Наурызбай қажы Тағанұлы


Гео и язык канала: Казахстан, Казахский
Категория: Религия


ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти

Связанные каналы  |  Похожие каналы

Гео и язык канала
Казахстан, Казахский
Категория
Религия
Статистика
Фильтр публикаций


Жүректі тазарту жолдары

Мүмин өз жүрегіне жіті мән берсе, жүректен келетін қазыналардың, иләһи сырлардың бұлағы түрлі зияндармен бітеліп қалмайды. Рухани кеселдерден арылып, кемелдікке жетеді.
Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде жүректі күнә, ғапылдық, дүниеге махаббат сынды дерттерден тазартудың жолдары өте көп. Олар:

1. Шынайы тәубе.

Дүние мен ақыреттегі мүминнің шамшырағы – тәубе. Тәубесі жоқ пенде – иен далада иесіз қалған малға ұқсайды. Алақан жайып Раббысынан кешірім сұрамайтын адам нендей бақытсыз?! Құдай Тағала мүминдерді тәубеге шақырып былай дейді: «Уа, мүминдер! Бәрің (күнәларың үшін өкініш білдіріп) бірауыздан Аллаға тәубе етіңдер. Сонда ғана (азаптан құтылып) мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер» («Нұр» сүресі, 31-аят).

2. Құлшылыққа берік болу

Алла Тағала қасиетті Құранда «... Намазды кемеліне келтіріп, уақтылы әрі үзбей оқыңдар, зекеттеріңді толық беріңдер, қысқасы, Аллаға және Елшісіне (не бұйырса да, не нәрседен тыйса да) қалтқысыз мойынсұныңдар! Уа, Пайғамбар отбасы! Алла сендерді настық атаулыдан толық арылтып, әбден тазартып, пәк етуді қалайды», – дейді («Ахзаб» сүресі, 33-аят). Аллаға және Елшісіне бойұсынып, құлшылыққа бекем болу – адам баласын жүрек дерттерінен тазартып, рухани кемелдікке жетелейді.

3. Салиқалы және шыншыл жандармен бірге болу

Жүректі күнәлардан қорғап, оны жақсылыққа бейім ұстау үшін төңірегіндегілерге рухани нәр беретін көкірек көзі ояу салиқалы, турашыл жандарға жақын болу шарт. Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншыл кісілермен бірге болыңдар!» – деп бұйырады («Тәубе» сүресі, 119-аят).


Ислам діні мұсылман баласын адал еңбек етіп, Алланың нәсіп еткен ризық-несібесін жинауға тәрбиелейді. Қасиетті Құранда: «Намазды оқып болғаннан соң жер бетіне тарап, Алланың нығметінен өздеріңе ырыздық-несібе іздеңдер. Алланы көп еске алыңдар, табысқа жетерсіңдер» («Жұма» сүресі, 10-аят) деп әмір еткен.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің біреулерің қолына алып, даладан құшақ отын арқалап әкеліп, сол арқылы Алланың қалауымен күн кешкені адамдардан қайыр сұрағанынан әлдеқайда жақсы» - деп еңбек етуге шақырған.

Хәкім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, еңбек етуге, адал табыс табуға өсиет еткен. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа анық бола алады. Олар – барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді», - дейді.

Ислам діні масылдыққа салынуды құптамайды. Адам атадан (оған Алланың сәлемі болсын) бастап барлық пайғамбарлар Алла Тағалаға ғибадат етумен қатар егін егіп, қой бағып, темір ұстасы болып, күнкөріс үшін құрал-сайман жасап еңбектенгені баршамызға аян. Қайыр тілеп, өмір сүру – нағыз ұят іс. Алла Тағала ақыл, сана, денсаулық, жігер бергесін адам өз бала-шағасын адал табысымен асырауға қамдануы керек.

Алла Тағала баршамызға адал еңбек етіп, мол табысқа жетіп, екі дүние игілігіне кенелуді нәсіп еткей. Әмин!


Ислам діні денсаулыққа өте жоғары мән береді. Содан болар дініміз ғибадаттардың ең негізгісі болған намазды өміріміздің соңына дейін оқуды бұйырған. Намаз оқыған адам осы бір көркем ғибадаты үшін ақыретте алатын сауабына қоса бұл дүниеде де пайдаға кенеліп, денсаулығы мығым болады. Намаздың адам денсаулығын күшейтетін бірнеше пайдасы бар. Намазда орындалатын іс-әрекеттер жеңіл, оңай болғандықтан, жүрекке салмақ салмайды (шаршатпайды) әрі күннің белгілі бір уақытында оқылатындықтан, адамды үнемі өзін белсенді қалыпта ұстайды.

Бір күнде басын сексен рет жерге қойған адамның миына көп мөлшерде тұрақты түрде қан барады. Ми клеткаларына қан жақсы жеткендіктен, намаз оқитын адамның жаттау қабілеті жақсарады және ұмытшақтыққа (склероз) ұшырамайды. Мұндай адамдар үнемі салауатты өмір салтын сақтайды. Адам рукуғта тұрған кезде денесі тең жартысына дейін иіледі, сөйтіп басқа қанның баруы жақсарады.

Тәулігіне кемі бес рет орындалатын намаз тәнді үнемі қозғалыста ұстап, буындар, бұлшық еттер мен тамырларды жандандырады, артроз (артрит), остеохондроз сияқты аурулардың, соның ішінде буынға тұз жиналудың алдын алады. Физикалық жұмыспен айналыспайтын адамдардың тамырының тығындалуына тосқауыл болады.

Адам денсаулығының жақсы болуы тәнінің тазалығына байланысты. Намаз оқыр алдында алынатын дәрет пен ғұсыл – нағыз тазалық. Шынында, намаз әрі физикалық, әрі рухани тазалық болып есептеледі. Денені де, жанды да тазартпай тұрып намаз оқуға болмайды. Ал намаздың барлық шартын орындаған адамның рухани дүниесі таза, физикалық тұрғыдан белсенді болады.


 Ал Алла елшісі ұялшақтығы себепті ешкімге өзіне ұнамайтын нәрсені ашып айта салмайтын. Біреу туралы өзіне ұнамаған нәрсе жайлы естісе, оның атын атамай: «Былай жасап жүрген адамдарға не болған?!» –деп ар мен ұятты үнемі жоғары ұстанатын.
Алла Тағала баршамызға ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тақуалығы мен ержүрек батырлығын, шыншылдығы мен кішіпейіл мінезін, әділдігі мен сабырлығын, жомарттығы мен шешендігін, биязылығы мен байсалдылығын, кешірімділігі мен мейірімділігін нәсіп еткей! Аллаға лайықты құл, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лайықты үмбет болуды жазғай! Әмин!


Сый-сияпатын беріп, бетін қайтармайтын. Өткені оның жаны да, қолы да жомарт еді. Әнас ибн Мәликтен (оған Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте бір кісі Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі таудың арасындағы қойды (яғни екі таудың арасын толтыратындай көп қойды) сұрағанда Алла елшісі әлгі кісінің сұраған малын береді. Кейін ол тайпасына келіп: «Уа, тайпаластарым! Исламды қабылдаңдар! Алламен ант етейін, ақиқатында Мұхаммед кедейліктен қорықпастан сұраған нәрсені бере салады екен», – дейді. Әнас ибн Мәлик (оған Алла разы болсын) осы хадисті айтқан соң былай деген: «Егер бір адам Исламды дүниені ғана қалап қабылдаса, дінге кірген кезінде Ислам ол үшін дүние мен ондағылардан сүйіктірек болып кететін».
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өте батыл кісі болды. Ол Алладан басқа ешкімнен қорықпайтын. Қандай жағдайға тап болса да, оны ержүрек қасиетімен қаймықпай қарсы алатын. Асылында жорықта алғы шепте жүріп, жауға бірінші болып тойтарыс беру – көшбасшыға тән қасиеттің бірі. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соғысқа тікелей араласқан. Ешқашан шайқастан тайқып қашқан емес. Бұған әйгілі сахаба Әлидің (оған Алла разы болсын) мына сөзі дәлел: «Біз соғыс қызған кезде Алла елшісіне арқа сүйейтінбіз, ал ол ең алғашқы шепте жүретін». Ал Бара есімді сахаба: «Алла атымен ант етейін, соғыс қызған шақта біз оны пана тұтатынбыз, арамыздағы қас батырдың өзі оған жақын жерде жүретін», – деген.
Хунайн шайқасында мұсылмандар әскері түгелдей соғыс майданынан артқа шегінген сәтте де ержүрек Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) майдан алаңын бір сәтке де тастап кеткен жоқ. Осы кезде Алла елшісінің жанында бар-жоғы алты адам қалған еді. Осындай сын сағаттарда Алла Тағала тарапынан мынадай аят түседі: «(Мұхаммед!) Алланың жолында соғыс. Саған өзіңнен басқа үшін жүк артылмайды. Әрі мүминдерді ынталандыр. Алла кәпірлердің соққысын, әлбетте қайтарады. Алла соққы берген кезде өте күшті әрі жазалағанда да өте күшті» («Ниса» сүресі, 84-аят). Бұл уахи Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерекше күш берді. Бір кісі сахаба Барадан (оған Алла разы болсын): «Сендер Хунайн  шайқасында қаштыңдар ма?» – деп сұрайды. Сонда әлгі сахаба: «Мен куәмін, Пайғамбар қашқан жоқ», – деп жауап береді.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жаратушы Иеміздің қасиетті Құрандағы: «Алла әділдікке, жақсылыққа бұйырады» («Нахл» сүресі, 90-аят); «(Оларға): «Мен сендердің араларыңа әділдік етуге бұйырылдым» деп айт» («Шура» сүресі, 15-аят) деген әмірлеріне бойсұнған күйде адамдардың ішінде ең әділ жан болды. Оған мына оқиға дәлел. Бірде бәну махзум руынан шыққан бір әйел ұрлық істеп ұсталады. Шариғат бойынша ұрлық жасаған адамның қолы кесілу керек. Осы кезде құрайыш руының өкілдері әлгі әйелге қатты жаны ашиды. Ақылдаса келе араша түсер адам іздей бастайды. Пайғамбарға айтуға басқаның батылы жете қоймас деген шешіммен оның жақсы көретін адамы Усама ибн Зәйдке (оған Алла разы болсын) өтініш жасайды. Сөйтіп оны Алла елшісінің алдына жібереді.
Әйелге араша сұрап келген Усамаға (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Алланың үкімдерінің біріне ара түскің келе ме?». Осыдан кейін Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) халық алдына шығып: «Сендерден бұрынғыларды құртқан жағдай: олар егер беделді адам ұрлық істесе, оны жайына қалдырып, әлсіз адам ұрлық істесе, оған үкім қолданатын. Алла атымен ант етемін! Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық істесе де, қолын кесер едім», – деген.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өте ұялшақ, ар мен ұятты бәрінен жоғары қойған жан еді. Ол ешкімнің жүзіне тіке қарамайтын. Жанарын төмен түсіріп, көзі мен өзін қиянаттан сақтайтын. Әбу Сағид әл-Худри (оған Алла разы болсын): «Пайғамбар шымылдық ішіндегі қыздан да қатты ұялшақ еді. Егер бір нәрсені жақтырмаса, оның жүзінен білінетін», – деген. Біз кейде білместікпен, әр нәрсенің байыбына бармастан жан-жағымыздағы адамдарға өздері ұнатпайтын нәрселерді айта саламыз.


Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі мен тұлғасының кемелдігін сөзбен көркемдеп жеткізу мүмкін емес. Оның адам жүрегін жаулап алар жоғары адамгершілік қасиетінің шыңы сондай, маңайындағы адамдар Алла елшісін қорғауда шыбын жанын қиып, шынайы достықтың керемет үлгісін көрсетті. Жер бетінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) секілді мұндай құрметке ие болған жан баласы жоқ.
Хақ елшімен қарым-қатынаста болған адамдар оны жақсы көріп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) табанына кірген тікен өздерінің маңдайына қадалуын қалайтын. Мұндай сипатқа ешбір адам ие болған емес. Өйткені оның жүректерге жеткізе сөйлейтін сөзі мен ізгілікке бастайтын ісі кез келген пенденің жан-дүниесін тебірентпей қоймайтын.
Ол шешендігімен ерекшеленіп, өзгелерге қарағанда артық қасиетке, қабілетке ие болды. Анық сөйлеп, дөп айтып, шындықты ғана жеткізіп, шешен сөздерімен жүректерге әсер ететін. Біз көп жағдайда шешендік өнерді ағын судай толассыз сөз тізгінін ағытатын адамның ділмәрлығымен өлшеп жатамыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдармен тіл табысқанда қиын тіркес іздеп қиналмайтын. Көбіне ұғынуға жеңіл, қабылдауға оңай сөздерді қолданатын. Ол аз сөзбен көп мағынаны қамту қабілеті дарыған теңдессіз жан еді.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір мен құлшылықтың мәнін ұқтыратын, адамдармен қарым-қатынасты реттейтін, күмәнді нәрседен аулақ болуды үйрететін төрт хадисті айтып кеткен. Хадис саласының мәшһүр ғалымы Әбу Дәуіт (оған Алла разы болсын) былай дейді: «Барлық хадистер ішінен ақылды адам үшін мына төрт хадис жеткілікті: «Барлық амал ниетке байланысты бағаланады»; «Адамның өзіне қатысы жоқ пайдасыз істерді тәрк етуі – оның көркем мұсылманшылығының белгісі»; «Кімде-кім өзіне қалағанды мұсылман бауырына да қаламайынша, толық иман еткен болмайды»; «Халал – айқын, харам – айқын. Бірақ бұлардың арасында сақтануы керек көп адам біле бермейтін күмәнді мәселелер бар».
Ислам ғұламалары осы төрт хадиске қатысты мынадай пікір білдірген екен: «Құлшылық-ғибадатты дұрыс орындау үшін бірінші хадис жеткілікті. Баға жетпес өмірді бос істерге зая етуден сақтану үшін екінші хадис жеткілікті. Туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаң, айналадағы адамдардың ақысын арқаламау үшін үшінші хадис жеткілікті. Күдік пен күмәннан құтылуға төртінші хадис жеткілікті».
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алладан көркем мінез-құлық сұрап: «Уа, Алла! Мені ең жақсы амалдарға және ең жақсы мінез-құлыққа баста. Олардың жақсыларына Сен ғана бастайсың. Сондай-ақ мені жаман амалдар мен жаман мінез-құлықтан сақта! Олардың жамандарынан Сен ғана сақтайсың, Уа, Алла! Жаратылысымды көркем еткеніңдей мінез-құлқымды да көркем ет!» – деп жиі дұға ететін. Ол Құранда құпталған істерге разы болып, теріске шығарылған істер үшін қамығатын. Осылайша Алла Тағаланың бұйрықтарына бағыну оның мінез-құлқына, табиғи болмысына айналды.
Оның бойындағы ұстамдылық пен төзімділік, сабырлық пен даналық сынды қасиеттер Алла Тағала сіңірген көркем сипаттар еді. Адамдардың дөрекі сөздері мен істері Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сабырлығын, шектен шыққан әрекеттері ұстамдылығын арттыра түсетін. Ол сахабаларын әрдайым сабырлыққа шақырып: «Адамдармен араласып, олардың қылықтарына төзген мүмин адамдармен араласып, олардың қылықтарына төзбеген мүминнен жақсы», – деген өсиетін жиі айтатын.
Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдарға үлес беріп жатқанда бір мәдиналық кісі «Мына үлеспен Алланың дидары көзделген жоқ» деген сөзді таратады. Яғни ол үлес әділ бөлінбегенін айтып, наразылығын білдіреді. Абдулла ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) бұл сөзді Алла елшісіне жеткізеді. Сол кезде оның реңі бұзылып: «Алла Мұсаға рақым етсін! Оны бұдан да көп ренжіткен кезде сабыр еткен», – дейді. 
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жомарттығына жан баласы жете алмайтын. Дүниелік нәрселерді сұрап келген адамдарға кедейліктен еш қорықпай, сұрағанын ойланбастан бере салатын.




Намаз – діннің тірегі әрі сауабы мол құлшылық және Аллаға ең ұнамды іс. Намаз құлшылықтың төресі болғандықтан оны қазаға қалдырмай, кешіктірмей оқу – міндет.

«Мүминдер құтылды. Олар намаздарында шынайы берілген (бағынышты) жүрекпен тұрады («Муминун» сүресі, 1-2-аят) десе, келесі аятта: «Кітаптан өзіңе уахи етілгенді оқы. Намазды толық орында. Негізінде намаз арсыздық пен жамандықтан қайтарады», – деген («Анкабут» сүресі, 45-аят).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Намаздың алғашқы уақытында Алланың разылығы бар, соңғы уақытында кешірімі бар», – деп айтқан (имам Тирмизи).


Жалқаулыққа салынып, намазды соңғы уақытына дейін кешіктіру немесе уақыт өтіп бара жатқанда міндетінен тез арада құтылу үшін тек парызын ғана оқи салу – екі жүзділікке жетел
ейтін жаман әдет. Құранда екіжүзділердің намазы жайында былай дейді:

«Сондай намаз оқушыларға нендей өкініш! Олар намаздарына немқұрайлы қарайды (ғапылдықпен оқиды)» («Мағун» сүресі, 4-5-аяттар).

Сөзімізді Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахаба Муазға әр намаздың соңында оқы деп өсиет еткен дұғасымен аяқтайық:

«Уа, Алла! Сені әрдайым еске алуымды, Саған шүкіршілік етіп, Өзіңнің талабыңа сай құлшылық етуімді нәсіп ете гөр!»




Сүннет дегеніміз – Пайғамбарымыздың өмірі, жүріп өткен жолы, күнделікті істері мен әдептері. Сол үшін кез келген мұсылман ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне махаббат қойып, ынта-ықыласпен орындайтын болған.

Халқымыздың шайыры Балмағамбет Балқыбайұлы:
Баламнан кем болмайды барлық үмбет,
Үмбетім тәрк етпесе қастан сүннет.
Сүннетті орындаушы үмбетіме,
Махшарда шапағат істеу – маған міндет,
– деп сүннетке ден қойған мұсылманға ақыретте Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағаты болатындығын айтып өткен.

Сол секілді қазақтың әулиесі Мәшһүр Жүсіп «Үмбетім, жұмыла сындан бола алмайды, тәрк қылып сүннетімді, дүние жиған!» – деп жырлаған екен. Яғни, мұсылманның баласы әрбір ісінде, жүріс-тұрысында оған ұқсауға, сүйіктісі ұнатқан нәрсені ойланбастан қабылдауға құмбыл тұрады.

Кісі сүйіктісінің есімін әрдайым жад етеді. Пайғамбарға шын махаббат қоюдың белгісі – шын жүрекпен айтылған салауат. Мұхаммед ибн Әбдурахманнан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Дүниеден өткен соң маған салауат айтқан мүминнің сәлемін Жәбірейіл жеткізіп: «Уа, Мұхаммед! Пәленшенің ұлы Түгенше саған сәлем жолдады», – дейді. Оның сәлеміне: «Уағалейкум әссәләм уа рахматуллаһи уа бәракатуһу», – деп жауап беремін», – деген.

Жүсіпбек қожа өз жырында Пайғамбарымызға салауат арнап былай дейді:
Уәссалату уәссалам Пайғамбарға,
Шапағат қыл сүннетің қылған жанға.


Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған көл-көсір салауат айтқан мүмин қияметте менімен бірге болады», – дейді.


Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, қиямет күні Алла да оның айыбын жасырады», – деген.

Кісі аңдушылық – кісі айыбын өзгелерге әшкерелеу екенін аңғартады. Бір-бірін жақсы көрген мұсылман арадағы пендешілік кемшіліктерді жасырып, қателіктерін кешіріп, мерейін тасытып жүреді. Әйгілі ислам ғалымы Мұхаммед ибн Иазид былай деп айтады:
«Мен Халилге бардым. Ол шағын кілемшенің үстінде отырған еді. Мені көріп ығысып, маған орын берді. Мен оның онсыз да тар жерін, одан әрі тарылтқым келмей, қасына отырудан бас тарттым. Сөйтсем, ол мені қолымнан ұстап, өзіне жақындатты да: «Бір-бірін Алла үшін жақсы көрген пенделерге иненің тесігі де тар болмайды. Бірін-бірі жек көрген адамдар үшін дүниенің кеңдігі де түк болмайды», – деп айтты.

Расында да бір-бірін жақсы көрген адамдарға кең дүние тарлық етпейді. Өзгелерді ұнатпайтын іші тар адам кең дүниеге сыймай, жоқ жерден пәле іздеп, адамның кем – қателігін аңдысып, жаманшылыққа жаны құмартып жүреді. Ал мұның соңы зор өкінішке әкеледі. Мұсылмандардың айыбын жария етпеу, ішінара аңдысып, арсыздық етпеу керек екені мына аят бізге баяндайды: «Шынымен де мүминдердің ішінде арсыздық жайылуын жақсы көргендерге дүние мен ақыретте күйзелтуші азап бар. Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Нұр» сүресі, 19-аят).

Адамның басқан ізін аңдып, артынан бәле іздеп, кем-кетігін шұқылау – жиіркенішті әрекет. Өзің ұнатпаған жанның кемшілігін жіпке тізіп, мін іздеп, жеке өміріне, ар-намысына тиісу шариғат тұрғысынан дұрыс іс болып саналмайды. Құранда: «Уа, мүминдер! Бір-біріңді аңдымаңдар», – деп бұйырады («Хужурат» сүресі, 12-аят).


Құрметті қауым!  
Халқымыз 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, боздақтардың рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштайды. Бұл – зұлмат заман мен зобалаң нәубетті жылдардан сабақ алатын сәт.
Талай тауқымет пен зұлмат заманды көрген ұлтымыз сындарлы сәттерде рухын түсірмей, ынтымағын ыдыратпай, тәуелсіз ел болуға ұмтылды. Аллаға шүкір, кешегі бабаларымыздың аңсаған арманы бүгін шындыққа айналды.
Бүгінде елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқеавтың бастамасымен зұлымдықтың құрбаны болған азаматтарды толық ақтау, оларға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүруде. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытындағы сауапты іске дін қызметкерлері де орасан үлес қосып келеді.
Бүгін еліміздегі дін қызметкерлері азалы күндерде ажал құшқан ата-бабаларымыздың рухына арнайы Құран аятын бағыштап, дұға жасауда. Жаратушы Иеміз ізгі ниетіміз бен игі амалымызды қабыл еткей. Алла Тағала боздақтарымызды панасына алып, рухын шат еткей. Әмин.




Қасиетті Құранды оқу – пендені Жаратушысына жақындататын ұлы құлшылық. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

«Сондай-ақ Құранды өте анықтап оқы», – деп бұйырады («Мүзәммил» сүресі, 4-аят).

Құранды оқып, жаттап қана қоймай, ондағы әдеппен әдепті бола білу, Құран аяттарында сипатталған көркем мінезді өзінің мінезіне айналдыру – әрбір мұсылманның басты мақсаттарының біріне айналуы тиіс. Айша анамыздан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінезі жайында сұрағанда: «Оның мінезі – Құран еді», – деп айтқан. Шынымен де, Құранның әрбір аятына амал еткені соншалық, Пайғамбарымыз «Адамдар арасында жүрген тірі Құран еді» деп сипатталған болатын.

Құранға ғашық адам оны оқыған кезде жүрегі ерекше күйге түсіп, одан рухани ләззат алады. Хазіреті Осман (Алла оған разы болсын): «Жүректерің тазарған болса, Жаратушыларыңның сөзі Құранға тоймайтын едіңдер», – деп айтқан. Ендеше Құранды оқығанда, тыңдаған кезіміздегі жүрегіміздің қандай күйде болатындығына мән беру аса маңызды. Жүрегі Жаратушысы мен Оның елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббатқа толы адам Алла Тағаланың кәләмі оқылып жатқанда бей-жай күйде болмауы тиіс.

Абдулла ибн Масғұд (Алла оған разы болсын): «Жүрегіңді үш жағдайда тексер. Олар:
1. Құран тыңдағаныңда;
2. Алла Тағалаға зікір етілгенде;
3. Жалғыз қалған уақытыңда.

Осы үш жағдайда жүрегіңде ләззат болмаса, онда Алла Тағаладан өзге жүрек сұра. Себебі сенде (таза) жүректің жоқ болғаны», – деген.



Уа, Аллам! Қасиетті Құранды біздің жүрегіміздің көктемі, кеудеміздің нұры, әрі қайғымыз бен уайымымызды кетіруші ете көр!


Ата-анаға құрмет көрсету – перзенттің мойнындағы міндеті. Ол құрметтің шегі мен мерзімі жоқ. Ата-ананың разылығы Алланың разылығы, ал ашуы Алланың ашуына себеп болатынын мына хадис баян етеді:

«Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында» (имам Тирмизи).

Алла Мұса пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) былай деп ескерткен: «Ей, Мұса! Менің қасымда «жаман сөз» сондай ауыр, оның ауырлығы жер жүзінің топырағының салмағындай», – деді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын): «Уа, Раббым, ол қандай сөз?» – деп сұрағанда, Хақ Тағала: «Ата-ана перзентін шақырғанда бармай, ешқандай құлақ аспай, жоқ бармаймын, сенің айтқаныңды тыңдамаймын», – деп қасарысып, олардың көңілін қалдыратындай, жаман сөз айтуы», – деп жауап берген.

Ата-анаға құрмет пайғамбар өсиет еткен, жұмаққа жетелейтін ұлы амал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Кімде-кім күнін Алла ризалығы үшін ата-анасына бойұсынған күйде бастаса, оған екі бірдей жәннаттың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса, бір есігі ашық болады. Егер кімде-кім ата-анасына бойұсынбаған күйде кешті батыратын болса, ол үшін екі бірдей тозақтың есігі ашық болады, егер біреуі тірі болса, бір есігі ашық болады». Сол кезде бір адам орнынан тұрып: «Ол екеуі оған зұлымдық жасаса да ма?» – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, зұлымдық жасаса да», – деп үш мәрте қайталады.

Жарық дүниеге келуімізге себеп болған ата-анамыз үшін әрдайым игі дұғада болу – перзенттік борышымыз. Мына бір дұғаны ата-анамыз үшін оқып жүрейік:

«Екеуіне кеңпейілдік пен мейірім құшағыңды жай да: «О, Раббым! Бұл екеуін мені кішкентайымнан мәпелегеніндей, сен де оларды мейіріміңе бөлей гөр!» деп айт» («Исра» сүресі, 24-аят).


Адам баласын екі дүниеде бақытсыздыққа апаратын қасіреттің бірі – тәкаппарлық. Тәкаппарлық өзін басқалардан үстем, жоғары көру дегенді білдіреді. Тәкаппарлық – Алла Тағала сүймейтін, адамдыққа жат сипаттардың бірі. Ал көкіректік – адамды өзгелерден жоғары ұстауға итермелейтін ішкі сезім, жағымсыз мінез-құлық. Сондықтан ондай қылығын байқаған мұсылман бірден Алладан кешірім сұраса, ақыреттік азаптан құтылады. Ислам мұсылман пендеден менмендікті жоюды талап етеді. Өйткені ақыреттегі мәңгілік бақытты ғұмыр осынау озбыр мінезден аулақ болғандарға бұйырмақ.

Баршамыз Алла Тағаланың жаратқан пендесіміз. Пайда мен зиян Жаратушы Иемізден келетінін, өзімізге берілген нығметтің барлығы тек Алланың қалауымен болатынын ұмытпайық.

Қатерлі дертке айналған бұл індет қаншама адамның ақыретін тозақы ететін болады. Жаратылыс тарихындағы ең алғаш күнә осы тәкаппарлықтан басталды. Ол күнәны бастаған Ібіліс шайтан болатын. Құранда ол жайында былай деп баян етіледі: «(Уа, адамзат!) Біз сендерді жаратып, бейнелеп, сосын періштелерге: «Адамға сәжде етіңдер», – дедік. Сонда олардың барлығы сәжде етті де, тек Ібіліс сәжде етушілерден болмады. Сонда Алла: «Мен бұйырған кезде сенің сәжде жасауыңа не кедергі болды?» – деп сұрады. Сонда ол (Ібіліс): «Мен одан артықпын! Сен мені оттан жараттың, ал оны топырақтан жараттың», – деп менменсіді. Сонда Алла: «Сен ол жерден (жәннаттан) түс! Ол сенің тәкаппарланып жүретін жерің емес. Дереу шық. Сен енді қор болғандардансың», – деді» («Ағраф» сүресі, 11-13-аяттар).


Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Тәкаппарлықтан сақ болыңдар! Расында Ібіліс Адамға тәкаппарлықтан сәжде етпеген болатын».


Тәкаппарлық – жүректің түбінен орын табатын жаман қылық, өзін өзгеден биік көріп, басқаларға көздің астымен қарап, пендешілікке ұрындырады. Адамның мұндай мінез-құлқы ұнамсыз ғана емес, көрсоқырлықтың келеңсіз көрінісі Алланың құзырында адамның адамнан несі артық? Әрине, тек тақуалығы ғана артық.


Туыстық қарым-қатынасты сақтаудың мұсылман адам үшін мән-мағынасы өте үлкен. Ыбырай Алтынсарин атамыз: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» демекші, туыс-туғанмен қарым-қатынастың бір әулетті ғана емес, жалпы қоғамдық бірліктің берік болуына ықпалы зор. Қазақ халқы бұндайда: «Туысы бірдің – уысы бір», «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», «Мал қонысын іздейді, ер жігіт туысын іздейді» – деуі де осыдан. Алла Тағала қасиетті Құранда пенделеріне туысқандық қарым-қатынасты сақтауды бұйырып:

«Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және арсыздықтан, қарсылықтан һәм зорлық көрсетуден тыяды. Сендерге насихат береді. Әрине түсінерсіңдер», – деп айтқан. («Нахыл» сүресі, 90-аят).

Әбу Әйюб әл-Ансари (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте: «Бір күні бір адам Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Маған жәннатқа кіруіме көмектесетін бір амал айтыңыз», – дегенде, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға құлшылық ет, әрі Одан басқа ешкімге құлшылық етпе, намаз оқы, зекет бер және туысқандық қарым-қатынасты сақта», – деді», – делінген.

Туыстық қатынасты сақтаған адамның Алла Тағала ризығын молайтып, өмір жасын ұзартады. Хадисте: «Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туысқанымен қарым-қатынасын үзбесін», – деп айтқан. Кейбір ғалымдар хадистегі «өмір жастың ұзаруына» қатысты: «Алла Тағала ол адамның өміріне берекет беріп, әрі ризық-несібесін молайтады. Әрі сол арқылы ол адам өзінің өмірінде басқалардың шамасы келмеген істі істеп үлгереді», – деп түсіндірген.


Мұсылмандардың мәртебелі міндеттері мен парыздарының ең ізгілері: адал жолмен тапқан таза киімді кию, адал жеп, ішу, ілімді үйренуге ұмтылу, бір күндік тамағы жоқ кісіге садақа беру, жетімнің малын жемеу, адал кәсіп ету, отбасын адал кәсіп етіп, адал өмір сүруге тәрбиелеу.

Адам баласына өмір сүру үшін аздаған болса да қаржының, тіршілікке керекті мал-мүліктің қажеттілігі анық. Алайда адамға бұлардың жолында туралықтан тайқып кетуіне, қандай да бір адасушылыққа жол берілмеуі керек. Ең бастысы – адам бойындағы имандылық құндылықтары сақталып қалуы тиіс.

Алла Тағала сүйген құлын ғана тура жолға салады және оған қалағанынша ризық-несібе береді. Ата-бабаларымыз «Құдай деген құр қалмас» деген.

Хакім Абайдың (Алла оны рақымына алсын) қара сөзінде: «Құдайдан мал тілейсіңдер, неге керек етейін деп тілейсіңдер? Әуелі, Құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай Тағала саған еңбек етіп дүние табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп етерлік орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарп етуді білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғынарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек етсе, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол. Бұл – Құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам тонағандық, тіленшілік. Ешбір қазақ көрмедім, дүниені иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айырылады» - деп айтады.

Шын мәнінде, кімде-кім бала-шағасын, отбасын адал жолмен асырау мақсатында шынайы еңбек етсе, оның мерейі тасып, ырысы асатындығы сөзсіз. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құранда:

«Уа, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» - деп бұйырған («Бақара» сүресі, 168-аят).


Ислам діні қазақ топырағына сонау VIII ғасырда жетті. Түркі халықтары хақ дінді өзгенің өктем әрекетінен емес, керісінше өзінің жүрек қалауымен саналы түрде қабылдады. Осы кезден бастап түркі жұрты асыл діннің әмірлері мен тыйымдарының түпкі мәнін түсініп, Ұлы Жаратушыға құлшылық жасай бастады.

Дала халқының байырғы дағдылары мен салт-дәстүрлері шариғатпен үндесіп, әлемдік өркениетке қадам басты. Тарихшыларымыз айтқандай, түркі халықтары мұсылмандықты қабылдаған соң бір қырдан асып кеткендей болды. Осы сәттен бастап Ислам діні қазақ халқының рухани тірегіне айналды. Қасиетті Құран Кәрімдегі үкімдерге амал ету, оны ұрпаққа аманат ету бабаларымыздың басты мақсаты болды.

Құран оқу – дертке шипа, жанға дауа. Адам баласы Құран оқу арқылы ерекше сезімге бөленеді. Алланың сөзін оқыған сайын ықыласың арта береді. Осы ретте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан мына бір хадис адамға ерекше ой тастайды: «Шын мәнінде, Құранның мысалы – аузы жабылған хош иіссудың құтысы секілді. Егер оны ашсаң, жұпар иісі аңқиды. Ал егер оны ашпасаң, жұпар иісі пайдаланылмай тұрады. (Міне, бұл өзің оқыған) Құранның және (оқылмай) көкірегіңде қалған Құранның мысалы».

Құранды ашып, оны оқып, аяттардың мағынасына терең бойлаған сайын жаның тыныштық тауып, жүрегің ерекше сезімге кенеледі. Құран оқыған сайын бойымызда сабырлық, байсалдылық, қарапайымдылық, кез келген кісімен көркем мәміле жасай алатын жақсы мінез қалыптаса бастайды.

Құран оқылған үйге Алланың берекесі мен тыныштығы орнайды. Құран оқылған үй ерекше нұрға бөленеді. Бұл туралы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген екен: «Жер бетіндегілерге жұлдыздар қалай көрінсе, Құран оқылған үй де көктегілерге дәл солай көрінеді».


Алла Тағала қасиетті Құранда отбасында ер адамның рөлі мен орнын ерекше атап өткен. «Ниса» сүресінің 34-аятында былай делінген: «(Әйелді нәпақамен қамтамасыз ету, қорғау және тәрбиелеу ер адамның міндеті болғандықтан) нағыз ерлер – әйелдерге басшы һәм қорған. Мұның себебі, Алланың кей адамдарды кейбіреуінен (басқару, қорған болу, қамқорлық жасау сынды мәселелерде) әлдеқайда артық (әрі қабілетті етіп) жаратқандығы, сондай-ақ ер адамдардың (әйелдеріне мәһір беру һәм отбасының нәпақасын табу сынды) маңызды жауапкершілік арқалағандығы...»

Расында Алла Тағала бұл аятта нағыз ер адам ғана әйелге әрқашан қорған болатынын ерекше меңзеп тұр. Сонымен қатар, отбасын асырау, бала-шағаны жақсылыққа тәрбиелеу ер азаматтың асыл міндеті екенін баяндаған. Бұл аят ер адамға барлық істе үстем, биік болу керектігін үйретуде. Демек үлгі-өнеге көрсетуде ер азамат алдына жан салмауы тиіс. Ер адам ешқашан ұсақталмауы керек.
Ұсақталу – жігіттің қасіреті. Әр нәрседе ұсақтала беру – әлсіз адамға тән сипат. Өзінің биік дәрежесінде қалған ер ғана отбасын, айналасын жақсылыққа жұмылдыра алады.



Ұсақталмауға итермелейтін жақсы қасиеттің бірі – әйелдің кейбір майда істерін елемеу және әрқашан кешірім жолын ұстану. Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Мүминнің мінезінің ең абзалы – кешірімділік», - деген екен. Халық арасында «Отбасында ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деген сөз бар. Ас үйдегі әрбір сылдыр еткенге еркек араласа берсе, қадірі қашпай ма?

Кейде ондай ұсақ-түйек нәрселерді елемеудің қайыры көп. Себебі әйелдің көңіл-күйі құбылмалы. Нәзік жандылар күніне қаншама эмоцияны бастан кешеді. Әйел эмоциясын шығару арқылы көңілі жай табады. Осы сәтте ер адам өткізіп жіберсе, әрқашан тәрбиелеуші тұлғаның дәрежесінде қалады. Ал керісінше әрекет жасап, әйелімен жарысып, ашуға берілсе, оған үлгі-өнеге болу қасиетінен айырыла бастайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мүмин ер кісі мүмин бір әйелге ренжімесін. Адам әйелінің бір мінезін ұнатпаса, басқа мінезіне риза болады», - деп өсиет еткен.

Показано 20 последних публикаций.