл деректер әртүрлі елдердегі өмір сүру деңгейін және тұтыну құрылымын айқын көрсетеді. Қазақстан, Өзбекстан сияқты елдерде халықтың жартысына жуығы өз табысын тамаққа жұмсайды, бұл олардың басқа қажеттіліктерге мүмкіндіктерінің шектеулі екенін білдіреді. Ал Норвегия мен АҚШ сияқты жоғары табысты елдерде азық-түлікке жұмсалатын шығынның үлесі әлдеқайда төмен, бұл олардың қаржылық мүмкіндіктерінің кеңдігін және тұтыну құрылымының толық әртараптанғанын көрсетеді




Теңсіздік деңгейі туралы талдау

1993 жылдан 2022 жылға дейінгі мәліметтер бойынша кедей халықтың 50%-ына тиесілі кіріс үлесі әртүрлі елдер мен аймақтарда қалай өзгергені көрсетілген. Бұл көрсеткіш халықтың төменгі бөлігіндегі кіріс үлесін бағалауға мүмкіндік береді және кірістің қаншалықты тең бөлінетінін сипаттайды.
Негізгі байқаулар:

Норвегия: Кедей халықтың 50%-ына кірістің 25%-дан астамы тиесілі. Бұл елдегі әлеуметтік теңдіктің жоғары деңгейін көрсетеді.
Сингапур: Соңғы жылдары кедей халықтың кіріс үлесі 20%-ға жетті, бұл әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған саясаттың нәтижесі болуы мүмкін.
Қазақстан: Кедей халықтың 50%-ына шамамен 20%-дан сәл аз кіріс тиесілі, бірақ соңғы жылдары біршама өсім байқалады. Дегенмен, елде кіріс теңсіздігі орташа деңгейде сақталып отыр (алдыңғы бір постта Ұлттық статистика бюросының мәліметімен мына ақпарат арасында айырмашылық бар екен).
Еуропа мен Азия: орта есеппен алғанда Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш жоғарырақ (17% шамасында), ал Азияда 10-12% деңгейінде, бұл Азияда кіріс теңсіздігі жоғары екенін көрсетеді.

Қорытынды

Кірістерді тең бөлуде Норвегия мен Сингапур секілді елдер жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Ал Қазақстанда халықтың кірістерін әділ бөлу үшін қосымша саясат қажет.

Әлеуметтік әділеттілікті орнатуда мемлекеттің рөлі маңызды екенін көреміз. Әр елдің тәжірибесінен үйрену арқылы, әлеуметтік теңдікті жақсартуға қадам жасай аламыз.

Дерек көзі: World Inequality Database




2022 жылы Ресей қант экспортына шектеу енгізіп, Қазақстанда қант бағасы шарықтап кеткен кез есіңізде ме? Кейін баға одан әрі көтеріледі, тапшылық болады деп қорқып, жұрт қантты қаппен сатып ала бастады. Бағаны реттеу үшін түрлі шектеулер енгізілгеніне қарамастан, баға өсе берді. Біз ол кезде Гиффен парадоксымен бетпе-бет келдік.

Гиффен парадоксы дегеніміз не және ол қалай жұмыс істейді?

Гиффен парадоксы — бұл бағаның өсуі тауарды тұтынудың артуына әкелетін экономикалық құбылыс. Әдетте, баға көтерілгенде, тауарға деген сұраныс азаяды деп күтеміз. Бірақ Гиффен парадоксы адамдарда басқа таңдауы жоқ бірінші қажеттіліктегі тауарларға қатысты орын алады. Мұндай тауарлардың бағасы өскенде, адамдар олардан бас тартудың орнына, керісінше, көбірек сатып алады, өйткені бұл тауарды тұтынуды азайту олардың өмір сүру сапасына айтарлықтай кері әсер етеді.

Қазіргі күні қант көптеген адамдардың рационында маңызды өнім болғандықтан, көпшілігі бағаның өсуіне қарамастан, оны неғұрлым көп мөлшерде сатып алуды жөн көрді.

Гиффен парадоксы мен Веблен әсерінің айырмашылығы неде?

Веблен әсері — бұл мүлдем басқа экономикалық феномен, ол статустық тауарларды тұтынумен байланысты. Мұнда бағаның өсуі тауарды одан да тартымды етеді, өйткені жоғары баға оның мәртебесін және элитарлығын көрсетеді. Адамдар мұндай тауарларды қажеттілікке байланысты емес, әлеуметтік деңгейін көрсету үшін сатып алады. Мұндай тауарларға люкс автомобильдер, брендтік аксессуарлар және қымбат сағаттар т.с.с. жатады.

Осылайша, Қазақстандағы 2022 жылғы қант “дағдарысы” — Гиффен парадоксының мысалы болып табылады, өйткені қант — бірінші қажеттіліктегі тауар, ал бағаның өсуі дефицитке деген қорқыныш пен қор жинау ниеті салдарынан сұранысты азайтпай, керісінше арттырды



20 last posts shown.