Yerlan Ospan


Channel's geo and language: Kazakhstan, Kazakh
Category: Blogs



Channel's geo and language
Kazakhstan, Kazakh
Category
Blogs
Statistics
Posts filter


#ЕркекӨсек #Пси

Қат сарымайды нанға өкіртіп жағып, үстіне құмшекер сеуіп жегенде:

- Бүйтіп қалың жағатын болсаң, сарымай ертең таусылады. Сосын не жейсің? - дейтін үлкендер.

Иә, үлгі аларлық бөтеннің балалары болатын. Мейлінше жұқа жағу үшін шай ішерден бір сағат бұрын тоңазытқыштан шығарып, жібітіп қоятын. Сосын нанның бетіне пышақтың қырымен жапсырып тұрып жаққанда, дәмі бола ма мынадан деп ойлайсың. Оның үстіне, "ертең өліп қалсаң ше, қолдан кеп тұрғанда асап-асап қал!" дейтін базына да болды басқа жағынан ("жас күніңде ойна да күл, ей!")...

Жігерді де солай үнемдеу керек пе еді? Соңғы кездері қайрат-жігерді де әу баста бір берілетін және тек азая беретін нәрсе ме деп ойлап жүрмін. Досқалиев министр кезінде айтып еді, "денсаулыққа денсаулық қосуға болмайды, ол тек азая беретін дүние. Амалы - тек үнемдеу" деп. Рухани жігер де солай сияқты маған, ендеше. Сосын ба, өз өзімді қайрап қайта жалындау лимитін - сансыз емтихандарда, сауда-саттықпен жүргенде, пойыздардың тамбурында, әйтеуір, ірілі-ұсақты сәтсіздіктер кезінде сарқып тастаған тәріздімін. Оның үстіне, "өлмегенге өлі балық..." сияқты мотивациялық шытпақтарға бой алдырмайтын құрыған адаммын.
Енді үнемдеу керек-ау. Ендігәрі көрінген іске делебем қозып далақтап шыға келмен. Тек тұратын іске ғана.
Тәмам...


#БокалдайОй

Өзен-көл бір тартылып, бір тасып тұрады. Далалықта қанша жылға-жыраларды, қазандықтарды көреміз. Бағзыда арқыраған өзен болғанын, толқыны таудай теңіз болғанын аңғарамыз. Әйтпесе, Борсық құмның ішіне айқұлақ қайдан келеді, мисалы.

Лев Гумилев бірнеше еңбегінде, тарихшылар халықтардың тағдыры туралы жазғанда, табиғатты ұмытып кете беретінін атап өткен. Кеше егін бітік шығып, мал екеш малға дейін жем таңдайтын заман болды, халықтың аузынан ақ май ақты. Кейін қуаңшылық тұрып, ел қаңғып кетті. Ал мұны былайғы тарихшы "ана ханның ақымақтығынан", "мына қолбасшының данышпандығынан" дей салар еді.

Осы ретте, қазақ жеріндегі өзен-көлдердің қазіргі тартылу үрдісіне бір де бір ғылыми пайым шықпады. Ана жақта плотина бар, мына жақта контррегулятор бар, ал адам баласы ашкөз - түсіндірме осымен тәмам. Соның ізімен экопопулизм етек алды. Таза ауа үшін жан пида. Айтпақшы, таза оттегіден өкпе әлдеқашан күйіп кететінін солардың көбі білмейді. Мұнайдың науасын тоқтатып, көмір шахтыны опырып түсіріп, біржола жапсақ дейді. "Жасыл энергия" деген тағы бар, рас, сол электрмен жүретін мәшіндерді зарядтауға электрді қалай экологиялық таза өндіруге болатыны әлі даулы мәселе.

Кеше біраз қытайлық үсіп өліп қала жаздады. Австралиямен ұрысып қалып еді, ол жақтан арнайы көмір келмей қалыпты. Қарап тұрсаң, иә, күн аккумуляторымен, желдиірмен генераторымен жарты әлемді қамтып отырған ел.

Мұнаймен, көмірмен қоштасу әлі ерте. Ең болмаса, бардан айырылуды армандамасақ.

[Көріскенше, спикер әлі ТЭЦ-терді боқтап жатыр, шыдай алмай шығып барам]




Әй, мен жаман адамның қасында жүрмеймін ғой дегім келеді.
Әй, мен жаман адамның қасына бармаймын ғой дей салғым келеді. Біреулер біреудің кісілігін сұрағанда.

Өзімше, осы сөздер бәрін де жеткізеді ғой деп ойлайтыным бар. Тізіп айтсам да болар еді, алайда қасаңдау жерде өстік пе - кісі қадірін көзге айтуды үйренбеппін.

Сондықтан, мен "жақсы" дегеннің жақсы екеніне сене сал. Болмаса жөнеле бер. Біреуді қалыптасқан көзқарасынан айныту үшін жаралмаған болармын әйтеуір?

А?


"Оңтүстіктегі халықты солтүстікке көшіру керек!".

Осыны айтқан кезде өздеріңді бір сәт саяси қайраткер, кемеңгер сезініп қаласыңдар ма? Әлде, "инфльюенсерлер мен опинион лидерлер бізге тағы қандай маңызды тапсырма береді екен?" деп, буынып-түйініп отырған оңтүстік қазағы елестей ме? Кілең туабітті стратег әйтеуір, ойпырым-ай.

1. Наполеонның неменеге беделді болғанын білесің бе? Себебі ол өз жоспарларын жүзеге асыруға өзі қол бастады. Алдыңғы шепте жүрді. Ендеше анадай ақыл айтқан екенсің, үй-жайыңды тастап, бірінші өзің сол жаққа көш. Үлгі көрсет. "Мен осында қажетпін" десең - кешір, оңтүстік тұрғыны да өзін туған жеріне керекпін деп есептейді.

2. "Солтүстік" деп өзеурейсіңдер, бірақ астық сату науқанында вагондарды тығып қоясыңдар. Ал Ресейлік ЖОО-лар түлектерді тегін оқумен шаңсорғыш сияқты жұтып жатыр. Шекаралас аймақтарды қойып, оңтүстіктің өзінен дым қоймайды қазірде.

Ендеше, басы қазан стратег екенсің, алдымен өзің тактика алаңына түс. Астанадағы үй-жайыңды тастап, күртік қарды омбылап барып, қазық қақ. Басқасы сылтау ғана. Не айтсаң ла сылтау. Мұндайда ең болмаса үндемей қалу деген салт болған қазақта.


#Еркекөсек

ҚОШҚАРДЫҢ ӨЛЕҢШЫҚПАС ЕСКЕРТКІШІ

Нақты мекенін айтсам, ағайын ренжіп қалар. Ал адрессіз айтсам, Борсық құмның о жақ-бұ жағындағы ауылдардың бірінде қошқарға ескерткіш бар.

"Ескерткіш" деген сөзден жез я қола елестейді ғой бәрімізге. Жоға, ол ескерткіш - кәдімгі цементтен!

Жергіліктілер айтады, жүз қойдан жүз жиырма қозы алған сиқырға толы бір жылы үкімет қойып кеткен дейді. Алғашқы тұрқын көргендер басында қошқарға ұқсап-ақ еді дейді. Күн мен желдің қиянатынан онысы-мұнысы үгілгені болмаса, кейін де қошқар екенін дөп басып айтуға болатын кейіпте болыпты.

Сөйтіп жүргенде, бізді қойсайшы: жергілікті бір қушыкеш сол ескерткішті күтуге тендер шығарып алыпты! Мүсінші оқуы жоқ, бұл қалай күтеді екен дейді ғой жұрт.
Сүйтсе, қошқарың жаңа қожасы үшін мүсіннен гөрі үй ретіндегі нысан болғанға ұқсайды. Әуелі елдің аузын аңқитып қойып, екі астау саз илеп алып... ал кеп сылайды мүсінді! Сол жылы көтерем қошқарымыз қоң жинап, ажары кіріп қалды дейді жұрт.

Осымен тоқтаса жақсы, әкім-қараның артын сауып жүріп, енді жылына екі мәрте жөндейтін болыпты анау іскерің. Айтып-айтпай не керек, бір күні қошқарың сылақтан жардай боп семіріпті. Артынан қарағанда қошқардан гөрі бұқаға келеді, қарашы деп еді бірде, машинадан түсуге ерінгегіме өкінемін.

Іскерің тағы бір жылы тендер шартына әктеуді де қосып алыпты. Енді бұл ауылға келе жатқанда аппақ бұқа менмұндалайды. Мүсінде қошқарға тартқан тек мүйіз қалса керек.

Сол ауылдың тамғасындай болған сол қошқарға бір ауыз өлең жоқ бірақ. Шетінен домбырашы ол ауылда ақын дегенің қаражаяудың орнына өріп жүр. "Ә" десең - мә саған ямбпен бе, мә саған хореймен бе - суырып салады. Қошқар емес, жалпы, мүсін шабыт шақырмайды дейді олар. Қыз, махаббат, табиғат туралы болмаса, шынымен, қошқар, түйе, итке арнаған шумақтарын мен де естіп көрмеппін.

Әлі бар ол. Қошқар.




Физика тым жақсы қазақша сөйлейтін еді. Әйтеуір мектепте кәдімгі қазақтың сөзімен оқытқан. Түйір де орысша я ағылшынша араластырмай. Бәрі түсінікті еді. Осы күні таң қаламын соған.

Физиканың сол қазақшасы біразға дейін бүлінбей, аман жүрді. Себебі физикаға қоғамдық ғылымдардағы сияқты әпербақандар көп жолай алмайды. Амал не, 2000-жылдарда білім министрлігі тарапынан қазақша техникалық әдебиет жазуға ынталандыру саясаты жүрді. Сен жазып тұр, "Фолиант" басып үлгерсін тек деді.
Құптарлық іс демеші тек. Сапасына қарамады ғой. Авторы әлдеқашан өліп қалған орыс кітаптары кенет қазақ автордың атымен шыға бастады. Жақсы, этикаға да түкірдік.

Бірақ қазақшасын айтсайшы. Мезет кенет "момент" болды. Тағысы тағылар. Оны қойшы. "Квантовая запутанность" деген ... "кванттық шатасу" болып шығыпты! Автор тек тәржімашы болса керек. Әйтпесе ол әншейін ғана - кәдімгі байланыс қой! Ұқсатып аударам, құбылыстың табиғатын дөп жеткізем десең - "шелену" болсын ал. Орысшасындағы "запутанность" сөзінің "путаницаға" еш қатысы жоқ. Оны ең болмаса ютюбтен бір видео қарап түсінуге болар еді.

Ескі емес, бұрынғы қазақ техникалық әдебиетімен еш байланысы жоқ бір толқын келіп, инженерлік лексиканы өлтіріп жатыр. Жоқ, өлтіріп тынды.


#Тәуелсіздік30

БАЙҚОҢЫРДЫ ЖАЛҒА БЕРУ ШАРТЫНЫҢ ТҮПНҰСҚАСЫНДА БАҒА НЕГЕ ҚАЛАММЕН ЖАЗЫЛҒАН?

Тәуелсіздік алғаннан кейін, ел болудың дайын рецепті жоқ екен. Тоқаевтың "Жарық пен көлеңкесінен" бір сәттік іркіліс-кідірістің, алғырлық-тапқырлықтың ел үшін қандай рөл ойнауы мүмкін екенін көріп, қайран қалып отырмын. "Оқығаныңның бәрін ұмыт, нағыз жұмыс енді басталады" деген сияқты екен.

Қазақстан Тәуелсіздік алған соң, Ельцин - Байқоңыр ғарыш айлағын Қазақстанның меншігі деп мойындағаны үшін тегін пайдаланбақ ойын ашық жеткізіпті (!).

Кезекті бір кездесуде Назарбаев Байқоңыр үшін Ельциннен 200 млн доллар сұрайды. Ельцин ойланып отырып, 50 млн төлеуге келісетінін айтады. Назарбаев:
- Борис Николаевич, 100 миллион болсын, сосын достығымыз үшін үстіне және 15 миллион қосыңыз! - дейді.

Осы кезде ұсыныс ұнамаған министр Козырев Ельцинге әлдене айтпақ болып оқыс қимылдайды. Министрінің, аузына сөз салмақ болған әрекеті ұнамаған Ельцин "келістім!" деп, үстелді дүңк еткізеді. Сол кезде Назарбаев келісім-шартқа соманы қаламмен жаза қойыпты.

Мұндайды университетте оқыта ма???


#Тәуелсіздік30

СОЛ ЖАҒАЛАУДА ШЛЯПА ҚУУ

1995 жылдың желтоқсанында Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік дипломаттарға... Ақмола қаласын таныстырады. Осының алдында ғана Тәуелсіздіктің сөзсіз елеулі оқиғасы - ел астанасын көшіру туралы Жоғары Кеңестің шешімі шыққан еді. Әрі қарай - кімге күлкі, кімге түрпі бұл оқиғаны Қасым-Жомарт Кемелұлының өз аузымен баяндайын.

...Қиырда жатқан қаланы көрген шетелдіктердің зәресі ұшты. Ақмоланың әбден тозған аэропортына түсіп, сосын, Социалистік Еңбек Ерлерінің портреттері самсап тұрған орталығына келдік. Қала ішінде әлем пролетариатының көсемі Лениннің еңгезердей ескерткіші, одан қалды алғаш тың игерушілердің құрметіне қойылған трактор және тұр еді. Көңілсіз көріністі желден жатаған болған тозық үйлер мен сақылдаған аяз күшейте түсті. Әсіресе Үндістан мен Пәкістанның елшілеріне ауыр тиді, мұндай суықты көрмеген олардың кескіндерінен абыржу мен қобалжу айқын көрініп тұрды.

Жергілікті билік Иран елшісіне малақай сыйламағанда, бір сағатта о дүниелік болуы ғажап емес еді. Ал АҚШ елшісі Элизабет Джонстың жел ұшырып әкеткен шляпасын Есілдің сол жағасындағы дипломаттардың барлығы қуды...

Ел астанасы Ақмола болатыны жөніндегі әңгімелеріме дипломаттар кекесін болмаса да сыпайы сенімсіздікпен жауап берді... Мені жақтаған жалғыз кісі моңғол елшісі болды. Ол, "Ақмола ұнады, Улан Батор сияқты екен" деді...


#ӘзілӘлемі

Жазушы Дмитрий Быков анекдотты "құлдық санадан туған жанр" деп есептейді. Қолынан келер қайла жоқ халық билікке, әділетсіз күштілерге өшіккенде туады-мыс.

1930-жылдар. Әбден қартайған шал-шауқан плакат ұстап келеді. Онда: "Сталинге бақытты балалығымыз үшін рахмет!" деп жазылған.

- Не деп оттап қойғансыңдар! Сендер бала кезде Сталин жолдас туған да жоқ! - дейді бір жандайшап жетіп келіп.

- Соған рахметіміз-дағы! - дейді шалдар.

Қызығы, қоғамда барлығының рөлі әбден айқындалған, бүкіл институттар сағат сияқты жұмыс істейтін елдерде анекдот сұйық болады екен. Айталық, неміс ешқашан - шақырғаннан екі жылдан кейін келген сантехник туралы әңгімені түсінбейді. Формасын түсінер енді; бәлкім, сондай да ел болатынын топшылар; бірақ енді, анекдоттың сиқы қалмайды.

Сонымен, кейбір жазушылардың теориясы бар осындай. Бәрі түсінікті әрі айқын елде анекдот жанр ретінде жоқ деген. Әзіл бар ғой, анекдот жоқ. Шетелде тұрғандар мен тұратындардың көзқарасы қызық болар еді.


«2+2=4» деген постқа қалай тиісуге болады?

«Арабқұлдардың цифрын неге жазасыңдар, тегін сатқандар!» деп пе? «Бүгін екіге екі қосқан адам ертең төрті төртке көбейтуден тайынбайды!» деп пе? «Биліктің өзінше, екіден екі алса — нөл қалатынын жасырған түрі!» дер пе? «Басқа мысал құрып қалды ма!» деп пе? «3+2=5 екенін ұмыттыру!» деп пе? «Бірге бірді қоса алмай отырып!» деп пе? «Плюс креске ұқсайды, исі мұсылмандар айшық пайдаланайық!» деп пе? Селк-селк иттің стикерін қалдырып па?

Сөздің жаны бар болатын бір уақытта. Қара сөз болса да, уақыттың, тәжірибенің, тағдырдың тезінен өткені есіп тұратын. «Ашу өзен ғой бала, тек-тек! Сабыр!» дейтін шүйкедей қара шал ақырған жындыға. Сап тиылатын. Бұл күні психологтар, конфликтологтар, басқада ологтар мен исттер небір логикалық аппараттан өтіп, жұп-жұмыр болған сөзбен де бестегі баланың жылағанын қойдыра алмайды.
Меніңше ақпарат дәуірі сезімдерді өлі санмен ауыстырып, кәдімгі электрге айналдырып жіберді. Мүмкін, сөз сиқырының соңғы куәлері біз болармыз...


#Пси

Ұшақта стюардессамен тәжікелесетін адамдар болады. Смартфоныңды ұшу режиміне қой десе талқан болып та.

...Жүйкесі жұқарғандарды, сосын әсіресе - жүрегі нашарларды газет-кітаптан тиып жататын бала күнімде. Ішіңнен ойлайсың, «бұл да - келген адамның халат кию міндеті сияқты қыртқан шара ғой» деп. Әйтпесе тек иыққа іле салған, алды толайым ашық халаттан не пайда дейсің. Газет-кітаптан да не залал деп.

Дегенмен, әгәрәки жағдайы жақсарып келе жатқан кісі кенет аузы аңқиып құлап жатса, неге газет бересіңдер деп кейитін. Содан, сұраса да бермейтінбіз. Сыртқы әлеммен байланысы үзілген кісі ақыры екеуара, үшеуара, төртеуара әңгімені місе тұтатын. Расы керек, жағдайы да жақсарып кететін. Бір рет болса кездейсоқ, екі рет болса да әлі табиғаттың заңы емес, бірақ кемінде оншақты рет «науқас ештеңе оқымасын!» деген осындай нұсқауды кездестірген екенмін.

Қызық, қазір сондай кеңес бере ме осы? Кездестірген жоқсыңдар ма? Бұл толқын өкілдері смартфонын қолынан ала сала тіл тартпай жүріп кететін болар сірә. Тіпті ауырмаса да.


ГИПЕРБАҚАН ЖАЗУШЫЛАРЫМ МЕНІҢ

Ертеректе, тарих апай ма: «көз майымды тауысып жаздым, еңбекті бағалаңдар!» деп, кітабын сатты(!).

Астанаға келгенде: «жазасың мысалы, ойланасың, қиналасың, ал оқырман еңбекті түсінбейді, кітап деген, былай, балаң сияқты ғой(?)» деген наз естідім біреуден(!!).

Кеше, бір, курс меңгерушіден: «үш бет жазып бердім сізге, адамның уақыты кеткенін, ізденгенін бағалау керек!» деген ұрыс естідім(!!!).

Тарих апайға: «кітабыңыз қырық теңгеден қымбат болса ала алмаймын, ішетін тамағым жоқ» деп турасын айтып, сөз естігенім есіме түсті.

Астанаға келгенде кездестірген әлгі жазушының әлі графоман екені, жазғандарының бәрі нашардан да жаман екені есіме түсті.

Курсантқа не дейін, «онда өзіңізді өзіңіз бағалай беріңіз, несіне менің мазамды аласың» дедім де, қойдым.

Қағазды түртіп қалса «мені» қалыптаса қалатын, тұлғалық қасиеті еңбегінен бұрын туатын жазғыштарды шын түсінбеймін. Жазбай кет те, әлемнің сенсіз қирап қалғанын көріп мәз бол, не дейсің маған! Кек алыңдар оқырмандардан сөйтіп! Бір молекула жоғалса маскамның жібін кесіп берейін.
Егер жазу немесе жазбау деген таңдау тұрса - әрине жазбаңдар!


II. ЕҢ БОЛМАСА — БЕС АДАМ

Елім деп еңірейтіндердің арасында отырып, осылардың қайсы бес адам басқарып көрді екен деп ойлап отырамын. Енді қайтейін: он сегіз мыңның мыңын артына ертіп, басқа жол көрсетпекші. Мұндайда сақ болмасаң амал нешік. Еріп кете берсем не болады?

Соған орай, басқарған кісі қарасына қарай құрметім де, сенімім де арта беретін сияқты. Он адам басқарғанның сөзінің салмағы бес адам басқарғандыкінен артықтау мен үшін.

Негізі, мұным сорлы қасиет. Жариялықтың болмысына, қисынға қайшы екенін мойындаймын. Білем, білем, «жақсы тренердің жақсы футболшы болуы шарт емесі сияқты, басқару туралы кемел ақыл айтушының да бірдеңе басқарып көруі шарт емес!». Келісемін, бұған күмән бар ма!

Бірақ жүрегіме әмір жүрмейді, өзіммен ештеңе істей алмаймын. Бұл қасиет сірә туабітті сіңген бәле болып тұр. Осылай ұнайды маған. Консерваторлық па. Әлде құлдық сана да болуы мүмкін. Атавизм? Күшігімде таланған болуым да ықтимал. Бірақ, тек басқарып көрген адамға ғана иланамын. Басқарып көрмеген адамдардың ақылы маған — тым қисынды, тым заңды, шамадан тыс айқын болып көрінеді. Көрінеу көрнекілігімен ұнамайды. Айтпақшы, қисыны мол жаңа басқарушылардың отыз жыл шашау шықпаған ұйымдарды тоз-тоз қылып жібергенін көріп қойдым ғой. Бұл бір қызық сезімдер: басқару ісінің данасы ескі жол - қасқа жолдарды айтып, бөсіп отырады; ал ұжымы — әлдеқашан тарап кеткен. Бірден түсінесің: қисынға салып құртқан бәрін.

Аянышты да жай, әйтпесе білігінде шатағым жоқ.


I. ЖОҚ, СЕНБЕЙМІН.

Ана заманда өзгеруге қабілетті екіжүзділік деуші еді, мына заманда өзгермей қалуды қасаңдық дейді: шоуға шақырмайды, қыздар қарамайды.

Мына замандағы пысықтық ана заманда пасықтық еді: ертеңіңді ойлап, арзан кезінде кір сабыннан молырақ алып қойсаң, «ар-р-рамсың иә!» деуші еді жұрт. Бойың тапал болса «арамдықтан өспей қалған!» дейді; ұзынтұра болса «арамдығы оқтау болып тіреп тұр» дейді; жоға, орта бойлы да кінәден сау қалмайтын. «Бізбен бірге адас!» деп кеу-кеулейді жұрт: бірақ адасып кетсең - артын ашып күлетін.

Біресе байлықты сыйлайтын, біресе сыйламайтын; біресе билікті мойындайтын, біресе мойындамайтын жұрт арасында жүріп, қайран қалудан да шаршайсың. Анабір, пара алуды да, беруді де білмеген теміржолдағы бір директорды жерледік қайбір жылы. Жұмыстан бір уыс гайка ала шыққан ағайынын ұстатып жіберіп атағы шыққан сол кісі құрметке бөленуі керек еді, мен білсем. Қайдағы, «астапыралла, бәрі қолында тұрғанда қушиған үйіне ең болмаса бір бөлме қосып алмапты!» деп гуледі жұрт. «Орыс боп кеткеннен ақыры дымсыз өлді» десті табытын арқалағандардың өзі.

Сондай-сондайдың арасында жүріп, «онда бұл елге байлар жақпақ екен» деп шешкем. Қайдағы, енді дәулетті кісінің байлығын «елдің көз жасы ғой» деуге көшті сосын дәл баяғы жұрт.

Осылайша, елдің ақырғы сөзін, тұрысатын жерін түсінгенше өмірдің жартысы өтеді де кетеді екен. Масқарасы, елдің ақырғы сөзі, тұрысатын жері болмайды да екен ғой. Адалдық, парасат дегендер сол, «Алпамыс батырдан» ұзамай, кітаптың ішінде қала береді екен. «Кім сенсе — сол ақымақ!» деген ойын екен бұл жұрттікі.

Содан, етек-жеңіңді жинап тірлік қылмасаң, қарасатын жұртың бұл емес екеніне көзің жетеді. Әйтпесе, жетімді жүректің әмірімен емес, сүйекке таңба деп асырап алады екен ағайын. Яки, сынап-мінейтін басқа ру-тайпа болмаса, жетімнің қараусыз қалғаны ештеңе емес, малай қылып алуға бар кей жұрт. Шықпағыр көз бәрін де көріп қойды.

Қырықтан асқанда сөз өтпейтін қасиет сіңетіні қандай жақсы. Осы күні «ауыл», «дархан қазақтың» атынан сөйлейтіндер шығыпты. Көке, кімді алдайсың - мен де елден шықтым ғой! Анау «аппақ халық» дегеннің әншейін — сөз саптау дәстүріне адалдық, сөздің төркіні, орайы кеп қалатын фразеологизм екенін мен алтыға білемін ғой.

Елім, шын келбетіңді көріп отырып, кітапта жазылған қадір-қасиетіңе сенетін адамың мен емес әйтеуір. Әсілі елім, сен тек шіріген байды, күштіні ғана сыйлайсың, мен білемін. Ал мұны жақсы білетін, сондықтан пайдаланатын саясаттың кінәсі екібастан жоқ. «Қолдан келсе қонышыңнан бас!» деген менің сөзім емес әйтеуір.

Ендеше, мәселені кісілік тұрғыдан талқылауды доғарып, тек заң-зәкүннің айналасында әңгіме қусақ.


#Тұлғалар

ОҚЫМЫСТЫ БИЛІКТІҢ ЖАЗАСЫ

Ол ешқашан гөй-гөй сөйлемеген. Ақылды дүниелер айтпаған. Айта алмас та еді: бастауыш сыныпты да бітірмеген оның данышпан кітаптарды оқуға құлқы да болмаған.

Ресей лаулап жатқан. Соғыс бір жағынан, бас басына би болғандар екінші жағынан. Былайғы, құдайына қараған шаруа ара-тұра билікке қарап қояды, не істейміз деп. Оған жауап ретінде — оңшыл болу, солшыл болу, бейтарап болу, эсер болу, есер болуды ұсынатын. Егіні мен сүт-майын жәрмеңкеде өткізіп, қызына орамал, әйеліне көйлек алып, өзі трактирге соғып шығып, бақыт деген осы деп әлдеқашан шешкен мұжыққа терминдерге толы лепірме саяси ұрандар тіпті түсініксіз еді. Әуелде қайран қалып жүрді. Сосын, шаруа найқала бастағанда, жыны келді.

Нестор Махно осы тұста ең алдымен өзі түсінетін қарапайым дүниелер айтып, мұжыққа майдай жақты.

— Билік-силіктің әкесін ұрғаным бар. Жерім бар ма, егін саламын, бидайын сатамын. Патша, шен иесі дегендер де өздері егін салсын да, бейнетінің зейнетін көрсін. Не бәле осы билік деген? Кім ойлап тапқан бәлекет?

Сиырдың жапасындай қарапайым мұндай ой шаруаларға майдай жақты. Идеологиялық күрестің майын ішкен небір жебірлер Нестордың қарабайыр, дөрекі, түсінікті пәлсапасынан оңбай ұтылды. «Шала сауатты ноқалайға кім ереді дейсің» деп, басында арқасын кеңге салған билік, ақыры Нестор Махномен санасуға мәжбүр болды.

Том-том кітап оқуы себепті өзін жоғары санағандарға опық жегізген, олардың эгосын аяусыз сабаған Нестор Махно деген кісі өткен бұл дүниеден. Оның бейнесі саф түрдегі саясатпен айналысып, өзімен өзі болып кететін билікті сабаға түсіріп қоюға әлі де жарайды.


#ЕсімеТүсіпКетті

ІШПЕЙ-ЖЕМЕЙ МАС ЗАМАН

Мысалы сіз душқа түсіп жатырсыз. Қоңырау соғылды. Қоймайды. Сіз амалсыз үстіңізге халатты жамыла сала...

Стоп. Неге жалаңаш шықпадыңыз? Ендеше осы қалыптасқан шарттылықты культурологтар («мәдениеттанушы» емес, бұл сөзді жиіркенішті қылып бітті бізде) «мәдени қатпар» дейді.

Жалпы, культурология, егер оны біздегідей біржола домбыра мен кимешекке жапсырып тастамаса — өте қызық ілім. Қоғамдағы процестерге ең алдымен культурологтар дәл диагноз қойып берер еді. Тарихшылар, заңгерлер, журналистер, әлеуметшілер, программистер, медиктер жіп те еспес оның қасында. Бірақ бізде бәрі этнограф болғандықтан, сұрайтын культуролог жоқ. Біздің культурологтар — қазақша мазмұндағы мәдениеттанушылар. Астанадан таппадым әйтеуір культуролог.

Әлқисса, иә, 1960 жылдары культурологтар «адамға рефлекс деңгейінде сіңіп кеткен, өзі де сезбейтін мәдени қатпарды алып тастаса — қандай күйде болады?» деген мәселе қояды. Мәселені зерттей келе, адам шамамен марихуана шеккендегідей көңілді де есалаң болады деп шешеді. Кейін культурологтардың осы теориялық базасы «шындық эликсирін» (шпиондарға егіп, бәрін айтқызатын ше) жасауда қолданылған-мыс.

Яғни кей суретшілер салатындай, бағзыдағы адамдар қабағы қарс айырылып, күндіз-түні жемтік іздеп, бірі бірінің басын жаратын бақытсыз болмаған шығар. Үңгірлер ырқ-жырқ күлкіден жаңғырып жатқан болуы да кәдік.

Әрине, бұл тұспал ғана. Бірақ маған алғашқы адамдардың осы — есалаң кейпі ұнайды. Үңгір қамын ойлаймын деп маңдайы уайымнан ісіп кеткен бабаларды өздерің ала беріңдер, әхәхәхәхәә.


#ХармстыңМақамымен

КРЕАТИВ

Ілгеріде бір жиналыста мамыражай ақсақалмен бірге отырдым. Шаруадан гөрі — жастардың өздерінше тыраш тірлігіне кеңкілдеп күліп отыруға келген сияқты кәрің.

Әңгімеге мен себепші болдым. Шен-шекпенділердің президиумы толып болмағасын, «ой шеш..., енді келіп болмайды бұлар!» деп, мұрныммен күңк еткем. Ақсақал байқап қалып кеңк-кеңк күліп:
— Жоқ, жоқ балам, жоқ, күту керек, еххехехе — дегені.

— Неге? — деп едім, әңгімесін айтып берді.

— Сендер, жастар, қазір керетиф деп шауып жүресіңдер. Ендеше мына менің де аспаннан салбырап түскенім шамалы. Біз де жаңашылдыққа ұмтылдық жас кезімізде.
Қырық үшіншінің көктемінде әкемді майданға аттандырып, басы-қасында жүріп бәрін көргесін, ауданның бүкіл шаруасын мен алып қалдым. Несін жасырайын, әкемнің кей ісіне разы емес едім. Мисалы, дүйім халықты осылай иіріп, өзін күттіріп қоятын. Мен сол, ұлық болсам кішік болудан бастамақ болдым. Жиналыс сағат бесте ме, тура бесте барып, бастап кеттім. Бұған үйренбеген жұрт мені өз теңіндей көріп, ақыры сыр ашып, емен-жарқын жақсы сөйлестік. Содан көңілім тоқ, үйге келсем...

— Иә???

— Қара қағаз келіпті...

Не дерімді білмедім.


Түсініксіз.

Адам еркін Қазақстанды армандайды, бірақ сол адам - бәрінің қазақша киініп жүргенін армандайды. Бәрін заң алдында теңестіргісі келеді, бірақ қайсыбір «асылдың тұяқтары» деген кісілеріне билік бергісі келеді. «Әттең, қолымда болса...» деп өзінен өзі қорынып, бірі біріне қайшы шешімдерін жариялайды.

Бірақ осылай оттап жүріп те бір шоғыр қолдаушылар тобын жиып алуға болады екен.

Өте қызық. Қайшылығы сөйлемнің өзінен шығып тұрған жоспардың жолында өмірлерін сарп еткізуге бар. Қызық...

20 last posts shown.

56

subscribers
Channel statistics